Алматылық Кристина Мексикада тұрады

27.08.2018
Қаралды: 289

Кешегі жексенбіде болған отандасымыз, әлемге әйгілі боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек жайлы әлі де әртүрлі әңгімелер айтылуда. Кейбіреулер бұл кездесудің артында ықпалды адамдардың тұрғанын, ал Головкин мәжбүрлі түрде жеңілгенін айтады. Тіпті оны осы жеңілісі үшін айыптап, түрлі ғайбат сөздер жазғандар да жетерлік.

 

Ал бүгінде Мексиканың Мехико-сити қаласында тұратын Кристина Константинованың пікірі мүлдем басқаша. Ол желідегі жазбалармен мүлдем келіспейді.

 

«Мен Алматы қаласында, 1992-жылы, Тәуелсіздік мерекесіне бір күн қалғанда дүниеге келгенмін. Содан болар, әділдікті қалаймын. Тәуелсіз болғанды, ешкімге жалтақтамауды, керек жерінде өз пікірімді ашық, тайсалмай айтқанды жақсы көремін. Кешегі Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жек туралы сөздерге шыр-пыр болғаным да сондықтан, – дейді Кристина. – Мен Мексикаға былтыр, құрбымның тойына келгенмін. Кейін қаламын деп шештім, жұмысқа орналассам деген мақсат қойдым. Қазір испан тілін үйреніп жүрмін. Модель болып табыс табамын. Осы жақтан өзімнің сүйіктімді кездестірдім. Бұйыртса, таяу уақытта екеуміз бірге Алматыға қыдырып барамыз деп жоспарлап отырмыз.

 

Айтайын дегенім, Мексика мен кешегі жекпе-жек өткен Лас-Вегас қаласының ара қашықтығы ұшақпен ұшқанда 3-4 сағатты құрайды. Мұндай жағдайда мексикалықтардың көптеп келуі, «Канелоны» жақтап, залды жара айқайлауы қалыпты жағдай. Мексикада халық өте көп. Сосын спорт фанаттары, әсіресе боксты жақсы көретіндердің қатары қалың. Менің ойымша, судьялар мұны да есепке алды. Оның үстіне, екі боксшының жас айырмашылығы да әжептеуір. 36 жастағы Головкин мен 28-дегі Аль­варесті салыстырсақ, мексикалық боксшының ширақ, ойнақы көрінуі де табиғи жағдай деуіміз керек. Аман болсақ, Альварестің де 36 жасқа келгенін көрерміз. Сонда ол біздің Головкиніміз секілді өз биігінде қала алар ма екен? Сондықтан, мен өзімнің отандастарыма, Головкин жайлы жағымсыз пікір айтпаңыздаршы дегім келеді».

 

Кристинаның сөзіне сенсек, мексикалықтардың арасында Головкин жеңеді деп сенгендердің қатары көп болыпты. Арасында букмекерлік кеңсеге қомақты қаражат тігіп, соңынан сан соғып қалған мексикалықтарды естіпті. Тіпті Крис­тининаның сөз байласқан жігіті де соңғы сәтке дейін Головкин басым түсті деп ойлаған екен.

 

«Бокс тарихын алып қарайтын болсақ, ресейлік атақты боксшы Магомед Абдусаламовтың кезекті бір жекпе-жектен кейін сал болып қалғанын, әлі күнге дейін аяқтан тұра алмайтынын жақсы білеміз. Ал кешегі Денис Тен ше? Қайдағы бір айна үшін өмірден өтіп кете барды. Осыларды ойлай келе, Головкиннің аман-есен жүргеніне шүкір дейік. Ол Сауль Альварестен жеңілген жоқ. Тағы да тең түсті.  Тек дәл сол күні мексикалықтар тәуелсіздік күнін тойлады. Сол да Альварестің жеңіске жетуіне ықпал етті. Оны мойындау керек.

 

Дегенмен де Генамыз өз биігінен түскен жоқ. Ол Қазақстан үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. «Қазақстаннан келдім» десем, мұндағылар маған бірден «Головкиннің елінен бе?» деп сұрайды. Сол үшін оны шын жүрегіммен құрметтеймін. Аман болса әлі де топ жарарына сенімдімін», – дейді Мехико-ситиде тұратын жерлесіміз.

 

Орайы келгенде біз Кристинадан Мексика жайлы айтып беруін өтіндік. Кристина бізге былай деді: «Мексика 2240 метр биіктіктегі тауда орналасқан. Күндіз ыстық, таңертең және кешке айтарлықтай салқын болады. Өте әдемі, табиғаты әсем ел. Мен тұратын Мехико қаласы ең ірі әрі халқы тыңыз орналасқан қала болып саналады. Халық саны бойынша Токиодан кейін екінші орынды иеленеді. Таумен қоршалған, көркем алқапта орналасқан. Бірақ қылмыс жиі орын алады. Бұл елде байлар мен кедейлердің айырмашылығы жер мен көктей, көзге бірден түседі. Егер өмір сүру деңгейіңіз қалыпты нормадан асып кетсе, яғни елден ерекшелене бастасаңыз, онда өміріңізге қауіп төнері анық. Көлік тонайтын, үйді үптеп кететін қылмыскерлер өте көп.

 

Таяуда ғана мексикалықтар өздерінің жаңа Президенттерін сайлап алды. Жаңа басшы елге ерекше өзгеріс әкелетін шығар, қылмыс азаятын шығар деп халық күтіп жүр.

 

Тұрғындардың көпшілігі бала туыл­ғанда қатарынан екі есім қояды. Мысалы, Адди Мария, Карлос Антонио сияқты. Ал медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Бірақ оның сапасы сын көтермейді. Дұрыс емделгіңіз келсе, ақылы бөлімге барасыз. Білім беру де тегін. Мектеп оқушылары тегін тамақтанумен, киіммен қамтамасыз етіледі. Университетте де шәкіртақы беріледі. Бірақ көбісі оқығысы келмей, бірден жұмысқа орналасуға асығады. Қысқаша айтар болсам, осылай...»

 

Алыста жүрсе де туған жері, жерлес боксшысы үшін жанкүйер болған Кристинадан біздің білгеніміз осы болды.

 

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ