Ерінбей еңбек еткен екен...

27.08.2018
Қаралды: 220

Редакциямызға шымкенттік Құндыз Баратбаева есімді әйел хабарласты. «Сіздерден кәсіптік дертке шалдығып, дұрыс емделе алмай, әділдікке қол жеткізе алмай жүрген жандарға қандай да бір көмек болар ма екен? Денсаулығымның жоғынан, жанымды жегідей жеген ойлардан әбден жабырқап жүрген жанмын. Айтарымды тыңдап, мен туралы жазсаңыздар, мүмкін тиісті адамдардың мейірімі түсіп, қол ұшын берер, сондай-ақ басқа жұртқа ой салар деген мақсатпен хабарласып отырмын», – деді ол кісі. Басқа шаруаны жинап қойып, айтқандарын мұқият тыңдадық.

 

«Мен қаладағы сусын шығаратын зауытта оператор болып іс­теген едім, – дейді ол кісі. – Жұ­мысқа 2005-жылы кіргенмін, 2016-жылға дейін сонда болдым. 5 литрлік «баклашкаларды» үрлейтін жар­тылай автомат құрылғыда ең­бек еттім. Қыста арақ цехында істедім.

 

Сол жұмыста екі жыл істегеннен кейін-ақ ауа жетпей, жиі қысылып қала беретін болдым. Өйткені жұмыс орнымызда температура үнемі ыстық болып тұрады, сол тыныс жолдарын кептіріп жібереді екен. Цехта ешқандай да желдеткіш жоқ. Оның ауасын, жағымсыз дыбысын, 125 градус температурада қызып шығатын преформаның иісін тексерген пенде болған жоқ. Ал тексеру келе қалса, аппараттардың барлығын өшіріп тас­тап, бір бөлмеде отыратынбыз.

 

Қысқасы, ешқандай да жағдай жасалмағандықтан менің ол жұмыс­тан кеткім келді. Бірақ осыны айтқанымда мастер, технологтар зауыт енді қосылды ғой, алда жағдайымыз жақсарып кетеді деп мені жұмыстан шығармай қойды. Еңбек демалысына шыққанда емделіп аласыз ғой деді.

 

Сөйтіп жүргенде зауыт басқа біреудің қолына өтті. Ол цехтағы бүкіл аппараттардың бәрін жаңартты, сонымен қатар тәтті сусындар шығаруды қолға алды. Бірақ ол да жұмысшыларға жағдай жасауды ойламады.

 

Мен кейін 2 автоматты, 2 жартылай автоматты қондырғылар мен 2 тоңазытқыш тұрған бөлмеде жұмыс істедім. Онда да тыныс алу өте қиын еді. Сондықтан жұмыстан шыққым келді. Бірақ басшылар бәрі де жақсы болады, аппараттардың қыр-сырын білесіз, жаңадан келгендерге үйретуіңіз керек деп жібермеді.

 

2016-жылы аппарат жанында тағы да тұншығып, ауа жетпей, тамағым кеуіп, басым айналып мазам кетті. Үйге келгенде аяқтарым құрысып, бірде ысып, бірде суып кететін болды. Сол кезде Ресейден келген бір дәрігерге көрінген едім, ол мені мұқият тыңдады, «баклашка» үрлейтінімізді естігенде: «Запах пластика – это вам не кислород», – деді. Тексеріп, «Тепловой удар, хроническое отравление, кислородное голодание» деген диагноз қойды. Содан көрінбеген дәрігерім қалмады, мазам кетіп, ауырған сайын терапевтке, лор-дәрігерге, аллерголог­қа, кардиологқа, гинекологқа, эндокринологқа, пульманологқа, психологқа да көріндім.

 

Өткен жылы кәсіптік аурулар орталығының директоры Қуандық Асқаровқа көріндім. Ол кісі: «Қазір барлық өнеркәсіп орындары жеке меншіктің қолында. Оларды тексеріп, кінәсін дәлелдеу өте қиын», – деді. Басшылардың қолы қойылып, мөрмен бекітілген анықтама, еңбек кітапшасының көшірмесін апарып көрсетуім керегін айтқасын аталған құжаттарды апара­йын дегенімде жұмыстағы басшылар оны қолыма бермей қойды. Көмегі тие ме деп бірер адвокаттарға барып едім, олар жеке кәсіпкер не істесе де өзі шешеді деп шаруаға араласудан қашты.

 

Қалай болғанда да нан тауып, күн көру керек қой, содан жеңіл жұмыс сұрап еңбекпен қамту орталығына, еңбек инспекциясына, еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының филиалына, санитарлық-эпидемиологиялық станцияға бардым. Олар мені бір-біріне жіберумен болды. Ақырында шаршап, қазір не істерімді, кімге шағынарымды білмей қалдым.

 

Ал емделейін десем, тек­серілуден өткізетін құрылғылардың ақысы қымбат. Жұмыссыз жүріп оған ақшаны қайдан табамын? Әр мекеменің, емхана, ауруханалардың табалдырығын тоздырып жүргенде өзім сияқты денсаулыққа зиянды жұмыста істеп, ақырында ауру болып, күйзеліп жүрген талай адамды көрдім. Арасында тіпті жастары да бар. Сондай адамдарды робот сияқты керегіне пайдаланып, жарамай қалғанда далаға лақтырған басшыларға заң жоқ па?»

 

...Бізге хабарласқан адам осылай деп шағымданды. Әркімге мұңын шағып, әділдікке қол жеткізе алмай жүрген ол кісі енді газеттің бір көмегі тиер деп ойлайды. Осы орайда біз ол кісі бұрын жұ­мыс істеген орнының, еңбек қауіпсіздігін қадағалайтын мекеме­лердің, қолында мүмкіндігі бар жандардың шымкенттік Құндыз Баратбаеваға қол ұшын бергенін қалаймыз.

 

Ал еңбеккерлерге тиісті жағдай жасау, оларға жұмыс орнында төнуі мүмкін қатердің алдын-алу әрбір басшының міндеті екені белгілі. Жұмыс жағдайы қауіпті болғандықтан денсаулығынан айырылса, мынадай заманда ол ешкімге де керек болмай қалмай ма? Сонда оның обалын кім көтереді?

 

Т. ТҰРАН.

Құндыз Баратбаеваның байланыс телефоны:

8-778-210-24-76.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ