Елге дұрыс жол көрсететін сауатты имамдар керек

25.08.2018
Қаралды: 159

Қазіргі қоғамдағы кейбір діни ағымды ұстанып, оны таратушылардың басты көздегені – Алланың ақ жолы емес, ел арасына іріткі салып, адамдарды бір-біріне алакөз етіп, бірлігіне сызат түсіру сияқты. Бұл осы діни ағым басында отырғандардың ұстанған саясаты екені айдан анық. Өйткені бытыраңқы, бірлігі жоқ елді бағындыру да оңай.

 

Ұланғайыр, кең байтақ жерімізге көз тігіп, ел іші бүлінсе іргелей кіріп, жайғаспаққа ұмтылатын мысықтілеулестердің бары да жасырын емес. Осындай  теріс пиғылды діни ағымдардың жетегінде кетіп, ата-ана, бауыр мен баладан баз кешіп, санасы тұманданған қазақтың қара баласы, қайда барасың? Есі дұрыс пенде бейбітшілік заманда елі мен жерін тастап, мақсатсыз, мүддесіз, міндетсіз соғысқа аттанып, өз-өзін құрбандыққа қия ма? Мұндай әрекетке, әрине, Ислам діні жайлы білімі таяз немесе дін туралы түсінігі мүлдем жоқ жан ғана бармақ. Өйткені Ислам жайлы түсінік пен ілім оған мүлдем басқаша берілген.

 

Ислам діні – үлкен ғылым. Оның тереңіне бойламай, мейіріміне қанбай, бетін ғана қалқып уағыз айту қателік болар. Дәл қазіргі уақытта бізге Ислам дінінің мән-маңызын, қадір-қасиетін, мақсат-міндетін толықтай жеткізе алатын сауатты имамдар керек. Мешітке ағылып уағыз тыңдайтын, дініміз жайлы білімі аз жасқа да, кәріге де имамның сөзі де, өзі де заң. Сондықтан дініміз жайлы уағыз айтушылардың барынша қасиетті Құран Кәрімді игерген, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) көркем мінездерінен ғибрат алған адам болса дейміз.

 

Шындығында Пайғамбарымыздың көркем мінезі қандай еді? Бірде Айша анамыздан Пайғамбарымыздың мінез-құлқы жайлы сұрағанда: «Сендер Құран оқымайсыңдар ма, оның мінезі – Құран ғой», – дейді. Яғни Құран Кәрімде жазылған асыл мінез-құлықтың бәрі Пайғамбардың бойынан табылған. Ислам діні мейірімділікті, кешірімді, ақиқат пен бейбітшілікті, ар мен ұятты насихаттайды. Демек, уағызда да, оның мысалында да осы адами құндылықтар дәріптелуі тиіс болар.

 

Уағыз айтылуы керек, дұрыс. Бірақ ол қандай уағыз? Уағыз тыңдаушылардың көбісі жастар, телефоннан да, интернет желісінен өткізіп алып та тыңдайды. Сондықтан айтылып жүрген уағыздарды да қадағалайтын бақылау мен Ислам таразысына салып саралайтын сарапшылар болса дейміз.

 

Ал баласы кімнің қандай уағызын тыңдап жүр­генін ата-ана өз назарынан тыс қалдырмауы керек. Жұрт осы жағын есте ұстаса екен.

 

Жібек ТОЛЫҚБАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ