Тынысбек қария зайыбы Рахима апаны төркіндетіп қуантты

25.08.2018
Қаралды: 223

Қазақта «Төркіндету» деп аталатын жақсы бір дәстүр бар. Дегенмен үлкендер жағы болмаса, кейінгі буын бұл туралы толық біле бермейді. Содан болар, көп жерлерде ол ұмыт болып та бара жатыр.

 

Ал Бәйдібек ауданындағы Жиенқұм ауылында тұратын Тынысбек Қуатбаев қария зайыбы Рахима Көмекба­е­ваны туған ауылына төркіндетіп қайтыпты.

 

«Төркіндету» деген – қазақтың жақсы бір дәстүрі ғой, – дейді ол кісі. – Ол шариғатта да айтылады. Әйел адам қартайып, дүние салғанда жаназасын шығарған молда туыстарынан оның төркіндеген-төркіндемегенін сұрайды екен. Төркіндемеген болса, үйдің төрт бұрышына қазық қағып, соған «төркін­детеді», яғни ырымын жасайды. Мар­құмның сүйегіне кірген әйелдер де: «Байғұс төркіндемеген екен, төркіндетейік», – деп, молданың қатысуымен тиісті ырымын жасайтыны бар. Дегенмен қазіргі молдалар мұндайды істемейді.

 

Дәстүр бойынша әйел өзінің еліне төркіндеп баруы міндетті. Оған қатысты алдын-ала дайындық жүргізіледі, күтетін жаққа алдын-ала хабарланады. Біз қайын жұртқа бауырларының төр­кіндеп баратынын бір ай бұрын хабар­лағанбыз. Содан Рахима екеуміз балалар мен немерелерді алып, әйелімнің өскен үйіне бардық. Онда қазір қайным тұрады.

 

Менің қайын атам – Сылқымбек Көмекбаев Ұлы Отан соғысының ардагері еді, кезінде 3 колхозды, 2 ауылдық кеңесті басқарған, ауданда партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарған. Атақты сынықшы, ел арасында абырой-беделі зор кісі болатын. Отбасында 3 ұл, 4 қыз өсірген. Екі қайынағам қазір өмірде жоқ, ал қайным қара шаңырақта тұрады, балдыздарым да бар. Біз оншақты үйге тиісті тарту-таралғыларымызды алып бардық. Атамның қара шаңырағына апарып қой сойдым, құран оқыттық. Ет жақын, туған-туыстарының бәрін де дәмге шақырдық.

 

Бұл бір жүрек толқытатын ерекше бас қосу болды. Апарған киімдерімізді кигізгенде әйелдер жағы айнаға қаранып, бір жасап қалды. Негізі оншақты үйге әйелдер мен ерлерге арналған бағасы қомақты көйлектер, галстуктер, тағы басқа заттар апарғанбыз. Әйелдер жағы қуанысып, қаздай тізіліп тұрғанда бірер апалар көңілі босап, жылап та алды. «Төркіндеуді әрбір әйел ойлайды. Бірақ бір жатырдан шықпаған соң қиын екен. Бауырларымның бәрі өмірден өткен. Қазір ауылдағы жұрттың тұрмысы да оңып тұрған жоқ қой. Ауылға барғанда кей ағайындар күтіп алуға да жарамады, далаға барғандай болып қайттым», – деп бір апа өзін-өзі тоқтата алмай жылады. Ол кісіні әзер жұбаттық.

 

Бізді екі үй мал сойып, қонақ етті, қалғандары шайға шақырды. Рахиманың төркіндерінің бірі сыйлыққа тана берді, біреуі 100 мың теңге берді. Бұдан басқа да сөмке-сөмке киімдер бар. Бала-шағамызбен Шаянда екі күн болдық. Ал әйелім төркін жұртында тағы да үш күн қонып қайтты. Ауылға келгесін үйде ағайын-туыс, көрші-қолаңды күттік. Рахима төркінінен тарту етілген сыйлықтарды жұртқа көрсетті. Бұл жерде де әсерлі, ғибратты әңгімелер көп айтылды».

 

Тынысбек қария осылай дейді. Осы жолы ол кісі қайнысына бір қызық ұсыныс айтыпты.

 

«Жалпы, әйелдің төркіндеуін мен оның туған-туыстарына соңғы рет сый-сияпат жасауы, ескерткіш қалдыруы, қоштасуы және туыстарының оған соңғы рет үлес беріп, сыйлық тарту етуі деп ұғамын. Төркініне былайша да қыдырып, басқа шаруалармен де бара береді ғой. Ал төркіндеудің өзіндік жолы, салмағы бар. Ол ешкімге салмақ түсірмеуі керек деп ойлаймын. Себебі әсіресе қазір ауылды жерлерде құр зейнетақы, жәрдем­ақымен күн көріп отырғандар бар, соларға қиын. Сондықтан әркім кәдесін жасаймын деп сабылғанша ортадан қаржы жиып, төркіндеп келген жанға жинақ кітапшасына жаздыртып немесе оған шипажайға жолдама әперсе де болар еді.

 

Осындай бір жаңа үлгі ұсынбақ болып қайныма: «Әркім әрнәрсе іздеп әуреленгенше әпкелеріңе ортадан келісіп сондай бір сыйлық жасасаңдар да болар еді ғой», – деген едім, ол бұған қар­сы болды. «Қазір жұрттың жағдайы кө­термейді. Біреулердің шамасы келгенмен екіншісінің шамасы келмеуі, қиын тиюі мүмкін», – деді. Енді, әркім өзі біледі ғой, мүмкін осынысы да дұрыс шығар», – дейді қария.

 

...Қысқасы, Тынысбек қария жан жары Рахима апаны осылай төркіндетіпті. Ал ол кісінің өзін қысқаша таныстырып өтер болсақ, Тынысбек көке – білім беру саласында еңбек етіп, зейнет­керлікке шыққан азамат. Аудандық, облыстық білім мекемелерінде тер төккен, талай шәкіртті тәрбиелеп өсірген ұстаз. Кезінде ол кісі Шаян халық театрында да еңбек етіп, 1976-жылы өткен халық таланттарының 1-фестивалінде Гүлшаһар Жолшиева, Рақым Әбдірайымов, Өмірбек Тұраров, Сәменбек Мықтыбековтермен бірге лауреат атанған екен. Қазір де зейнеткермін деп қарап отырмай, ауыл-аймақтағы жиындарда адам­гершілік қасиеттер, жас ұрпақ тәрбиесі жөнінде өнегелі әңгімелер айтып, көпшілікті имандылыққа шақырып жүреді.

 

Тынысбек көкенің үйіндегі Рахима апа да – педагог, мектепте математика пәнінен сабақ берген. Отбасыларында 3 ұл, 2 қыз өсірген. Қыздарының бірі Қызылордада, басқа балалары Шымкентте тұрады, өмірдің әр саласында еңбек етіп жүр. Қариялар бүгінде осы балаларынан өрбіген 14 немере мен 2 шөбереге ата-әже болып отыр. Алдағы қазан айында шаңырақ көтергендеріне 50 жыл толмақ. Бүгінде Қуатбаевтар әулеті осы мерекеге қатысты Алтын тойға дайындықтарын жүргізіп жатыр.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ