Бала да туды, кәсіп те ашты

26.08.2018
Қаралды: 1116

Бүгінде мемлекетіміздің дамуына әйелдер де аз үлес қосып жатқан жоқ. Сондықтан әйел-аналарымызға қандай мадақ айтсақ та жарасады емес пе?

 

 

Осы орайда біз Бәйдібек ауданы, Алғабас ауылдық округі, Шақпақ елді мекенінде тұратын қазақ отбасының келіні, 27 жасында 8 балаға ана болған «Алтын алқа» иегері, орыс ұлтының қызы, кәсіпкер Лола Фоминамен әңгімемелескен болатынбыз.

 

Ресейде дүниеге келген Лоланың жанұясы отбасылық жағдайға байланысты көршілес ел Өзбекстанға қоныс аударады. Онда да көп уақыт тұрақтамай, екі қолға бір жұмыс табылып қалар деп Қазақстанға, қазақылығы қайнаған ауылға көшіп келеді.

 

Лола ауылда оқып, бойжетіп, өз бойындағы тектілікті қазақы тәрбиемен ұштастырып, үлкендерден көп алғыс естіп өседі. Жастайынан зерек, іске ебі бар оған тігін тігу, тоқыма тоқу, тағы да басқа қыз баласына қажетті шаруаларды дөңгелетіп әкету қиын болмаған. 

 

«Қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын деп еш ойламаппын. Маңдайға жазылып, осы ауылдағы Есенгелді деген жігітпен он жеті жасымда отау құрып, шаңырақ көтердік. Ұлтым бөлек болса да енем ешқашан бөтендік жасамады. Керісінше, ағайындар арасында: «Осы келінім өзіме қатты ұқсайды», – деп мақтанып отыратын.

 

Десе де қазақ отбасыға келін болу оңайға түспеді. Ата-апа, туған-туыстарға ізет көрсетіп, салт-дәстүрді сақтауға барынша тырысып бақтым, ешкімнің алдын кесіп өтпеуге тырыстым. Апамыз: «Біз барда балалы болудан қашпа. Қазақта «Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» деген керемет мәтел бар. Осыны ұмытпа! Олар өскенде өзіңе тіреу, қолғабыс болады», – деген кеңесіне құлақ түріп, 2 қыз, 6 ұлды дүниеге әкелдім. Енеміз өзі қартайса да осы балалаларға бас-көз болып, қараудан қашпайтын еді», – дейді Лола.

 

Айтуынша, бала саны артып, жауапкершілік жүгінің ауырлағанын сезінген жолдасы ауылда ата-ененің зейнетақысына жалтақтауды намыс көріп, қара жұмыстан тартынбай, күндіз-түні тер төгеді. Отағасының табысы, қариялардың зейнетақысы отбасы шығынын толық жабуға жетіп, уайымсыз күндер өте береді.

 

Жылдар жылжып, қос қазына бірінен кейін бірі дүние салады. Олардың көзі тірісінде тарығуды білмеген отбасы қиындықтарға кезіге бастайды. Ол уақытта балаларының үлкендері мектепте оқыса, ал кішілері әлі 5 жасқа да келмеген екен. Сонымен Лола апай жұбайының аз ғана табысына қарап жатуды жөн санамай, жолдасы екеуі ойласа келе сол кездегі ауыл әкімі болған Б.Ысқақовтан көмек сұрап барады. Әкім кәсіпкерлерге мемлекеттен көптеген көмектер беріліп жатқандығын айтып, кәсіп ашамын десе, қолдау көрсете­тіндігін жеткізген.

 

Ерлі-зайыптылар тәуекелге бел байлап, ауыл маңынан шағын асхана ашуды мақұл көреді. Бұл бастаманы құптаған жо­ра-жолдастары да шамалары келгенше қаржылай кө­мек береді. Олар «Ойық ата» деп аталатын асхана ашып, іс бастайды. Екеулеп кірісіп, бар күштерін асхана жұмысының жандануына салады.

 

Балаларының үлкендері әскерде, оқуда болса қалған естиярлары кішілеріне қарап, үйде отырады, ата-аналары асхананың шаруасымен жүреді. Ал қыстың күні ұл-қыздарымен асханада қыстап, жолда қалған жандарды тегін жатын орынмен қамтып, ас-су беріп, көп көмектесіпті. Қалталарында ақшасы қалмаған жолаушылар мейірімді кәсіпкерлермен осы күнге дейін араласып, әркез алғыстарын айтып отыруды ұмытпайды екен. Өйткені табиғаты қатал өңірде қалың қардың құрсауында қалу адам өміріне аса қауіпті. Адам өмірін ақшадан биік қоятын кәсіпкерлердің бұл ісіне ауыл тұрғындары да сүйсініпті.

 

«Ойық ата» асханасының мәзірі қаланікіндей болмаса да тағамдар тек балғын ет пен көкөністерден әзірленеді, – дейді Лоланың жары Есенгелді. – Ауылды жер болғандықтан көбінесе тапсырыс қабылдап, соған орай дастархан жая­мыз. Мен қажетті өнімдерді тасымалдаумен, ал Лола әзірлік жұмыстарымен жүреді. Өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай, шаруаның басым көпшілігі келіншегімнің мойнында. Жарымның қайырымдылығы мен еңбекқорлығына ризамын.

 

Қазірде осы кәсібіміздің, талмай еңбектенуіміздің арқасында перзенттерімізді асырап, қатарымыздан қалмай отырмыз. Ауылда жұмыс жоқ деп жүргендерге айтарым, қазіргі таңда несібеңді тасытатын кәсіп түрі өте көп. Ендеше жалқаулыққа бой алдырмай, ұрпағының болашағы үшін табанды тер төгулері қажет».

 

...Міне, Шақпақ ауылында осындай отбасы тұрады.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ