12 жасар композитор

26.08.2018
Қаралды: 279

Алматылық 12 жасар Нұрәлі Бейсеқожа – дарынды композитор. Сонымен қоса скрипка мен пианино аспаптарында шебер ойнайды, халықаралық және республикалық конкурс­тардың лауреаты. Ол – «Балалық шақ», «Сыйлайық өмір сәбиге», «Қазақстаным», «Атамекенім», «Анашым»  секілді шығармалардың авторы. Оның Денис Тенге арналған «Аққан жұлдыз» және Шәмші атамыз­ға арналған «Қазақ вальсі» композицияларын да ерекше атап өтуге болады.

 

Нұрәлінің жасы қазір 12-де. Бүгінде ол А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында білім алады. Қазіргі таңда Нұрәлі – Қазақстандағы ең жас композитор. Ән әлеміне енді ғана аяқ басып келе жатқан балақайдың бұл таланты талайларды таң қалдыруда. Біз таяуда онымен сұхбаттас болдық.

 

– Нұрәлі, пианиноға деген қызығушылығың қай кезде және қалай басталды?

 

– Менің пианиноға деген қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. 5 жасымда ойнай бастадым. Менің ағаларым Нұрсәт және Ғаламат  –  күйші-композиторлар, солардың ойнағанын кішкентай кезімнен естіп жүрдім. Музыкаға деген қызығушылығым сол уақыттан басталды.

 

– Ән жазу процесі қалай болатынын айтып берші. Шабытың келген кезде бірден жазып тастайсың ба, әлде біраз уақыт ойланып, тол­ғанып жүріп жазасың ба?

 

– Әнді мен ойыма музыка, әуен келгенде жазамын. Қалай ойыма әуен келеді, солай пианиноға отырып ойнаймын. Кейде тез жазып тастаймын, кейде оны біраз уақыт өңдеп барып жазамын.

 

– Пианино мен скрипканың сен үшін ерекшелігі неде?

 

– Менің негізгі мамандығым – скрипкашы. Пианино – бұл менің екінші кезектегі аспабым. Екеуі де маған қатты ұнайды. Екеуінің мен үшін аса бір ерекшелігі жоқ, бірақ күрделі аспаптар деп айта аламын. 

 

– Небәрі 12 жасыңда сазгер деген атты алып жүру ауыр емес пе?

 

– Композитор болу мен үшін ауыр емес. Мен үшін ол үлкен сый және бақыт деп білемін.

 

– Сабаққа үлгерімің қалай? Оқу мен өнерді қатар алып жүру қиындық туғызбай ма?

 

– Сабаққа үлгерімім жақсы. Әрине, оқу мен өнерді қатар алып жүру қиын. Сондықтан маған мұғалімдер көмектесіп тұрады. Сол үшін де мен ұстаздарыма үлкен алғысымды айтамын.

 

– Қазіргі таңда репертуарыңда қанша ән бар? Алға қойған арман-мақсаттарың туралы да айта кетші.

 

– Қазіргі таңда менің жиырмаға жуық әндерім мен композицияларым бар. Ал мақсатым – жақсы білім алу және атақты композитор атану. 

 

...Нұрәлі осылай дейді. Біз де оның сол мақсаттарына жетіп, еліміздің атын шығара беруіне қашан да тілектес екендігімізді жеткіздік.

 

«Біздің отбасымызда үш бірдей сазгер бар: Нұрсәт, Ғаламат және Нұрәлі. Нұрсәт пен Ғаламат – күйші-композиторлар, ал Нұрәлі – скрипкашы, пианист-композитор. Бұл біздің жанұямызға Алланың берген сыйы деп түсінемін. Дарындылық қанымызда да бар. Әкелерінің нағашы атасы халық ақыны – Есдәулет Қандеков болса, Бейсеқожа аталары да өз заманында әнші болған кісі екен», – дейді анасы Зүлфия. Шынында да бақытты жанұя екені анық. Ұлдардың табиғатына біткен осындай таланттың екінің бірінің бойында кездесе бермейтіні белгілі. Дәйім сол таланттары шыңдалып, келешекте тек қуана қол соғатын күндер көп болсын дейміз.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ