Қиналғандарға жәрдемдесетін ұйым құрсақ қайтеді?

24.08.2018
Қаралды: 195

Құрметті «Замана» газетінің оқырмандары! Осы басылымның тұрақты оқырмандарының бірі ретінде өзімді толғандырып жүрген жай жөнінде ортаға ой тастасам деп едім.

 

Қазақстан азаматтығын алған күйеуі мен балаларына жету үшін, Қытай жағы жібермей отырғандықтан амалсыздан шекараны бұзып өткен қытайлық қазақ қызы Сайрагүл Сауытбайдың оқиғасынан баршаңыз құлағдарсыздар. Оған қатысты «Заманада» бірнеше мәрте мақала жарияланғаны белгілі. Өз басым бүгінгі қазақ елінде өзгенің қайғысына бейжай қарамайтын азаматтардың бар екеніне риза болдым. Әсіресе Серікжан Біләшұлы деген жігіт пен Германиядан арнайы келіп, сотқа қатысқан, Қытайдағы қиналған қазақтардың мәселесін Еуропа Парламентіне жеткізген германиялық қазақ азаматы Өмірхан Алтынға ризамын. Жалпы, шекара бұзғаны үшін Қытайға қайтарыла жаздаған Сайрагүлдің бостандыққа шығуы барша қазақ үшін үлкен қуаныш болды.

 

Осы жайларға қарап отырып менде бір ой туды. Неге, мысалы, Шымкенттен осындай қиын жағдайда жүрген азаматтарға қол ұшын беріп, көмек­тесетін бір ұйым немесе қозғалыс ашпасқа? Өйткені бүгінде қиындықта қалып жүрген бауыр­ларымыз жоқ емес қой. Басына қиындық түсіп, қайда, кімге барып шағынарын, кімнен көмек сұрарын білмей жүрген адамның жалғыз өзінің қолынан не келеді? Сондай жандарға көп болып көмек қолын созып тұрсақ деген ой келеді маған.

 

Мен  біздің қазақ қыздарының қатарынан Сайрагүл сияқты өз отбасы, өз балалары үшін отқа түсуге де даяр аналар көбірек шықса екен деймін. Өйткені қай ұлттың болса да ұстыны – аналар ғой, олар ер-азаматтың жанашыры, өмірге бала әкеледі, тәрбие береді. Сондай аналардан тәрбие алған баладан жақсы азамат шығады.

 

Бүгінде жастай бұзылып, туған нәрестесін қоқысқа тастап кететін, ажырасып, баланы тірі жетім ететін, балалар үйіне өт­кізетін, асырап-баққан ата-анасын Қарттар үйіне телміртетін жандар туралы көп еститін болдық. Сондай қыздар, жалпы, жастар жағы ата-ана болудың, шаңырақ шаттығын сақтаудың зор бақыт екенін білсе, сол үшін күреске әрқашанда дайын тұрса екен деймін.

 

Қолдас ТОЙЫМБЕТОВ.

Шымкент қаласы.

Қолдас Тойымбетовтің байланыс телефоны:

8-702-853-72-88.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ