«Ақмешіт әулие» аумағына демалатын орын салынса екен

24.08.2018
Қаралды: 181

Біздің Көктерек ауыл округі аумағына қарайтын «Ақмешіт әулие» үңгірін бүгінде жұртшылық жақсы біледі. Осы үңгірдің ішіндегі ауаның адам денсаулығына өте пайдалы екенін шымкенттік ғалым Мұсатіллә Тоқанов зерттеп, дәлелдеген, бұл туралы бірнеше ақпарат құралдарында жазып та, айтып та сұхбат берген еді.

 

Қазіргі кездері, әсіресе жаз күндерінде осы үңгірді тамашалау үшін алыс-жақыннан көптеген адамдар келеді. Дегенмен бұл маңда үңгірден едәуір қашық жердегі шырақшының екі бөлмелі шағын баспанасынан басқа ештеңе жоқ. Алыстан шаршап келген адамдар ол жерден аздап тамақтанып, сусын ішуіне болады, бірақ тынығып алардай жағдай жасалмаған.

 

Бұл жерге бекітілген 5 гектар аумақ түгелдей тастақ, ғимарат тұрғызуға қолайсыз. Сол жер аумағын 40 – 45 гектарға дейін ұлғайтып, сервистік қызмет көрсетуді жолға қойса болар еді. Өйткені «Ақмешіт әулиені» қазір республикамыздың ғана емес, шет елдердің адамдары да біледі, арнайы келіп, көретіндер саны жыл сайын артып келеді.

 

Тағы бір айтарым, жалпы, біздің ауданда ғана емес, елімізде мұндай жұрт әулие тұтып, қастерлейтін жерлер көп, сол жерлерде шырақшы болып сауатты, білікті адамдар отырса екен деймін. Сонда келетін қонақтар алдында ұятқа қалмас едік, халқымыз туралы дұрыс пікір қалыптасар еді.

 

Ал бүгінде әлгіндей әулиелі жерлерде көбіне  қол жайып, бет сипап, ақша алудан әріге аспайтындар отырады. Олар мемлекетке салық та төлемейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен кей шырақшылардың шын бет-бейнесі осындай екені рас.

 

Сөздің тоқетері – «Ақмешіт әулие» үңгіріне басшылар назар аударса, онда барушыларға бір ауық тынығатын жер салуға, оны танымдық-тағылымдық жағынан көбірек таныстыруға қажетті шараларды қолға алса екен деймін.

 

Өмірзақ РЫСБЕКОВ.

Кеңестөбе ауылы.

Бәйдібек ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ