Қариялар қамығып жүр

24.08.2018
Қаралды: 1078

Жан жарым екеуіміз бірнеше баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Үлкендерім отбасын құрып, өз жолымен кетті. Қолда кенже ұл тұрады. Кенжемді қара шаңыраққа  ие болады деп жүрген едім. Соңғы кездері келін екеуі: «Ауылда мамандығымызға сай жұмыс жоқ, қалаға кетейік», – дегенді жиі айтатын болды.

 

Қазіргі жастар неме­релерді ата-әжесінен бөлек­тейтін болып жүр. Балаларына жаңаша тәрбие бер­мекші. Өздері өте алғыр, қа­білетті, сауатты. Банкоматтан есеп-шот ашып алған, жас төлдерге балаларына бәсіре деп ен салдырған, ата-ананың зейнетақысынан балаларына  ойын­шық сатып  алудан бастап, киім-кешек, жер учаскесі, жеңіл көлікке қол жеткізеді. Ал әртүрлі шақыруларға барғанда ата-анасынан бөлек «қол» созып, жекжат арттыра  бастайды.

 

Қазір ауылда көп қариялар өз балаларынан енші алғандай болып өмір сүруде. Қартайған кезімде басымды  сү­йейтін  жанашыр қасымда  бола ма, жоқ па деген қауіп мазалайтын болған. Барлығында «ба­рып кел», «алып кел» дейтін қолғанаты жоқ. Бүкшеңдеп жүріп жоғын түгендейді, таңертең ма­лын айдап жүргені.

 

Осы күні ет жақыныңа  өті­ніш айта қалсаң: «Балам жұмыс­та. Келіп кетуге қолы тимейді», – деп алдыңды алыс­тан орағытады.

 

Айтайын дегенім – «Ата-ана он баланы асырай алады, ал он бала бір ата-ананы асырай алмайды» деген рас екен.

 

Ал мұндай өмірді ауыл қария­лары армандады дейсің бе, басына түскен соң амалсыз көндігіп жүр ғой. Қайтеді енді...

 

Тынысбек ҚУАТБАЕВ.

Жиенқұм ауылы.

Бәйдібек ауданы.

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ