Той туралы арнайы Заң шыққанын қалаймын

25.08.2018
Қаралды: 222

«Замана» газетінің бірде-бір санын жібермей оқитын жанның бірімін. Өткен 27-тамызда «Аста-төк той жасауға тыйым салмақ» деген тақырыппен жарияланған мақаланы, кейін бір оқырманның осыған орай «Ысырапқа тыйым салынуы керек» деген мақалаларын оқып отырып, өз ойымды қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.

 

Жалпы, той өткізуді реттеудегі Тәжікстан мен Өзбекстанның қолға алған іс-шаралары көңілге қонарлықтай десек болады. Ал біздің елдегі той өткізудегі бәсекелестік жылдан-жылға қарқын алып келеді. Тойларға 200-ден 500-ге дейін,  кейбіріне 700-ге дейін қонақ шақырылып жатады. Сол тойлардағы ысырапшылықты көргенде жаның ауырады. Қазіргі кезде той өткізуге екінің бірінің шамасы келе бермейді ғой. Ондай жандардың көбі жұрттан қалмас үшін тойына банктен несие алып, қарызға белшесінен батып жатыр.

 

Тойларда көп мал сойылып, етінің көбі желінбей қалады. Неткен ысырап!  «Судың да сұрауы бар» демекші, тағамның да обалы бар емес пе? Соншалықты ысырапшылыққа жол берудің қажеті қанша?

 

Қазақ тойға ішімдікті де молынан алады. Соның кесірінен небір ұятты, анайы жайлар, төбелес, тіпті кейде адам өлімі де орын алып жатады. Ендеше мұндай тойларға тыйым салатын кез жетті емес пе?

 

Мен өзбек ағайындардың талай тойларына шақырылдым. Байқағаным, олар мұндай аста-төк дастарханға жол бермейді. Тағамдары да дәмді және шақтаулы етіп дайындалады.

 

Ұзын сөздің қысқасы, бізде де  шектен шыққан тойларға тыйым салатын кез жеткен сияқты.

 

Тағы бір айтарым, тойда тілек айтуға шыққан қонақтар ұзақ-сонар сөйлеуге дағдыланып кеткен. Қысқа да нұсқа тілек айтылсын деген асабаның өтінішіне құлақ аспайтындар табылып жатады. Митингіге де ұқсап бара ма, қалай? Басталатын уақыты кешкі 7 деп көрсетілген тойға сағат 10-нан кейін келетіндерді де көріп жүрміз. Демек, бізде той мәдениеті төмен. Сондықтан тойда ысырапсыз дастархан жаю қажет, ешқандай да ішімдік қоймау керек дегім келеді.

 

Ал Мәжіліс және Сенат депутаттары осы тұрғыда ойланып, тойларды мемлкеттік дәрежеде реттеу жөнінде Заң қабылдағандары жөн. Неге депутаттарды, лауазымды қызметкерлерді осы мәселе ойландырмайды? Бізде аста-төк той жасайтын байлардан гөрі тұрмысы нашар отбасылар көп қой. Неге солардың жайын ойламаймыз?

 

Балтабай ЕСІМБЕКҰЛЫ,

Түлкібас ауданының Құрметті азаматы,

білім беру саласының үздігі. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ