Түркістан бардық, не білдік?

26.08.2018
Қаралды: 363

Таяуда оңтүстік өңіріндегі біраз әулие-әмбиелерге тәу етіп, құран бағыштап, ту­ма-туыстарды аралап қайтқан едік. Жол үстінде, Отырар ауданында және Түркістан қаласында болғанымызда біраз қызықты әңгімелер естідік.

 

Әулие басындағы әбігершілік

 

Әуелгі сапарымыз Отырар ауданындағы «Арыстанбаб» кесенесінен бастау алды. Жол бойы зиярат жасауға келе жатқан бес-алты қыз-келіншектің автобусты тоқтатып қойып, асыға-үсіге дүкенге бет алғандарын көріп, іштей шөл қысқан болар деп топшылаған болатынмын. Жоқ, мүлде олай болмай шықты.

 

Олар бері беттегенде байқадым, қолдарына бір-бір кәдімгі ақ сұрып мата алып келеді екен. Сәл кеші­гіңкіреп келгендеріне ұялыңқыраған әлгі әйелдің бірі: «Бабаның басына жабуды ниет қылған едік», – деді қызарақтаған қалпы. Мұндайда ерлер жағы да қарап қалмай: «Әулие маңында да дүкендер толып тұр емес пе?» – деп шулап қоя берді. Күн ыстық, жол алыс дегендей...

 

Содан не керек, көлік ішінде қызу әңгіме басталды да кетті. Ұзын­құлақтан естуімізше, соңғы кездері зияратшылардың киелі жерлерге, бабалар басына жапқан ақсұрып маталарын кесене қызметкерлері  сол маңайдағы дүкендерге сатып, пайда табады-мыс. Білмейтіндер соны қайта сатып алатын көрінеді. Мұндай сұмдықты бұрын-соңды естімеген жолаушылар «тобалап», «а, Құдайлап» жатты. «Құдайдан безгендер!» – деп ашуға булығып, жаға ұстағандар әлгі әйелдердің бұл қадамын мақұлдағандай сыңай танытты.

 

Қысқасы, әулиеге барған зияратшыларды әуре-сарсаңға түсіретін осындай келеңсіз оқиғалар бұдан былайғы жерде болмаса екен, ондай сөзді мүлдем естімесем екен деп тіледім Жаратушыдан.

 

Үйін жалға беріп, өздері пәтер жалдап жүр екен

 

Түркістан облыс орталығы бол­ғалы бері талай қызықтарды естіп-біліп жатырмыз. Әсіресе жер телімі, баспана, жалға беретін пәтер   баға­лары тіптен аспандап кетіпті.

 

Күні кеше ғана бір бөлмелі пәтерін 20-30 мың теңгеге әрең дегенде жалға беріп жүрген бір танысымыз бүгінде 130 – 150 мыңды да місе тұтар емес. Мұндай қомақты қаражатты өңі түгілі түсінде де ұстап көрмеген пәтер иелері өзі тұрып жатқан жайды жалға беріп, өздері Кентау асып, «квартирант» болып кетіпті дегенді естігенде аузымыз ашылып қалды.

 

Бұл сияқты қызықтар тіптен көп.  Қала берді, қада қағылған қара жердің өзін 5 жарым миллион теңгеге бағалаған қожайынның бақыттан басы айналып, той жасап жібергенін де есітті бұл құлағымыз. Бұған не дейсіз енді?

 

Қуаныштысы сол, Түркістандағы жергілікті  бір депутат қала ішіндегі такси, автобус нарқын әзірге көтерт­пей, тұрақты ұстап тұруға атсалысып жатқанын өз басым үлкен азаматтыққа балар едім.

 

Сіле қатырған сенбілік

 

Жақында Түркістан шаһарындағы бір мектепте ұстаздық ететін құрбым туған-туыстардың той-томалақтарына қатыса алмай пұшайман күйде жүргенін айтып зар қақты. Себебі сол, сенбіліктен көз ашпайтын сыңайлы. Демалыс бола салысымен қала орталығын сыпырып-сиырып, күл-қоқыстарды өртеп, кешкісін үйлеріне сілелеп қайтатын көрінеді.

 

Құрбым сол маңдағы бір-біріне жалғасып кеткен жеке үйлердің де ауласын сиыр жалағандай, айнадай етіп сыпырып беретіндерін айтып күйінді. Құрбымның: «Оқушыларымыз­ға күлкі болдық қой! Біз оқытушымыз ба, әлде үй сыпырушымыз ба?» – деген жанайқайы жанымды жабыр­қатты.

 

Галоштарын шешкізе алмай жатыр

 

Осыған дейін көшеде еркін, алшаң басып жүретін қала тұрғындарына «Аяқтарыңа галош, үстеріңе халат киіп орталыққа шықпаңыздар. Этика-эстетика деген болады. Өздеріңізді мәдениетті ұстаңыздар», – деген сияқты ара-тұра ескертулер де жасалыпты. Бірақ бірден қайдан бәрі бола қалсын? Мұсылмангершілік те әсті-әсті қалыптаспай ма?

 

Бүгінде кей ағайындар бұл сөзге пысқырмай жүрген сықылды. Айыппұл салмаса, тоқтата алмайтын да маңызды мәселелер бар екен-ау деп қалдым ішімнен.

 

Қ. МҰСАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ