Әулетіне сәулеті сай екенін көрсетті

22.08.2018
Қаралды: 129

Кешегі сәрсенбіде Шымкенттегі Оқушылар сарайында «Үлгілі отбасы» байқауы болып өтті. Оған қалаға қарасты аудандарда ұйымдастырылған сайыстардан іріктеліп шыққан отбасылар қатысты.

 

«Сіздерді Шымкенттің республикалық маңыздағы қала мәр­тебесіне ие болуымен құттықтаймын! Себебі біз осыған дейін де мұндай байқаулардың үшеуін өт­кізгенбіз, ал қаламыз мегаполис атанғалы бері алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын, жалпы, ұлттық құндылықтарын насихаттау, осы тұрғыда үлгілі азаматтарды, олардың отбасын көпшілікке таныстыру, үлгі етіп көрсету екені белгілі. Бүгін сіздер осындай отбасылардың өнерін тамашалайсыздар. Сайысқа қаламыздың төрт ауданы бойынша іріктеліп алынған отбасылар қатыс­қалы отыр», – деді байқаудың ашылуы кезінде сөйлеген сөзінде қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай.

 

Арада көп өтпей үлгілі отбасылардың сайысы басталып та кетті. Байқауды «Ұлағатты ұлт ұстазы» атағының иегері Болсынай Исмаилова есімді ұстаз жүргізіп отырды. Оның атап шақыруымен үлгілі отбасылар сахнаға ұл-қыз, немере-шөберелерін ертіп, кезек-кезегімен шығып жатты.

 

Байқау тәртібі мынадай болды: Отбасы мүшелерінен бір адам өздерін таныстырады, кімнің қандай жұмыс істейтінін, қандай же­тістіктері барын айтып өтеді, кейін олар қазылар алқасы тарапынан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар бо­йынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Ән-күй, биден өнерін, өздері жасаған қолөнер бұйымдарын көрсе­теді. Әр отбасы халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері бойынша көрініс сахналайды.

 

Бұл сайыста баланы бесікке салу, тұсауын кесу, келін түсіру, мол дастархан жайып, қонақ күту сияқты сахналық қойылымдар көрсетілді. Байқауға қатысушылар жұртшылыққа өз үйлерінен пісіріп әкелген ұлттық тағамдардан дәм татырып та жатты.

 

Байқауға қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбді­манап Ақмолда бастаған әділ қазылар төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен «Үлгілі отбасы» байқауының бас жүлдесі сайысқа Шымкенттің әл-Фараби ауданынан қатысқан Мұхтар Батырбаев қарияның отбасына берілді. Бұл отбасы арнайы дипломмен марапатталды, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. 2-орынға (арнайы диплом, 150 мың теңге) қаланың Қаратау ауданынан қатысқан Ырысай Анарметова әжейдің әулеті лайық деп табылды. Ал 3-орын (әрқайсысына арнайы диплом, 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық) сайысқа Еңбекші ауданынан қатысқан Қалмахан Есалиев пен Қаратау ауданынан келген Ғабиден Коляров қариялардың отбасыларына бұйырды. Ынталандыру сыйлықтары (арнайы диплом, 10 мың теңгеден ақша) байқауға қаланың Абай ауданынан қатысқан Бектемір Бәкіров пен Қаратау ауданынан қатысқан Пернебек Досымбековтің отбасыларына берілді.

 

Қысқасы, бұл байқауға қатысып, өздерінің өнегелі өмірін, өсіп-өнген әулетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге беріктігін, өнерлерін паш еткен отбасылардың ешқайсысы да ескерусіз қалған жоқ. Қариялар мен олардың ізін алып келе жат­қ­ан балалары барын салды десек болады. Әсіресе кішкентай немере-шөберелердің өнерге бейімдігі жұртты сүйсіндірді. Олардың салт-дәстүрлер бойынша сұрақтарға мү­дірмей жауап беріп, жүздеген адам көз тіккен сахнада еркін ән шырқап тұрғанының өзі бір ғанибет еді. Осы байқауды тамашалауға келген әжелер ансамбльдері әнші­лерінің ішінен ойнақы әуенде ән айтып, жұртты біраз билеткен апа­лар да іс-шараның тартымды өтуіне өзіндік үлестерін қосты.

 

Осындай өнегелі, ғибратты байқаулардың жұртқа берері көп, тәлім-тәрбиелік маңызы мол екені анық. Ендеше олар лайықты жалғасын таба берсін дейміз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

Суреттерді түсірген – Ж. ӘБУОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ