Артында өшпейтұғын із қалдырған

25.08.2018
Қаралды: 496

Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына 96 жыл толды. Осыған орай ол кісінің атындағы қоғамдық қор мен №77 мектеп-лицей «Тұғыры биік біртуар азамат» тақырыбында іс-шара өткізді.

 

Ол Шымкенттің Асқаров көшесіндегі атпал азаматтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.  Жиынды қор төрағасы Дәуренбек Сандыбаев ашты. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Исмат Тұрсынқұлов, Нұрмаханбет Әжіметов, Досыбай Шерімқұлов, Бекет Тұрғараев, Әбдуәлі Жақсыбаев, Әтірхан Шыңғысбаев және басқа да қызметтес болған азаматтар Асанбай Асқарұлының азаматтық қыры, іскерлік қаси­еттері туралы әңгімеледі.

 

«Асанбай Асқаров өз дәуірінде уақыттан оза шапқан саяси тұлға болды, – деді Шымкент және Арыс қалаларының Құрметті азаматы атағының иегері Шерім Медеуов. – Сондықтан да оның рухы туған халқымен бірге жасап келеді. Ол ел басына күн туған шақта қолына қару алып, елін, жерін қорғады. Елге оралған соң бірнеше облыстарға басшылық жасады.  Біздер әріптес болдық. Ол кісіден үйренгеніміз көп еді.

 

Асанбай Асқаровтың ұйытқы болуымен демалыс орындары, жаңа мектептер мен ауруханалар, жаңа ауылдар мен мәдениет ошақтары халық игілігіне берілгенін көзбен көрдік. Атап айтқанда, 1965 – 1978 жылдары ол Алматы облысына басшылық жасаған кезде  68 шаруашылық, екі селолық, екі қалалық аудан құрылды. Алматыда темір жол транспорты инженерлері институты, Алматы құрылыс-сәулет, энергетика институттары ашылып, Қонаевтың басшылығымен «Қапшағай» су қоймасы салынды. Алматыда Ә.Жанкелдин, О.Жандосов ескерткіштері, Панфилов саябағындағы «Даңқ» мемориалы ашылды. Мұның бәрі А.Асқаровтың идеялары бойынша  іске асырылған еді. Ол кісі қай жерде істесе де сол аймақты құлпыртып, жайнатып жіберуге, халықтың жағдайын мүмкіндігінше жақсартуға бар күш-жігерін жұмсады. 1978-жылы Шымкент облыстық комитетіне І хатшы болып тағайындалысымен оңтүстік өңірінің өндірісін, ауыл шаруашылығын, әсіресе мақта  шаруашылығын, қала құрылысын дамытуды мықтап қолға алды. Шымкент қаласында қоқыс жиналып келген 140 гектар жерді дендробаққа айналдырып, бюджеттен бір тиын да алмай, бірде-бір облыста жоқ зоопарк, балалар темір жолын, ипподром салдырды.

 

Міне, осындай дара тұлғамен қызметтес болдым. Оны мен мәртебе санаймын».

 

Мерейтой Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейде жалғасын тапты. Мектеп-лицей сыныптарында ашық сабақтар өткізілді, шығармаларынан кітапхана-суреттер бұрышы ұйымдастырылды. Көршілес мектеп-лицейлер арасында спорт түрлерінен жарыс өткізілді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар беріліп, үздіктер марапатталды. Мектептің алаңшасында жиылған қонақтар іс-шараның өтуіне мұрындық болған мектеп-лицей ұжымына алғыстарын білдірді.

 

Жиын соңында ас беріліп, қайрат­кердің рухына құран бағышталды. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт, Төлеби ауданының тұрғындары Тұрдалы Сәуірбеков, Әсет Кенбаевтар да естеліктерімен бөлісті.

 

А.Асқаров – «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Көзқарас», «Ұлы Тұранның ұлдары» атты кітаптар мен өлең жинақтарының авторы.

 

Артында өшпейтін із қалдырған Асанбай Асқаровтың есімі халықтың есінде мәңгілікке қала бермек.

 

Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ