ХХІ ғасырдағы ата-ана қандай болуы керек?

21.08.2018
Қаралды: 117

Таяуда еліміздегі мектептерде 1 және 10 – 11-сынып оқушыларының ата-аналары аясында «ХХІ ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» тақырыбында республикалық ата-аналар конференциясы өтті. Аталмыш іс-шара Білім және ғылым министрлігінің, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және Отбасы тәрбиесі институтының бірігуімен ұйымдастырылған.

 

Алғашқы тақырып баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында болды. Бала тәрбиесіне жауапты әрбір ата-ана ғаламтор желісіндегі баланың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін зорлық-зомбылық пен тыйым салынған идеологияны, порнографияны насихаттайтын сайттардан, зиянды форум­дардан, алаяқтар мен құмар ойындардан өз баласын сақтандыруы керек. Ол үшін ата-ана баланың ғаламтор желісіндегі уақытын бақылауға қоюы қажет.

 

«Егер бала өзінің назарын ойын­нан басқаға аударуға тырысқан сәтте агрессия білдірсе, құрдастарымен қарым-қатынаста қиындық пайда болса, қандай сайттарға кіретіні туралы ақпаратты ата-анасынан жасырса, баланың күн тәртібі бұзылса, онда баланың компьютерге әуестігінің қауіпті бола бастағанының белгілері», – дейді психологтар. Оның арты интернет-тәуелділікке алып келуі әбден мүмкін.

 

Конференцияда айтылған тағы бір қызықты ақпаратқа сенсек, компьютерге қыздардан гөрі ер балалар әлдеқайда жақынырақ болып келеді екен. Зерттеулер бойынша, интернетке тәуелді бір қыз балаға он ер баладан келетін көрінеді. Компьютерге тәуелділіктің себептерін де психологтар жеке-жеке атап көрсетіп отыр. Солардың ішінде баланың желідегі ойындарға деген қызығушылығының азаймауы, баланың қараусыздығы, ата-анасымен, сыныптастарымен қарым-қатынастың жетіспеушілігі, құрдастары тарапынан эмоционалды-психологиялық зорлық-зомбылық, отбасыдағы кикілжіңдер секілді мәселелер бала өміріне кері әсерін тигізбей қоймайды екен.

 

Жалпы, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ата-ана, бірін­шіден, баланың ғаламторда немен айналысатынынан хабардар болуы керек. Оның қандай чаттарға, топтарға, әлеуметтік желілерге кіретінін, кімдермен араласатынын, сөйлесетінін білу маңызды. Екіншіден, үлкендер ғаламтор желісінде қандай да бір адамға өзі туралы ешбір ақпарат бермеуі тиіс екендігін балаларына түсіндіруі керек, соған қоса, желідегі дос болып жүрген бейтаныс жандармен  де өз бетімен кездесуіне жол бермеген жөн. Үшіншіден, белгісіз адамдардан келген файлдарды ашуға болмайтынын ата-ана баласына айтып отыруы керек. Себебі мұндай файлдар вирустармен қоса агрессивті фотолар немесе бейнелерді көрсетуі мүмкін.

 

Ата-ана үшін тағы бір кеңес, компьютерде сүзгілеу құралын орнату өте тиімді. Арнайы маманға жүгіне отырып, қажетсіз контентті бұғаттауға мүмкіндік беретін бақылау құралдарын орнатуға да болады.

 

Одан кейінгі сөз болған мәселе – мектеп ортасында деструктивті діни ағымдар енгізудің алдын-алу тақырыбында болды. Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан мектептер де зайырлы сипатта. Соған сәйкесінше, 2016-жылы Қазақстанның Білім және ғылым, Әділет, Дін істері және азаматтық қоғам минис­трліктері қыз балаларға діни атрибутика киюге тиым салу туралы жариялаған. Конференция барысында мектеп ұжымы «ҚР Білім және ғылым министрлігі 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрықпен мектеп формасы үшін бірыңғай қағидалар енгізді. Заңнама нормалары Қазақстанда барлық конфессиялар мен этностар үшін бірдей болып табылады» дей келе, «Діни атрибутика мектеп оқушысының діни тиесілілігін ерекшелейтіндіктен оқушылардың бөлінуіне, дінаралық алауыздықтың туындауына себепші болуы мүмкін. Ал білім беру процесінде ештеңе де баланың көңілін басқа жаққа аудармауы тиіс» дегенді атап өтті. Сонымен қатар, Ислам дінінің кәмелетке толмаған қыз балаларды хиджаб киюге міндеттемейтінін, діни міндеттер тек адам кәмелеттік жас­қа толғаннан кейін ғана және «балиғат» ұғымына сай болғанда ғана жүктелетіндігі туралы да айтылды.

 

Конференция барысында отбасылық құндылықтар тақырыбында ата-ананың отбасындағы міндеттері жайлы түсінік берді. Әсіресе бірінші сынып оқушыларының мектепке бейімделуіне ата-ана тарапынан көмек шараларының қажеттілігін айт­ты. Үйдегі еркін өскен бала мектептегі талаптарға үйрене алмай, сабақ үлгерімінде, құрбылармен қарым-қатынаста қиындықтар пайда болып жатса, мұндайда ата-ана көмекші бола алады. Бала бірінші сыныпқа алғаш аяқ басқанда бейімдеу кезеңінен өтетіні белгілі. Сондай кезде үлкендер балаларына барынша жағдай жасаған дұрыс. Балалар­ға «маған жаман бала керек емес», «мен не айтам, соны орында», «сенен түк шықпайды» деген секілді баланың өмірде жетістікке жетуіне кедергі болатын сөздерді тілдік қордан алып тастап, оның орнына «жарайсың», «жақсы», «бәрекелді», «тамаша», «сен бүгін көп іс бітірдің» деген сөздермен алмастыру керек. Оны жиі мақтау керек, бірақ бала сол мақтауға лайық болуы тиіс. Осы тұрғыда баланың өз өзіне ересектер қалай қараса, ол да солай қарайтынын және ата-ана әрдайым баланың өзін-өзі бағала­уына зор ықпал ете алатынын ұмыт­пағаны жөн.

 

Осындай маңызды мәселелерді талқылаған аталмыш конференцияға келмей қалған ата-аналар қаншама! Олардың бала алдындағы жауап­кершілік жүгінің қаншалықты екенін осыдан-ақ байқауға болады. Бұл айтылғандардың әрбірі – кез келген ата-анаға бүгінгі күні өте қажетті ақпарат. Сондықтан тым болмаса баспасөз арқылы ата-ана құлағына жетсін деген ниетпен газет бетіне жариялауды жөн көрдік. Себебі бала – біздің болашағымыз. Оларға келешектің кілтін ұстатып отырғанымызды ескерсек, осы бастан барлық нәрсеге жауапкершілікпен қарағанымыз дұрыс болар еді.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ