Байсейітті бәрі де бағалайды

20.08.2018
Қаралды: 94

1996-жылдың наурыз айы болатын. Аудан әкімшілігінің экономика бөліміне бас маман болып Байсейіт Сейітжа­п­парұлы Жәдігеров келген еді. Ол бөлімге есеп-қисап тапсырып, бөлін­ген қаржының игерілуі жөнінде есеп беріп тұратынбыз. Екеуіміздің таныстығымыз осыдан басталды.

 

Байсейіт өзін үнемі сабырлы ұстайды. Көппен тез тіл табысады. Өз қызметіне тиянақты. Қашан барсаң да кабинеті жинақы, шашылып немесе үйіліп жатқан қағаз көрмейсің. Өзіне тапсырылған іске ешуақытта бейжай қарамайды. Қоғамдық мүддені жоғары қояды.

 

Байсейіт 1956-жылы қара күзде Көкібел ауылында дүние есігін ашыпты. Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факуль­тетін үздік бітіріп, институттың жолдамасымен Семей облы­сы, Аягөз ауданы, «Ақшатау» совхозында бөлімше агрономы болып еңбек жолын бастаған. Осы ауданның Б.Майлин атындағы астық совхозының бас агрономы, кейін бұл совхоз колхоз болып өзгер­тілген кезде басқарма бастығының орынбасары болды. 1993-жылы Шымкент қаласындағы өндірістік-коммерциялық корпорациясы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас­тығы болып ауысты. Қай қызметтің тізгінін ұстамасын, оның соңында оған деген жылы сөз көп, білімділігі мен ұйымдастырушылық қабілетін үнемі бағалап жатады.

 

Отбасының тұңғышы болған соң  Байсейіт бауырларына да үнемі  қамқорлық жасайды. Қолы босаса, ауыл-аймаққа барып, үлкендерге сәлем беріп, өткендерін еске алып тұрады. Бауырлары Қайрулла, Зейнулла, Қайнар, Пернехан, Кенжехан бүгінде әрқайсысы өздері қалаған кәсіп иелері. Қарындастары Нәзипа, Нәзира, Қалипа, Нұржамал, Әнипа тұрмыс құрып, бүгінде бауырларына тілекші болып жүр. Қазір  Жәдігеровтер үлкен әулетке айналған. Кезінде Ұлы Отан соғысының ардагері Сейітжаппар ақсақал мен Науат ападан тараған ұрпақтың бүгінде ақылгөйі де осы Байсейіт.

 

Ол жұмыстан кешігуді, өтірік айтуды өзіне жат санайды. Қолынан келсе, көмегін де аямайды. Содан болар, ұжымда абырой-беделі биік.

 

Байсейіт Сейітжаппарұлы үлгілі отбасы иесі. Жан жары Мәнсия да жоғары білімді, өмірден көрген-түйгені көп. Бүгінде екеуінен тараған екі ұл, бір қыз да өмірден өз орындарын тапқан. Үлкен ұлы Бақытжан аудандағы маңдайалды кәсіпкер болса, екінші ұлы Бауыржан медицина саласында, қызы Саида – тарих пәнінің мұғалімі. Осы ұл-қыздарынан  немере сүйіп отыр. Әсіресе немерелері Жанмирас, Жанерке, Нұрбақыт, Нұрәли, Нұриман, Аяла жұмысынан шаршап келген кезде алдынан жүгіріп шығып, мойынына асылған кезде әп-сәтте шаршағанын ұмытады.

 

Байсейіт 2005-жылдан бері аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болып қызмет етіп келеді. Қызметінде жауапкершілік пен тиянақтылықты бойына серік еткен оны басшылары сыйлайды,  жоғары бағалайды. Кешегі Конституция күніне арналған «Азат елдің ар-намысы – Ата Заң» атты аудандық мерекелік іс-шара ұйымдастырылған болатын. Сонда аудан әкімі Төлеген Телғараев ауданның бір топ еңбек озаттарын «Қазығұрт ауданына – 90 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапаттады. Солардың қатарында Байсейіт Жәдігеров те бар.

 

Міне, біздің Байсейіт осындай абырой-беделі жоғары, абзал жан.

 

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ