Көшеде тамақтанғандарға айыппұл салады

19.08.2018
Қаралды: 132

Италияның әйгілі қалаларының бірі – Флоренцияда туристерге көшеде пицца, панини, жергілікті стритфуд жеуге тыйым салынды. Қала мэрі қол қойған бұйрықта Флоренцияның көшелерінде, әсіресе «Ескі қаланың» орталығында тамақ жеуге тыйым салынғаны, заң бұзған туристке 150-ден 500 еуроға дейін айыппұл салынатыны туралы айтылған.

 

Флоренцияда бүгінде 385 мыңнан аса адам тұрады, қалаға тиіп тұрған елді мекендердің тұрғындарын қосқанда 1 миллионнан асады. Атауы латын тілінен аударғанда «гүлденген» деген ұғым беретін Флоренция біздің жыл санауымызға дейінгі кезеңдерде пайда болған ең ежелгі елді мекендердің бірі. Тарихта аты қалған әйгілі Леонардо да Винчи, Микеланджело, Макиавелли, Данте, Галилей, Веспуччи сынды тұлғалардың туған жері. Қалада ерте замандардан бері келе жатқан ғибадат орындары,  шіркеулер, мұражайлар мен сарайлар, сәулет өнерінің бұдан басқа да ғажа­йыптары көп. Сондықтан Флоренцияға әлемнің әр түкпірінен жыл сайын миллиондаған туристер барады. Мысалы, өткен жылы Флоренция кереметтерін 10 миллионнан аса турист тамашалапты. Соңғы кездері оған Қытайдан, Үндістаннан, Латын Америкасы елдерінен баратындар саны да артып отыр.

 

Міне, Италияның ұлттық мақтанышы, туристік қана емес, экономикалық әрі индустриалық орталығы саналатын осы қаланың бір кемшілігі – оның орталығындағы көшелерде адамдар отырып «жүрек жалғап» алатын орындықтар жоқ екен.  Сондықтан оны аралап жүрген туристер жоғарыда аталып көрсетілген тағамдарды көшеде жүріп  немесе кез-келген дүкен алдына, тепкішектерге отыра қалып жейтін көрінеді. Бұл, әрине, жергілікті тұрғындарға тіпті де ұнамайды. Осының себебінен ұрыс-керіс, айқай-шу жиі орын алып тұрады. Осындайдан әбден мезі болған қала басшысы өткен жылы қала тұрғындарын ондай туристердің үстінен су құйып жіберуге шақырған екен. Өткен жылы бір дүкен қожайыны есігінің алдындағы тепкішекке жайғасып алып, пицца соғып отырған испандық отбасымен төбелесіп қалғасын мэр ойлана келе ондайларға қомақты түрде айыппұл салуды шешіпті.

 

Бұл заң  талабы алдағы жылдың қаңтар айына дейін өзінің күшін жоймайды. Қажет болса, қолданыс мерзімі ұзартылуы да мүмкін екен. Ал пицца жегісі келетіндерге оны беймарал отырып қаужайтын арнайы орындардың картасы берілетін болады.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ