Қызылорда облысын – Сырдария, ал орталығын – Тұран деп өзгерту керек

19.08.2018
Қаралды: 199

Қазақтың тарихына етене Ақ Орда, Көк Орда, Алтын Орда атауларын келмеске кетірсек те Қызылорда атына неге жабыстық та қалдық? «Қызыл» атауы кешегі күшпен коллективтендіру жасап, малын тартып алып, қазақтың тең жартысын аштан қырған, одан қала берді, қазақтың бетке ұстарларын атып, асып, қудалауға салған Кеңес өкіметімен, қызылдар партиясымен байланысты екенін біле тұра неге бұл атауды өзгертуге талпынбаймыз? Әлде баяғыда күйреген Кеңес өкіметінен қалған үрей мен құлдық сана жібермей тұр ма?

 

Осы орайда қаланы және облысты қалай атауға болады деген ой туары анық. Тарихқа үңілсек, Қызылорданың байырғы атауы – Қамыс­қала. Кейін Ақмешіт атанды. Бұл аймақта ертеде Ордакент, Сығанақ қалалары болған. Бұлар да қала атын иеленуге лайық.

 

Жалпы, Қызылорда облысы Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзенінің төменгі ағысында және Тұран ойпатында орналасқан. Сондықтан Қазақстан, Сыр бойы – алты Алаштың анасы, түркі дүниесінің түп-тамыры екенін тағы бір бекіте түсу үшін Қызылорданы Сырдария облысы, Тұран қаласы деп өзгертуді ұсынамын.

 

Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Сабыр Шәріпов, Қалмахан Әбдіқадыров, Асқар Тоқмағанбетов тәрізді қазақ зиялыларының ізі қалған, Алаштың анасы атанған киелі мекенді шынымен құрмет тұтсақ, ұлттық сананы жаң­ғыртқымыз келсе, тарихи әділетсіздіктерден ел тарихын арашалап алғымыз келсе, өзгерту керек. Білеміз, оған біршама қаражат кетеді. Алайда ұлттық рух, намыс одан да биік әрі қымбат.

 

Әділбек ҚАБА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ