Әуежай да сатылатын болыпты

20.08.2018
Қаралды: 354

Иә, таңқалмаңыз. Әуежай да сатылады. Қалтаңыз көтерсе, көңіліңіз қаласа, оны мемлекеттен өз меншігіңізге сатып ала аласыз.

 

 

Мысалы, Қостанай халықаралық әуежайын 862.108.000 теңгеге алуға мүмкіндігіңіз бар. Астана, Атырау, Ақтөбе немесе Павлодар қалаларындағы әуежай да сіздің меншігіңіз болуы мүмкін. Алдағы қараша айында Шымкент әуежайы да сатылымға түседі. Бірақ әзірге олардың бағасы белгісіз, анықталу үстінде.

 

Сатылатын нысандар бұл ғана емес. Үкімет мемлекет меншігіндегі және ұлттық холдингтерге қарасты бұдан басқа тағы 63 компанияны сатылымға шығарды. Жекешелендірудің екінші толқынына түскен компаниялар арасында Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» РМК, «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы» АҚ, Шығыс Қазақстан облысындағы «Ядролық технология паркі» АҚ, Алматы қаласындағы «Бөбек» Ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру  ортаығы» РМҚК, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ, «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ, «ҚазАгро», «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ сынды ірі нысандар бар. Қазір бұл аталған компаниялардың бағасын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Саудаға қойылған ұлттық компаниялардың әрқайсысының құны 5 миллиард теңгеден жоғары болады деген дерек бар. Ал сауда-саттық аукцион және тікелей сатып алу жолымен жүргізілмек.

 

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың (кешегі аптада ол Астана қаласының әкімі болып тағайындалды) айтуынша,  жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына 887 нысан енгізіліпті. Осы уақытқа дейін  оның 502-сі саудаға шығарылған. Жекенің меншігіне айналатын нысандар арасында жоғары және орта оқу орындары да бар.

 

Мәселен, қараша айында Қазақстан-Британ техникалық университеті де электронды сауда алаңы арқылы сатылмақ. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі акциялар 11 миллиард 364 миллион 544 мың теңгеге бағаланып отыр. Бірақ бұл бастапқы баға ғана. Сауда ағылшын тәсілімен өтетіндіктен оқу ордасының құны бұдан әлдеқайда қымбат болуы да мүмкін.

 

Ал Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясы өткен наурыз айында 10 миллиард 250 миллион 999 мың теңгеге сатылған. Осы оқу орнының Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент қалаларындағы аттас колледждері де жүз пайыз жекенің қолына өткен.

 

Жаңа жылға дейін жаңа қожайынның қолына өтетін мекемелер арасында ауруханалар да бар. Электрондық саудада Алматы қаласындағы «Оқу-клиникалық орталығының» бастапқы бағасы 3 миллиард 747 миллион 680 мың теңге деп көрсетіліпті.  «Алматы» теміржол ауруханасы» 2 миллиард 279 миллион 553 мың теңгеге бағаланған. Көкшетау, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, қалаларындағы теміржол ауруханалары да көп ұзамай жекенің меншігіне өтетін сияқты. Олар әзірге 300-700 миллионға бағаланып отыр. Ал Шымкент, Тараз, Павлодар, Семейдегі осы аттас ауруханалар жаңа иелерін тауып үлгеріпті. Мәселен, «Шымкент теміржол ауруханасы» ЖШС шілде айында 629 миллион теңгеге сатылған.

 

Мұның бәрі биыл сатылған және жыл соңына дейін сатылатын нысандар. Ал 2020-шы жылы «Қазақстан Темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром», «Самұрық-Энерго», «Қазпочта», «Эйр Астана» компанияларының 10-25 пайыз акциялары саудаға түседі. Яғни әуежай ала алмасаңыз, теміржолдың (немесе басқа компанияның) «жартылай» қожайыны бола аласыз.

 

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ