Ресейде халық көтеріліп жатыр

18.08.2018
Қаралды: 176

Ресейде аймақ губернаторлары мен түрлі деңгейдегі депутаттар сайлауы  болып өтті. Дегенмен ол тыныш өткен жоқ. Дәл осы күні елдің ондаған қалаларын халық наразылығының дүмпуі шарпыды. Жұртшылық негізінен зейнетақы реформасына қарсы шығып жатыр.

 

Бұл елде осыған дейін ерлер 60 жаста, әйелдер 55 жаста зейнеткерлікке шығатын еді. Ал ғалымдар мен сарапшылар зейнеткерлік жасы ұлғайтылмаса, енді бірер жылдан кейін Ресейде өте қиын жағдай қалыптасуы әбден мүмкін екенін айтып дабыл қағып жүрген болатын. Яғни егер ол ұлғайтылмаса, онда алдағы 10 – 15 жылда елде  жұмыс істеуге қабілетті жастағылар мен зейнеткерлердің жалпы саны теңесетінін, әлеуметтік қамсыз­дандыруда жетіспеушілік орын алатынын, әрбір еңбеккерге бір зейнеткерді асырап-бағуға тура келетінін, мұның соңы айлық жалақының қыс­қаруына және тағы басқа да әлеуметтік жай­сыздықтарға апарып соғатынын алға тартқан. Бірақ қазіргі кездегі қалыптасып отырған ішкі-сыртқы жағдайларды уайымдаған билік оған тә­уекел ете алмай келген еді. Ақырында биылғы жазда түпкілікті шешім жасалды: бұл елде ерлердің зейнеткерлікке шығу жасы – 65 жас, ал әйелдердікі 63 жас деп бекітілді. Зейнеткерлік жасын ұлғайту 2019-жылдан бастап сатылап іске асырылатын болды.

 

Үкімет неліктен бұлай жасағанын олай да, былай да түсіндіруге әрекеттенді, бірақ халық оған үзілді-кесілді қарсы шықты. Ал Алексей Навальный бастаған оппозициялық күштер Үкіметтің бұл шешімін халықты ашықтан-ашық тонау, миллион­даған зейнеткерлерді тиесілі зейнетінен айыру деп бағалады. Сөйтіп халықты бұған бүкіл ел болып қарсы тұруға шақырды. Оппозиция ақшаны қарапайым еңбек адамдарының зейнетақысынан емес, мемлекеттік сатып алу арқылы байыған ұрылардан алуы және өтірікті шындай етіп сайрайтын ақпарат құралдарына бөлінетін миллиардтаған қаржыдан үнемдеуі керек деп отқа  май құя түсуде.

 

Міне, осыдан кейін Ресейдің бірқатар қалаларында бірнеше мәрте халықтың наразылық шерулері болып өткен еді. Ал бұл жолы көшеге шыққандар саны тіптен көп. Халық наразылығы Ресейдің батысынан шығысына дейінгі аумақтарды түгел шарпып өтті. Бұрынғы шерулерде жұрт Үкімет басшысының орнынан кетуін, Мемлекеттік Думаның таратылуын, зейнетақы реформасын тоқтатуды талап еткен болса, бұл жолы: «Путин кетсін!», «Путин халықты тонап жатыр!», «Біз алдаушылар мен ұрыларға қарсымыз!» деген сияқты ұрандар көтеріп шықты. Оларды сабасына түсіруге күш құрылымдары мен полиция жұмыл­дырылды. Арнайы киімдегі, каска киіп, сойыл ұстаған, көз жасаурататын газбен, резина оқпен қаруланған күш құрылымдары ешкімді аяған жоқ. Полициямен жағаласқандар арасында басы жарылып, көзі көгергендер бар. Жүзге жуық ірі қаланың әрқайсысынан көптеген адам қамауға алынды.

 

Осы наразылық шерулерін ұйымдастырушы оппозиция серкесі Навальныйдың өзін билік шерулер басталмай жатып-ақ, өткен тамыз айының соңында қамауға алған еді. Сот шешімімен ол 1 айға абақтыға отырғызылған болатын. Көп ұзамай оның ірі қалалардағы штабтарының үйлестіру­шілерінің де көбі  5 – 10 күннен қамаққа түсті.

 

...Жалпы, бүгінде Ресейдің ішкі ахуалы қиындап тұр. Батыс елдерінің экономикалық санкция­лары бір жағынан, халықтың наразылығы екінші жағынан есін шығарып жатыр. Ұлттық валютасы – рубльдің құнсыздануы жалғасуда. Бұл өз кезегінде онымен сауда-экономикалық байланыстағы елдерге де қиындықтар әкелуде.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ