Баласы мектепке баратындарды базар шаршатып жіберді

18.08.2018
Қаралды: 135

Жаңа оқу жылының екінші аптасы бітуге жақын. Десе де көп ата-ана баласын мектепке әлі дайындап жатыр. Айдың ортасына келсе де балаға қажет керек-жарақ толықтырып жүрген ата-аналар дамыл таппауда. Мектептегі оқыту жүйесі мен оқу құралының жиі өзгеріске түсуі салдарынан оқуға қажетті сан түрлі заттарды сатып алмас­қа болмайды. 

 

Бүгінде оқу жүйесіне енген жаңартылған бағдарлама оқушыға да, өзгерістерден шақшадай басы шарадай болған ұстаздарға да әсерін тигізіп жатыр. Жаңа білім беру жүйесі басталысымен-ақ жаңа оқу құралдары қолданысқа дайын болуы шарт. Бүгінгі таңда жаңалығымен келген оқу жүйесі Қазақстандағы барлық мектептерге енгізіліп қойғанымен, әлі оқушылардың оқитын оқулығы даяр емес. Соның бірі 2-сыныпқа арналған, тегін берілетін «Өзін-өзі тану» мен «Әдебиеттік оқу» дәптерлері. Бірақ Шымкенттегі бірқатар сауда дүкендерінде бұлар бар. Демек, ата-анаға өз қалтасынан оқуға керек кітап пен қосымшаға қажетті дәптерді сатып алуға тура келеді.

 

Есімізде, 2017 – 2018 оқу жылында 1-ші, 2-ші, 5-ші, 7-ші сынып оқушылары жаңартылған жүйеге көшу барысында «5 күндік» күнделікті сатып алдық. Бастапқыда «5 күндік» күнделік бағасы 250-400 теңгеден басталып, кейін 1000 – 1500 теңгеге дейін көтерілген болатын.

 

Ата-ана ретінде жаңартылған білім жүйесінің талабына сай 2-сынып оқитын ұлыма жылдағыдан көп қаржы жұмсадым. Мектепке қажетті форма, спорттық киімді есептемегенде құрал-сайман, оқулық және арнайы пән дәптерлеріне 20 мың теңге кетті. Бұл барынша үнемделген қаржы. Себебі ұлымнан екі сынып жоғары оқитын қызыма да аталған қажеттіліктердің барлығын болмаса да біршамасын әперуім керек еді.

 

Содан кейін сөмкесі мен мектеп формасы тағы 20 мың теңгені құрады. Барлығын есептегенде 1 балаға 40 мың теңгеге зат алдым. Бұл ақшаның құнсыздануы мен мектеп заттарының шамадан тыс қымбаттауының салдарынан.

 

Мәселен, өткен оқу жылында мектепке 3 миллионға жуық оқушы барды делік. Осыдан-ақ балаға керектінің қаншалықты сатып алынғанын санамай-ақ жобалауға болады. Айталық, ақ көйлек, қара шалбардың Қытай, Қырғызстан, Түркия елінен жеткен түрлері базарларда толып тұр. Бір жейде, шалбар мен көйлекке кемі 8 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін жұмсалады. Ал отандық өнімдер 15 мың теңгеден басталады. Отбасыңызда бала саны қаншалықты көп болса, әрбіріне осынша қаржы жаратылады.

 

Мектеп сөмкелерінің ең арзаны 3 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін шарықтаған. Ал осыдан екі-үш  жыл бұрын 5 теңгеге сатылған қарапайым 12 беттік дәптерді бөлек алсаңыз, 25-30 теңге, жай қарындаштың бір данасы – 50 теңге, бояулар – 250 – 800 теңге аралығында, фломастер – 300 теңгеден жоғары, өшіргіш, ұштағыш, сызғыш, пенал – барлығы 1000 теңге көлемін құрайды. «Өзін-өзі тану» пәні кітабы 1000 – 2000 теңге, оның пәндік жұп дәптері – 650 теңге, «Әдебиеттік оқу» дәптері де 800 теңгенің жобасында.

 

Міне, осыдан кейін мектеп заттарының құны жылдағыдан 20 пайызға дейін жоғарылағанын байқадым. Ал тұрмысы төмен отбасылар мен 4-5 оқушысы бар жанұяларға бұл қаржының оңай соқ­пасы анық.

 

Айта-айта жауыр болған бұл мәселе қашан шешімін табар екен? Баласы үшін барын аямайтын ата-ана сатып әпереді-ау, тек мектеп қажеттілігінің сатылымдағы бағасы тұрақтанса дейміз.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ