«Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасына қатысқан

20.08.2018
Қаралды: 654

Отандық арнадағы танымал, рей­тингісі жоғары бағдарламалардың бірі «Миллион кімге бұйырады?» интеллектуалды ток-шоуы көрермендерімен қайта қауышып, миллиондарды таратуды бастады. Кез-келген адамның тісі бата бермейтін бағдарламаға жолдама алу үшін қатысушының таным көкжиегі кең, ойы жүйрік болуы шарт.

 

Кіл мықтыларды анықтайтын білім додасына жуырда әріптесіміз әрі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, алматылық Мерей Ақанбаев қатысып, бағын сынап қайтыпты. Ток-шоудың қалай өрілгені, ойыншыларды сүріндірген нендей сұрақтар және кім жүлделі болды деген сауалдар төңірегінде Мерей Еркінбек­ұлымен сөйлескен едік.

 

«1-қыркүйек күні белгілі журналист, сценарист Айдана Аламанның «Фейсбук» желісіндегі парақшасынан «Миллион кімге бұйырады?» интеллектуалды ток-шоуына ойыншылар қабылдап жатқанын көзім шалды. Қысқаша шарттарымен танысып, «3698» нөміріне «K1» деп «смс» хабарлама жібердім. Сол сәтте менің өтінішімнің қабылдан­ғанын растайтын хабарлама келіп, «9684» нөмірінен сұрақ күтуімді өтінді. Айтқанындай-ақ сұрақ келді. Сұрақ мен үшін айтарлықтай қиын соқпағандықтан бірден жауап бердім. Бір минут өтер-өтпес уақытта сұраққа дұрыс жауап беріп, «Миллион кімге бұйырады?» ток-шоуының қатысушысы атанғанымды айтып, бағдарлама операторлары құттықтады.

 

Содан мені қашан шақырады екен деп елеңдеп жүргенімде операторлар қоңырау шалды. Олар ойын шартына сәйкес тағы да сауалдар қоятынын жеткізді.

 

Бұл жолы бес сұрақ қойды. Қойылған сұрақтың төртеуіне дұрыс жауап беріп, кезекті іріктеуден өттім. Ток-шоудың электронды поштасы арқылы өзіме қатысты қысқаша мәлімет жолдаған соң аздап дайындалдым. Ақырында 9-қыркүйекте ток-шоу студиясында төбе көрсету бақыты бұйырды», – дейді Мерей.

 

Жүргізушінің жанындағы креслоға жайғасқанға дейін «спринт» деп аталатын тағы бір кезеңнен өту міндеттелген екен. Бұл кезең біліммен қатар шапшаңдықты қажет етіп, он ойыншы барын салыпты. Сұраққа тез әрі дұрыс жауап берген ойыншы жүргізушінің жанындағы креслоға жайғасып, негізгі ойынға қатысады. Бір өкініштісі, білімі бабында болған Мерей жайбасарлығының кесірінен негізгі ойынға қатыса алмай қалады.

 

Алайда басқа ойыншылардың ойынын ерекше әсерде тамашалай алған. Бір айта кетерлігі, сұрақтар жаһандық мәдениет пен ұлттық құндылықтарымызға негізделіпті. Әлем мәдениетінен хабардар, бірақ қазақ мәдениетінен ауылы алыс кісі жауап бере алмайтындай сауалдар көп кездесіпті.

 

«Бағдарлама тілшілері де сұрақтарды дайындау мақсатында үлкен дайындық жүргізген екен. Сонымен қатар ойын барысында «бармақ басты, көз қысты» жағдай орын алған жоқ. Бәрі-бәрі әділетті өтті. Ток-шоу аяқталысымен барлық ойыншылар ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Отандық арналарда «Миллион кімге бұйырады?» интеллектуалды ток-шоуы сынды танымдық бағдарламалар көп болса екен деймін», – дейді миллион ұтуға бір табан жақындаған жігіт.

 

Айтпақшы, бағдарлама барысында олжалы қайт­қан үш азамат болыпты. Ең жоғары – 90 мың теңге ұтысты Дархан есімді жігіт қанжығалапты. Қалған жеңімпаздардың аты-жөні Мерейдің есінде қалмапты.

 

Бағдарламаны «Хабар» арнасынан тамашалауға болады.

 

Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ