Қыркүйек шаруаға қолайлы бола ма?

17.08.2018
Қаралды: 201

Таяуда еліміздің шығысындағы Семей аумағында қалыңдығы тобықтан асатын қар жауғаны белгілі. Одан бергі уақытта да кей аумақтарда күн суытып, ұйтқып жел тұрған кездер болды. Мұндайда әсіресе диқан қауымның көкейіне уайым ұялап, жұлдызшы-болжамшылар жаққа құлақ түретіні  белгілі. Осы орайда біз шымкенттік ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбаймен хабарласқан едік.

 

«Бұл ай жиын-терімге қолайлы болады, – дейді Нұрекең. – Кешегі 11-қыркүйекте жаңа ай туды. Ол шалқасынан жатыр, яғни халықтың ғасырлар бойғы нанымына сәйкес, өзіне жайсыз, шаруаға жайлы кейіпте туды. Менің болжамымша да солай, алдағы күндер шаруаға жайлы болмақ.

 

Қазір бізде күн жылы. 18-қыркүйекке дейін 30 градус шамасында жылы болып тұрады. Тек 19 – 20-қыркүйек аралығында таулы аудандарда жаңбыр жаууы мүмкін. Дегенмен кейін күн райы біршама салқындайды, 20 градус жылылыққа дейін төмендейді. Жалпы, айдың аяғына дейін аспан ашық болады».

 

Ауа райын болжаушы осылай дейді. Ол алдағы күн райын жаңа туған айға қарап болжап отыр екен. Айтуынша, 1 – 2-қазанда ауа райы суытуы ықтимал.

 

«Менің болжамымша, айдың басында салқын күндер бар. Ал 5-қазаннан бастап 9-қазанға дейін күн қайта ысиды. 9-қазанда өлара кезеңі келеді. Сол кезде ауа райы құбылады, аспан бұлттануы мүмкін», – дейді Н.Қозыбай.

 

Бүгінде кей болжамшылар қыс ерте түседі деп те жатыр. Осыған орай қойған сұрағымызға байланысты Нұрғабыл былай деді:

 

«Олар мұны еліміздің басқа өңірлеріндегі құбылыстарға қарап айтып отырған болар. Мен әзірге бұған қатысты ештеңе дей алмаймын. Кезі келгенде жаңадан жасаған болжамдарымда айтармын».

 

...Қысқасы, қыркүйек айының ауа райы Оңтүстік жұртшылығы үшін жайсыз бола қоймайтын сияқты. Әйтсе де қоңыр күздің келіп жеткенін ескеріп, табиғат құбылыстарына алдын-ала дайындық жасап қойған артықтық етпес.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ