«Қалаулымға» қарап, қандай ой түйдім?

19.08.2018
Қаралды: 283

«Фейсбуктегі» бір парақшада «Арамызда «Қалаулым» бағдарламасын қарамайтын адамдар бар ма екен?» деген сауалға 1000-нан аса адам: «Бар, қарамаймыз», – деген пікір қалдырыпты. Дәлірек айтсам, 1324 пікірдің 10-ға жуығында ғана «қараймыз» деп нақты жауап беріпті. Мыңнан аса адамның 10-ы ғана аталмыш бағдарламаның көрермені болса, «Қалаулымның» рейтінгісі ең жоғары болуы қалайша мүмкін деген ойға қалдым.

 

Десек те «Қалаулым» – үйде отырған қыз-келіншектер мен апаларымыздың қалаулысы. Желідегі «Құрыған бағдарлама, өзін қазақпын деген ұл мен қыз мұнда бармауы керек. Жап-жас болып, күйеусіз, әйелсіз қаламын дей ме?! Жүргізіп отырған қарындасымыз да осыны ойлануы керек», – деп ашын­ғандарды: «Адамдар, неге түсінбейсіңдер, жан баласына үндемейтін, тұйық адамдар болады, ондай қыздар да, жігіттер де бар. Міне, бұл – дәл осындайларды таныстырып, жарастырып, үйлендіріп жіберу үшін өте қажет бағдарлама. Ондайларды бұрын жеңгелері, достары, құрдастары таныстырып, үйлендіріп жіберетін. Оларды бұрын «жеңгетай» дейтін, қазір ондай адамдар жоқ. Сондықтан бұл бағдарлама өте қажет. «Қалаулымда» шаруаларың болмасын! Сендер секілді аттыға жол, жаяуға сөз бермейтін сартылдақтар үшін керек емес шығар, ал үндеместер үшін өте қажет. Осыны түсініп барып әңгіме айтуларыңа болады», – деп басып тастап жатқандар да жоқ емес.

 

Дегенмен де осыны оқи отырып, өз басыма жеке өмірінде бір қыздың алдында сөз айта алмаған үндемес адам дүйім жұрттың алдында «үйленем» деп қалай жар салмақшы деген ой келді. Ал қыз баласына келер болсақ, әлбетте, оның ұяңдығы – қазақ қызының табиғатына тән нәрсе емес пе? Ұяңдықты тұйықтықпен шатастырмаған да дұрыс-ау.

 

Иә, бүгінгі күні экранымызда «Қалау­лым», «Кел, келінім» атты жобалар пайда болды. Жақтаушылары мен мақтаушылары, соған қоса даттаушылары да жоқ емес. Дегенмен екі бағдарламаның да мақсаты ортақ – еліміздегі отбасы санын көбейту, бойдақтар санын азайту. Бұлардың көшірме екендігі, менталитетімізге сай келмейтіндігі, түрік ағайындарымыздың тірлігі екендігі – бәрі де әбден айта-айта жауыр болған тақырып. Қанша қылғынып, қарсылық көрсеткендердің қатары мол болғанымен, одан өзгере қалған ештеңе көргенім жоқ. Баяғы жартас – бір жартас.

 

Менің айтқым келетіні – басқа нәрсе, осы бағдарламада отырған қыз-жігіттеріміздің бет-бейнесі. Бұл бет-бейне арқылы біздің қоғамымыздың келбетінің қандай екенін анық байқауға болады. Шындығына келсек, көпшілік қыздарымыз ұрыс-керіске бір табан жақын, тірлікке епсіздеу, шайпау мінезді, басынан сөз асырмайтын, жүйкелері әлсіз, сөйте тұра өте заманауи,  оқыған-тоқығаны баршылық, кейде тым ақылды, жасандылық пен жаңашылдыққа әуес, ойларын еркін айтатындардың қатарынан секілді көрінеді маған. Сырт келбеттері табиғилықтан тыс болғандықтан түрлері де бір-біріне ұқсайтын секілді ме, қалай? Әрине, жасанды кірпік, қас, тырнақ, батпандап жағылған бояу, біркелкі макияж бүгінгі сұлулыққа көп көңіл бөлетін заманда ешкімді ерекшелей қоймайтындай. Жар іздеген қыздарымыз үшін материалдық жағдай маңызды. «Үйленіп, үй болып алайық, арғы жағын бірлесе отырып, үйлестірерміз» дейтіндердің саны өте аз. Керісінше, дайын асқа тік қасық болып, «бірден байлыққа кенелсем, бақытқа да кенеле кетем» дей ме екен, әйтеуір, милары жаңсақ әрі жарамсыздау, піспеген ойларға толы.

 

Ал ұлдарымыз ше? Кейде керітартпа, кейде көкірек, көбіне сөзге ерме, мақсатсыз, тым өктем және еркін, есепшіл болып кеткендей. Тілдері ірі, тірліктері ұсақ. Сөйте тұра намысшыл. Артық ауыз сөз кетсе, жаға жыртысудан да кенде емес.

 

Келісемін, бес саусақ бірдей емес, дегенмен де бүгінгі қоғамымыздағы қыз-жігіттеріміздің жалпылама бейнесі осылай. «Батыстанып» барамыз ба, белгісіз, әйтеуір қазақ деген қанымыздан ештеңе қалмай бара жат­қандай.

 

Осы «Қалаулым» бағдарламасына келіп отырған әрбір қатысушы туралы мәліметтерді әдейілеп қарап шықтым. Соның ішінде 33 жас­тағы Жанна деген қызымыздың анкетасындағы «Болашақ жарына қоятын талабы» деген жеріне былай деп толтырылыпты: «Өзінен үлкен немесе үш жасқа дейін кіші, тұрақты жұмыс орны бар, бойы ұзын, жауапкершілігі мол, білімді ер-азаматты күтеді. Енесімен тұруға дайын, бірақ ауылға барғысы келмейді».

 

Егер өзінен үш жас кіші әлгі бойы ұзын, білімді жігіт алда-жалда ауылда тұратын болып шықса, Жаннамыз тұрмысқа шықпайды деген сөз бе сонда? «Енесімен тұруға дайын» деген тіркес «өте батыл, майданға аттануға дайын» деген мағынамен астасып тұрған секілді көрінді. 45 жастағы Жанна: «Балаларыма жақсы әке болатын, сенімді, білімді, жан-жақты көзқарастағы ер-азаматты күтемін. Жас ерекшелігі маңызды емес» деп жазады. Ал балаларыңа жақсы әке боламын деп 25 жастағы жігіт келсе ше?

 

Шымкенттік Салтанат материалдық жағдайы қалыптасқан жігіттерді іздеп жүрсе, 21 жастағы Эльмира Есжан бір жыл бұрын сколиозға қарсы ауыр ота жасатқанын, дәрігерлердің кеңесі бойынша жақын арада отбасын құрып, балалы болуы керек екендігін жазып қойыпты.  19 жастағы Ақерке отбасылық жағдайын «тұрмыс­та болмаған, бір баласы бар» деп көрсете келе, өзінен жасы үлкен, баласына жақсы әке бола алатын, тұрақты жұмыс орны бар, қандай жағдай болмасын өзіне қолдау көрсете білетін азаматты күтетінін айтады.

 

Мұндағы мені алаңдатқаны, жар іздеген қыздарымыздың өздері талапты дұрыс қоймауының салдарынан отбасылы болу мүмкіндігінен айырылып отырған секілді. Бәрінің де бақытты болуға құқығы бар, десек те шын мәнінде бақыттың кілтін қай сандықтың ішінен аларын білмей дал боп отырғандай. Таудай талап қою үшін де алдымен өзіміз сол талапқа сай болуымыз қажет емес пе деп қаласың.

 

Дәл сол секілді «КТК» арнасындағы «Кел, келінім» бағдарламасында да жап-жас, көрікті қыздарымыз төрт жігіттің назарына таласып, бақтарын сынап жүр. Олардың өзара ұрысқаны мен жұлысқаны туралы кадр­ларды көріп, жаға ұстап қалатынымыз да жасырын емес. Жасы 21-ге енді келген бір қызымыз тоқалдықтан бас тартпайтынын да айтып қалып, елді бір шулатты. Одан бұрынырақ енді біреуі: «Менің үйім, көлігім, жеке кәсібім бар. Мен ол жігітті қандай жолмен болса да өзіме қаратамын. Осынша нәрсеге жетіп отырып, бір жігітті өзіме қарата алмаймын ба?» – деп өз-өзіне тым сенімділік білдіргеніне қарап отырып, «астапыралла» дегеніміз рас. Иығы мен санын жалаңаштаған енді біреулері: «Бәрі де қысқа киеді, онда тұрған не бар?!» – деп беттен алып, төске шауып тұр.

 

Бағдарламаның кезекті түсірілімінде сегіз қыздың шеңбер жасап, бір жігітті ортаға алып билегендеріне тіпті күлкім келді. Бағдарлама атауына қарап, біздің болашақ келіндеріміздің сиқы осы болса, онда жетіскен екенбіз деп қоямын. Қарап отырып, Мөңке би бабамыздың кер заман туралы:

 

«Ар-ұяттың бәрінен жұрдай болып,

Қарап тұрған жігітке қыз артылар.

Бас қосылған жерлерде

Әйел жағы ден болар,

Жаман-жақсы айтса да

Өзінікі жөн болар.

Орай салып бастарын,

Жалпылдатып шаштарын,

Тақымдары жалтылдап,

Емшектері салпылдап,

Ұят жағы кем болар.

Сөйткен заман кез болса,

Түзелуі қиын болар», – деген сөзі есіме түсіп, денем тітіркеніп кетті.

 

Бүгінде жеңіл ойлы жастарымыз көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Бағдарлама барысында қанымызға жат қаншама іс-әркеттерді, мінез-құлықтарды байқадым. Оларды жіпке тізбей-ақ қоялық, дегенмен де «текті тәрбие» деген тіркестің әрқашан да роль ойнайтынын ұмытпаған жөн болар.

 

Әрине, бүгінгі жастардың тәрбиесіне теледидар мен ғаламтордың да қосар үлесі бар. Сондықтан да осындай жобалар­ға келіп, жар іздеп, содан соң шынайы бет-бейнесін көрсетіп жүрген әрбір адам сол өзінің іс-әрекеті арқылы экранның бергі жағында өзін бақылап жүрген қаншама өскелең ұрпаққа тәрбиенің бастауын салып отырғанын түсінсе екен деймін. Сонда ғана бір нәтиже байқалары анық. Жастарымыз саналы болса, халқымыз да даналы болар еді.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ