Біз осы кімге айналып бара жатырмыз?

20.08.2018
Қаралды: 619

Біздің балалық дәурен  керемет еді ғой! Бұл сөзімді 1990-жылдарға дейін өмірге келгендер жақсы түсінеді.

 

 

Иә, бізде нағыз балалық шақ болды. Ертелі-кеш үй көрмей ойнайтынбыз. Ұялы телефон түгілі кәдімгі үй телефонының өзі таптырмайтын.  Ата-анамыз біз үшін алаңсыз еді. Өйткені бүгінгідей «педофил», «маньяк» деген ұғымдар мүлдем таныс емес болатын. Ойнап жүріп абайсызда бір жерімізді жарақаттап алсақ, оған құм жағып, емдеп алатынбыз.

 

Ең қызығы, үйдегілерден тығылып, ұрланып барып өзенге шомылып, табанымыз тілім-тілім болып тығылмашақ, атыспақ, «Бәйге», «Қызыл ту» ойнайтынбыз.

 

Кешке дейін шапқылап, ашқұр­сақ жүрсек те ойыннан қайтпайтын біздерге жатарда аяқ жуудан артық қиындық жоқ еді. Темір легендегі жылымық суға аяқ жуып, бір кесе айранды қара нанмен соғып алып, құлағын кемпірауызбен бұрайтын быжырлақ «Кварц» теледидарының алдында «Спокойной ночи, малышиді» көріп, ұйықтайтынбыз.

 

Таң ата сықырлауық темір төсектен атып тұрып, бір күн мінсең бес күн бұзылатын «Пи­онерге» отырып, тағы да ойын қуамыз. Көшеде сарылдап ағып тұратын ағын суды сіміріп, жуылмаған жемістерді жұлып жеп кете беруші едік.

 

Ойын кезінде Ван Дамның немесе Боло Янгтың достары болып бөлінетінбіз. «Видиктен» бір кино көру үшін көшенің арғы басындағы сатушы апайдың қорасын тазалап, суын тасып беруші едік. Бір досымызды іздесек, тікелей оның үйіне баратынбыз. Телефонға қоңырау шалу, «смс» жіберу деген жоқ еді. Тебісу, таяқпен қылыштасу секілді ойындарды ойлап таптық. Ағашты ат қылып міндік. Қоларбаны трактор қылдық.

 

Күндіз төбеде құмалақ жарыстырып, түнде «ақ адамнан» қорықтық. Біз топтасып ауылдың шетінде бақшаға түстік, қауын-қарбыз ұрладық. Қарбызды тізеге бір салып, жуылмаған, күс-күс қолымызбен көсіп алып, ауызға бір атып, жағал-жағал боп жүре беретінбіз. Вирус, микроб деген түсінік жоқ болды. Ал мектепте әр қоңыраудан соң далаға қарай апыр-топыр жүгіреміз. Кім әжетханаға бірінші жетсе, сол жүйрік саналатын.

 

Айтпақшы, қоңырау соғатын апайды бәріміз ерекше жақсы көретінбіз.  Адамдарда жай ғана көмектесу деген түсінік болатын. Біреудің теледидарын жөн­деп беру, бақшасын аударысу, көлігін сүйреп беру тегін жасалатын.

 

Ол кезде әскерге барып келген адам бір ай формасын тастамай көшеде жүреді. Оны бәрі құрметтеп, жауды жайратып салған батырдай қарсы алатын. Балалардың арманы сарбаз, милиционер, мұғалім болу еді. Анамыздың арманы – қызыл кілем, әкеміздің мақсаты – «Москвич» болатын. 

 

Сол кезең нағыз адамдардың, нағыз ақкөңіл, жайдары жандардың кезеңі секілді. Егер сіз сол 1970 – 1980-жылдары өмірге келіп, осы бір балалық шақтың бал дәмін татқан болсаңыз, онда сіз өмірдегі кере­метті көрген жансыз. 

 

Сіз жалаң аяқ, жалаң бас, қара су мен қара нанды талғажау етіп, небір арман-мақсаттар құрғансыз. Сіз масақ тергенсіз, сіз ауладағы қияр мен қызанақты шелектеп суғар­ғансыз. Көшенің арғы басынан бөтен қой іздеп, сол көшенің сұлу қызына ғашық болғансыз. 

 

Сіз ең алғаш «Сникерс» жеп тұрып, ендігі өмірдің тұтасымен өзгерерін байқамадыңыз. Сіз дүкен сөресінен ең алғаш «Пепси коланы» көргенде заманның қалай құбыларынан бейхабар едіңіз. 

 

Ал қазір ше? Біз қазір қит етсе құқығын сөз ететін шайпау жеңгейге, өзі түсінбейтін саясатты сөз ететін мылжың ағайларға айналдық. Біз баламызды кәрі әке-шешемізден артық аялап, туған-туыспен араласуды «Уатсаппен» «смс» жазу ғана деп түсіне бастадық. Қонаққа бару мен шақыруды есеппен құрып, біреуді сыртынан сөз етуді мамандық қылдық. Тым айыптағыш, тым ренжігіш, шаршағыш болып кеткендейміз. Артында зілі жоқ аң­қылдақ қасиетіміз бен дархан көңілімізді «Фейсбуктегі» агрессиялық «посттар» жалмауда.

 

Барлық нәрсе ниетімізге байланысты. Біз даукес болған сайын айнала тұмандана береді. Біз үйімізге темір құлыптар салып, көлігімізге «сигнализация» орнатамыз. Бір ши сындыра алмайтын епсіз бола тұра әлеуметтік желіде ірі сөйлеп, ақыл айтатын данамыз. Жұдырығымыз жұмсақ бола тұра түсініксіз кіжініп қоямыз. «Ұлтым», «халқым» деп пост жазып, көмек сұрап келген бауырымызды өтірік айтып шығарып саламыз.

 

Біз кімбіз қазір? Адамға тән өміріміз балалық шақта бітіп қалғандай ма, қалай?

 

Мұрат АЛДАБЕРГЕНҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ