Науқастардың аздығына көңілі көншімей тұр

14.09.2018
Қаралды: 73

Таяуда әйелім қатты ауырып қалып, «жедел жәрдем» шақыруға мәж­бүр болған едік. Обалы не керек, ол көп күттірмей келді. Сосын жұртшылық әлі күнге дейін «Роща» жақ» деп атап жүрген аумақтағы жедел медициналық жәр­дем көрсе­тетін ауруханаға апарып тастады.

 

Ол жерде науқасты әбден тексеріп, диагнозын қойып, ауырсынуды басатын екпе жасап, үйге қайтарды. Ауруханаға түнгі 11-лерде барған едік, ол жақтан 1-лердің шамасында қайттық.

 

Қайтарда такси жалдағанбыз. Рульдегі жігіт сөзшең екен, әлде іші пысып қалған ба, тиісті жерге жеткенше ауыз жапқан жоқ. «Бас­қа кездері көбірек болушы еді, бүгін адам тіпті аз келіп жатыр», – деп қояды. Тіршілік-ай десеңші, бұл кісінікі де күнкөрістің қамы ғой. Ауруханадан түнделетіп қайтатын адам көбірек болса, табыс та көбірек түсетінін ойлап, соны іштей тілеп жүретін сияқты көрінді маған. «Негізгі жұмысың осы ма?» – десем: «Бір мекемеде күзетші болып істеймін, демалысымда осылай табыс табамын», – дейді. Айтуынша, жалақысы 30 мың теңге екен, жұмысқа үш күнде бір түседі.

 

Айлығым аз деп қарап отырмай, әрекеттеніп жүр екен, онысына сөз жоқ, тек «бүгін аурулар аз» деп көңілі толмай тұрғанына тіксініп қалдым. Бірақ бұл адамды кінәлай алмадым. Қайтсін, күнкөріс те керек қой. Бұл жерде ол болмаса, басқа адам «таксовать» етеді, сол басқа адам да аурулардың көбірек болғанын тілейтін шығар, кім білген... Түн ішінде ауруханадан үйіне дейін жетіп алатын көлік кімге де болса керек қой.

 

Сананы тұрмыс билеген қым-қуыт тіршілік жүріп жатыр әйтеуір.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ