Германияда жұмыс істеген жігіттің көрген-білгендері

14.08.2018
Қаралды: 331

Бүгінде шет елде білім алып, өзге мемлекетте жұмыс істеп жүрген қазақ жастары аз емес. Шымкенттік Ғабит Нұрханұлы есімді дәрігер жігіт те былтыр осы мақсатпен Германия еліне аттанған болатын. Бір жарым жылдан кейін елге оралған ол шет елдегі көзбен көріп, көңілге түйген  біраз мәселені айтып берген еді.

 

Жұмыссыздық деген атымен жоқ

 

– Германия – ана тілінің мәртебесін биік қойған ел екен. Яғни бұл елде тұратын, жұмыс істейтін барлық азаматтар неміс тілін білуі міндетті. Онсыз еш жерге жұмысқа алмайды. Тіл білгің келсе, адам таңдап береді. Тек оқы, тіл үйрен, жұмыс істе.

 

Мысалы, мен Германияға 2017-жылдың ерте көктемінде ТМД елдерінен Белоруссия, Украина және Россияны қамтитын немістің «German Doctor Excheіng» бағдарламасымен кеттім. Бұл – біліміңді жетілдіріп, әрі қарай алаңсыз жұмыс істеуіңе мол мүмкіндік беретін бағдарлама. Дюсбург қаласына түскен соң бізді пәтермен қамтамасыз етті. (Ол бізді сол елге апар­ған фирманың жауапкершілігінде болатын). Сосын тіл үйретті. Одан кейін неміс медицинасын оқыдым, жұмысқа араластым.

 

Ол жақта жұмыссыздық деген атымен жоқ. Бәріне жұмыс істетіп қояды. Жер көлемі жөнінен Қазақстан әлемде 9-шы орында тұр. Ал Германия 62-ші орында. Онда 83 миллион халық тұрады. Біздегіден 4,5 есе көп. Сонда да жұмыс іздеп жүрген адам көрмейсіз. Қайта жұмыс күші жетпейді, сырттан келіп жұмыс істейтіндер көп. Тіл білсе болды. Сырттан келген жұмыс күші үшін жатақхана жағы қиын шаруа емес, онымен мемлекет қамтамасыз етеді.

 

Жұмыс істемеген адамды 6 ай бойы психологқа жібереді. Ол сен жұмыс істеуің керек деп дәріс оқиды. Өйткені тоқшылық адамды аздырады ғой. «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтқандай, бұл сол азғындамаудың төте жолы. Оны мемлекет өте жақсы жолға қойған. Сондықтан көшеде ойнап жүрген бала көрмейсің. Олардың бәрі балабақшада немесе мектепте. Көшеде тек зейнет жасындағы үлкен адамдар ғана серуендеп жүруі мүмкін.

 

– Ал айлық мөлшері қандай?

 

– Салыстыра алмайсың. Ол жақта дәрігерлердің айлығы 3-4 мың евроға дейін барады. Салықты қоспағанда. Бірақ отбасым, бала-шағам жоқ болғандықтан менің жалақымның жартысы салыққа ұсталып отырды.

 

Германияның заңы өте қатал. Салық заңдары да ерекше – қанша ақша тауып жатсың, бәрі есептеулі. Мемлекеттен жасырып қалу, жымқыру деген түсінік жоқ. Ақшаң жетпей ме, мемлекет береді, ақшаң көп болса салық ретінде алады. Сол үшін салық төлеушілерді 5 топқа бөледі. Ең көп салық төлейтіндер – үйлену жасына келсе де үйленбей, күйеуге шықпай жүргендер. Олардың айлық табысының шамамен 38 пайызы салыққа ұсталады. Оған медициналық сақтандыру мен зейнетақы қорына кететін ақшаны қоссаңыз, 50 пайыздан асып кетеді.

 

Жалғызбасты, балалары бар адамдар да салық төлейді. Қысқасы, бұл елде бойдақ, баласыз болу өте тиімсіз. Сол үшін шығар, онда ажырасқандар немесе жасы келсе де үйленбей жүргендер жоқтың қасы. Ал балалы отбасылар біздегідей қайтсем киіндірем, ішкізіп-жегізем деп уайымдамайды. Германияда тұратын болсаңыз, онда әр балаға мемлекет 180 евро шамасында ақша береді.  Ол біздің теңгемен шамамен 80 мың теңге. Сол ақша балаға толығымен жетеді.

 

Мемлекет адам үшін бар жағдайды жасап қойған. Үш балаң болса,  соларды өсіріп-жетілдіруге мемлекеттен берілетін қаржымен-ақ күн көре аласың. Қартайғанша жағдайыңды жасап береді. Әлеуметтік-экономикалық мәселеден қам жемесең болады. Балалар да ата-анасының қалтасына тәуелді емес. Өз ақшалары (мемлекеттен берілетін) өздеріне жетеді. Мысалы, өте сапалы, таза былғарыдан тігілген аяқ киімдерді 40 евроға аласың.

 

– Яғни баға халықтың табысына шақталған дейсің ғой?

 

– Қымбат ештеңе жоқ. Халықтың табысы өзіне молынан жетеді. Мысалы, таза былғарыдан жасалған етік 40 евро тұрады. Нарық  сондай бір сауаттылықпен реттестіріл­ген. Еуро­одақтағы мемлекеттер ғой, әр сала бір-бір мемлекетте: жеміс-жидек тек Польшанікі, техника Герма­ния­нікі дегендей.

 

Сосын баға үнемі мемлекет бақылауында. Мысалы, балаларды мектепке дайындау керек. Дүкендердің бәрінде мектепке керекті заттар төмендетілген бағамен сатылады. Дүкендер мемлекеттік. Бірен-саран ғана жекеменшіктері кездесе­ді. Бірақ олар да бағаны мемлекет белгілеп қойған шектен асырмайды. Азық-түліктердің бағасы да толығымен мемлекеттің қарауында. Ешкім ойына келген бағасын қоя алмайды. Ал баға халықтың күнкөріс деңгейі, яғни табысына сай қарастырылған. Тек білім ал да, жұмыс істе.

 

– Білім демекші, бұл мәселеде нендей ерекшелік бар?

 

– Оқимын деген адамға онда өте үлкен мүмкіндіктер бар. Жоғары білім алу толығымен тегін. Сессияны ақшамен жабу, тамыр-таныс жағалау деген түсінік жоқ.

 

Негізі өзге елді тым асыра мақтау­дан аулақпын. Қалай дегенде де өз еліңе, туған топырағыңа ештеңе жет­пейді ғой. Дегенмен көзің көріп тұрған соң еріксіз салыстырып, артықшылығы мен кемшілігін саралайсың.

 

Мысалы, мен студент кезімде 500 теңге пара берген емеспін. Бәрін де өз біліміммен алдым, соған мақтана аламын. Мен Түркістан қаласындағы Қазақ-түрік университетінде оқыдым. Төртінші курста Шымкентке келдік. Бір «циклда» сондағы жоғары оқу орындарының бірінен бір апай келді. «Сендер біз туралы ақша алады деп жаман айтады екенсіңдер», – деп сөйледі. Тамыр-таныс жағаламаңдар, өздерің оқыңдар деді. Ал аптаның аяғында тура сол апай бәріне: «5-ке мынанша, төртке мынанша, «НБ»-ға мынанша теңге», – деп айтып тұрды. Бұл – нағыз базар ғой. Ал Германия­да бағаны сатып алу, мұғалім жағалау деген нәрсе жоқ. Бейімің бойынша білім ал, мемлекет жұмыс тауып береді. Үйің жоқ па, пәтермен қамтамасыз етеді.

 

Заң алдында бәрі бірдей

 

– Ақыры баға туралы айтып жатырмыз ғой, пәтер ақысы, үйдің бағасы туралы айта кетші.

 

– Мұнда ешкім жеке үй алуға қызықпайды. Халқының 40 пайызы пәтер жалдап тұрады және ол қалыпты нәрсе. Ешкім үй өзіңдікі ме деп сұрамайды.

 

Әр адамға 45 шаршы метр тиісті. Одан артық не кем болуы мүмкін емес. Үй алсаң да, пәтер жалдасаң да осы талаптан ауытқымайсың. Пәтер жалдап тұру өте қымбат. Екі бөлмелі пәтер – 500 евро. Бірақ оны төлей алмасаң, мемлекет төлейді.

 

Пәтер жалдағанда кемі бір жылға келісім-шарт жасалады. Сол уақыт ішінде сізге ешкім пәтер ақыны өсірмейді. Қандай жағдайда болмасын шық деп айтпайды. Тек үш ай төлемесеңіз ғана проблема басталады. Бұлар кемі 5-10 жылға келісім-шартқа отырып қояды. Сонда арзан болады және шығарып жібермейтіне сенімді.

 

Пәтер ақыcын жергілікті муниципалитет бақылап отырады. Яғни компаниялар ойларына келген бағаны қоя алмайды. Сол үшін адамдар ақшасы жетіп тұрса да үй алуға қызыға қоймайды.

 

Жеке адамдар пәтер өткізе алмайды. Яғни 20 пәтерің болса да өткізе алмайсың. Ол үшін компания ашуың керек. Ал компания ашсаң, не ол компанияға пәтеріңді өткізсең, оны қандай ақшаға алғаныңды көрсету керек. Яғни пара алу жолымен ба­йып, қос-қос үй, пәтер мен қымбат көлік алу пайдасыз. Табысыңның, мүлкіңнің бәрі бақылауда. Бір пәтер немесе бір машина алсаң да қандай ақшаға алғаныңды көрсетесің. Прокуратурада, әкімшілікте, банкте істейсің ме, әлде судьясың ба, бәрібір айлығың жұрт сияқты 150 мың теңге (шамамен айтып жатырмын) болады. Біздегідей  өзің мемлекеттік қызметте істеп, бұдан басқа табысым мен мүлкім жоқ деп көрсетіп, әйеліңнің, туысыңның астында қымбат көлік, «Сол жағалауда» оншақты пәтерді жалға беріп қою деген нәрсе жоқ. Ол үшін сотталып кетесің. Пара алып, ұсталмасаң да, ол ақшаны қайдан алғаныңды дәлелдей алмағаның үшің жауап бересің.

 

Мұрагерлік тек адвокаттар арқылы жасалады. Әкесінен қалса да қалай алғанын көрсету керек.

 

Заң мықты, халық та, билік те тырп ете алмайды. Даулы мәселеде сот әрдайым халық жағында болады.

 

– Сені таңқалдырған нәрсе болды ма, есіңе түсіріп көрші.

 

– Алғашқыда есік алдында үйіліп тұрған жиһаз, теледидар, қысқатол­қынды пеш, тағы басқа тұрмыстық техниканы көргенде мына үй көшіп жатқан шығар деп ойлайтынмын. Ана заттар екі-үш күн тұрып, жоқ болып кетеді. Кейін сұрастырсам, ол сол үйден қоқысқа шығарылған, жаңасына ауыстырылған жиһаз екен. Немістер үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргіз­генде жиһаздарын, техниканың бәрін түгел жаңалап, ескісін есік алдына шығарып қояды екен. Ана жерде тұрмысқа керекті заттың бәрі бар, ал байлар тұратын ауданда тіпті қымбат жиһаздар мен тұрмыстық техникалар, теледидар, тоңазыт­қыш, велосипед, сөмкелер тұрады. Ал киімдерге бөлек арналған контейнер бар. Кейін оны басқа, кедей мемлекеттерден келіп жинап алады екен. Бұл ірі қоқысқа көп көлемді ақша жұмсамау үшін жасалатынын естігенде таң қалдым.

 

– Ұрлық, қайыршы деген жоқ па?

 

– Қазір онда босқындар көп. Қай елде соғыс болып жатыр, сол елдің босқындары сонда жүр. Оларды да жатақханаларға орналастырған. Адасып, қаңғырып, үйсіз-күйсіз жүрген адам көрмедім. Оларға да тіл үйретіп, жұмыс істетеді. Подъезд пен көшені жуу, қоқыс шығару сияқты жұмыстарды көбіне осындай сырттан келгендер жасайды. Ақшасы күнкөрісіне жетпейтіндерге жәрдемақы береді. Кейде ұрлық солардан шығып қалады. Ал жергілікті халықта ондай түсінік жоқ.

 

Жағымсыз жақтары да бар

 

– Германияда қалып қою жайлы ой болған жоқ па?

 

– Дәл қазір мен Қазақстанға – еліме келдім. Келген себебім – жасым 18-ден асқан. Маған үйлену керек. Әйтпесе ол жақта айлығымның жартысы бойдақтығым мен бала-шағам жоқ болғаны үшін ұсталып жатыр. Германияда түбегейлі қалып кетемін немесе елге ораламын деп әзірге ештеңе айта алмаймын. Алдымен бір басымды екеу етіп алайын. Оның үстіне маған ол жақтың халқы ұнамады.

 

– Неге?

 

– Онда адамгершілік деген нәрсе жоқ. Адам­дардың ойлау қабілеті мүлде басқаша.

 

Мен анестезиолог-реаниматологпын. Яғни жансақтау бөлімінде жұмыс жасаймын. Мысалы, реанимацияда жатқан бір адам өлді делік. Оның баласына хабарласып, қинала отырып қаралы хабарды жеткізіп, денесін алып кетуді айтсаң: «Бара алмаймын. Жұмысым бар», – деп қоя салуы мүмкін. Қолы босаса барады, босамаса мүлде хабарсыз қоя салады. Ал мәйітті арнайы орындар жерлейді немесе өртеп тастайды. Ол жергілікті халық үшін қалыпты нәрсе. Өйткені ата-анасына қарау деген нәрсе жоқ. Қамқорлық танытпайды. Кәмелетке тола салысымен өз беттерімен кетеді. Әркім өзі үшін өмір сүреді. Мемлекет тегін оқытып, жұмысқа орналастырады. Үй де береді. Сонымен олар қолдары аузына жеткен соң жеке өмірін жалғастырып кете барады.

 

Онда адамдар зейнетке 65 жаста шығады, сосын оны Қарттар үйіне өткізіп тастайды. Қарттар үйі өте көп. Орын жоқ. Ал өз үйі болса, онда әлеуметтік сала мамандары үйіне келіп, барлық жағдайын жасап, азық-түлігін әкеліп, тамағын істеп, кір-қоңын жуып, дәрісін жеткізіп дегендей, көмектесіп тұрады. Әйтеуір қарттар қараусыз қалған емес. Балаларға қамқорлық жасағанындай, мемлекет оларды да жылатпайды және қаңғырт­пайды. Кейін қарттықтан қайтыс бол­ғанда оның үйін мемлекет алып қояды. Есеп-шотында ақша болса, оны да алады. Баласына берілмейді. Қарамағаны үшін.

 

Ата-анасынан бөлек кетпей, қартайғанда жалғыз қалдырмай, бірге тұратындар – түріктер. Онда түріктер көп. Бес миллиондай болып қалады.

 

– Ғабит, неміс елі туралы біраз ой айттың ғой. Енді өзің туралы айта кетсең. Құдай қаласа, «бойдақ салықтан» құтылатын жігіттің көз салып, еншілеген аруы бар ма?

 

– Мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында туылғанмын. Бүгінде ата-анаммен Астана қаласында тұрамын. Германияға кеткенге дейін сондағы №2 қалалық ауруханада жұмыс істедім.

 

Әзірге сөз байласқан адамым жоқ. Жыл соңына дейін ол жоспар да орындалып қалар деп үміттенемін.

 

Сұхбаттасқан – Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ