Қытайдағы қандастарға көмек көрсетуге шақырады

11.08.2018
Қаралды: 177

Қытайдағы қазақтарға қысым көрсетіліп жатқаны туралы аз айтылып жүрген жоқ. Қандастарымызға ара түсуге шақырғандар аз болмады. Дегенмен әзірге бұл тұрғыда ауыз толтырып айта қоятындай нәтиже жоқ. Қайта оған үн қосушылар саябырсиын дегендей әсер қалдырады. Осы орайда әлеуметтік желілерде белгілі кинорежиссер Еркін Рақышевтың атынан мынадай үндеу таралып жатыр:

 

Соңғы кездері әлеуметтік желіде Қытайдағы қандастарымыздың мәселесімен айналысып жүрген кісілер арасында бір-біріне мін таққан артық әңгімелер көбейіп кетті. Бұл жерде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екеніне төреші болмай-ақ қояйық. Бірақ бір нәрсе анық. Мұндай әңгімелердің Қытайда қысым көріп жатқан мыңдаған қандастарымызға еш пайдасы жоқ. Онсыз да оларға көрсетіліп жатқан көмек шамалы. «Жебеу» ұйымы бастаған бір топ азаматтардың Қытайға сапарынан нәтиже жоқ десе де болады.

 

«Атажұрт» жігіттері басында белсенділік танытып жақсы келе жатқан еді, бірақ артынан әркіммен бір айтысып, бәсеңсіп қалды. Мұндай ұлттың тағдырына қатысты мәселелерге келгенде ұлтжанды азаматтар халықтың мүддесін  бәрінен жоғары қойып, бір-біріне деген өкпе-назды ұмытып, бір жұдырық болып қимылдамаса болмайды. Бүгінде бұл мәселе мүлде тұралап қалған секілді. Сол үшін мен қандастарымызға қалай көмектесуге болатыны жайында  өз ойыммен бөлісуді жөн көрдім.

 

1. Қытайдағы қандастарымызды қорғау үшін ұйым құру.

 

2. Екі елдің Президенттеріне  хат жолдау. «Сіздер достық пен ынтымақтастық жайлы келісімге қол қойдыңыздар. Бірақ Қытайда мыңдаған қазақтарды «Саяси үйрену» деп аталатын түрмелерге қамап, қинап, азаптап жатыр. Осыны көріп-біліп отырып қалай достық жайлы айтуға болады?» деген сыңайлы.

 

3. Қазақстанның Қытайдағы елшісі мен консулын шақырып, осы мәселе жөнінде есеп алу.

 

4. Қытайдың Қазақстандағы елшісін  Сыртқы істер министрлігіне шақырып, осы мәселе жөнінде түсініктеме беруін талап ету.

 

5. Сыртқы істер министрі елшілермен кездескеннен кейін пресс-конференция ұйымдастырып,  халықтың алдында есеп берсін.

 

6. Парламентте Қытайдағы қандастарымызды қорғау фракциясын құру.  Халықаралық заңнамалар негізінде бұндай фракцияға үлкен құқықтар берілген.

 

7. «Қытайдағы қандастарымыздың жағдайы және оларға қалай көмек бере аламыз?» деген тақырыпта конференция өткізу.

 

8. Қытайға Үкіметтік, Парламенттік, түрлі қоғамдық делегациялар жіберуге  ықпал ету.

 

9. БҰҰ және тағы басқа халықаралық ұйымдардың осы мәселеге назарын аудару.

 

10. Митинг  өткізуге биліктен рұқсат сұрау. Егер рұқсат бермеген жағдайда  Қытай елшілігіне бір топ адам барып, екі елге танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдері қол қойған ресми хат тапсыру.

 

11. Барлық шетелдегі қазақтар бір күнді белгілеп, Қытай елшіліктерінің алдында наразылық акциясын өткізу.

 

12. Егер Қытай үкіметі бұл біздің ішкі шаруамыз деп айтатын болса, онда Қазақстандағы Қытай компаниялары мен қытайларға қысым көрсету жолдарын қарастыру. «Барахолка-базарларда» заңсыз жүрген қытайларды еліне қайтару.

 

Құрметті ұлтжанды азаматтар! Егер менің ұсынысымды дұрыс деп тапсаңыздар, онда бір ұйым құрып, оның басшысын сайлап, жұмысты бастау керек. Басқа ойларыңыз, ұсыныстарыңыз болса, айтыңыздар!

 

Қытайда ауыр жағдайды басынан өткізіп жатқан қандастарымызға қол ұшын созайық! 

 

Еркін РАҚЫШЕВ.

03.09.2018 ж.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ