Ислам Каримов қалай, қашан қайтыс болған?

13.08.2018
Қаралды: 284

Өзбекстанның тұңғыш Президенті Ислам Каримовтың қайтыс болғанына тура екі жыл толды. Ол 2016-жылғы тамыз айының соңғы күндерінің бірінде дүние салған еді.

 

 

Міне, таяуда Өзбекстан ұлттық телеарнасына бағынышты барлық телеарналарға эфирде ол кісінің есімін атауға тыйым салыныпты деген ақпарат тарады. Дегенмен Каримовтың атын жұрттың жадынан өшіру оңай болмасы белгілі. Тәуелсіз ақпарат құралдары ол жайлы бәрібір айтты. Соның бірі – «Ферғана» халықаралық ақпарат агенттігінде Ислам Каримовтың дәл қай күні қандай жағдайда бақилық болғаны туралы жарияланды. Онда агенттіктің бас редакторы Даниил Кислов өздерінің сол күндері сезген-білгендерімен, естіген-көргендерімен бөліскен, орын алған оқиғалар жөнінде әңгімелеген. Біз осы ақпарат көзінен алынған деректерді ықшамдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

Әлемнің білікті мамандары шақыртылған екен

 

«Каримовке бірдеңе болғаны туралы сөздер 2016-жылғы 27-тамызда, сенбі күні таңғы сағат 8-дердің шамасында-ақ тарала бастаған еді. Маған Өзбекстаннан телефон шалынды, Каримовтің халі бұл жолы тым нашар екені айтылды. Өйткені осыған дейін де шетелдегі оппозиция мен мәскеулік кей басылымдар оны «қайтыс болды» деп бірнеше мәрте хабарлағаны белгілі. Сондықтан мен өзбек басылымдарына көз жүгіртіп көрдім, бірақ олардан ештеңе таппадым. Сайттар мен әлеуметтік желі­лерден де бұл жайында ештеңе табылмады.

 

Мұндайда алыпқашпа сөздерге сеніп жазуға болмайды, бірақ оларға мән бермей де отыра алмайсың. Ендеше нақты ақпарат көзін шенеу­ніктердің, Президент туыстарының, күштік құрылымдар қызметкерлерінің арасынан немесе Прези­денттің жақын ортасынан іздеу керек. Біз ондай адамдарды таптық, олардың бірінің айтқанын екіншісінің, үшіншісінің сөзімен салыстырып, тексеріп, саралап отырдық.

 

Біз жексенбі күні түске дейін осындай шаруалармен айналыстық. Ақырында өткен сенбі күні Ташкентке Ресейден белгілі кардиохирург Лео Бокерияның, тағы бірнеше мықты мамандардың келгенін білдік. Сосын Бокерияның телефон нөмірін анықтадық. Осы нөмірге хабарласқанымызда одан иесінің «байланыс аясынан тыс жерде» екенін өзбек тілінде естідік. Бұл Бокерияның Ташкентте екенін дәлелдей түскендей еді. Бірақ кейін Бокерия бізге «өзінің Ташкентте болмағанын, Каримовке қатысты ештеңе естімегенін» айтты, «Интерфакс­ке» сұхбат беріп, өзінің Ташкентке келгенін жоққа шы­ғарды.

 

Әрине, профессор шынын айтпады, өйткені оған бұл жөнінде тіс жармау туралы өтініш білдірілген болуы әбден мүмкін. Жалпы, ол ғана емес, Президенттің өліміне куә болған басқа адамдар да тіс жармады.

 

Тек 4-қыркүйекте ғана консилиумға қатысқандардың бірі, әйгілі фин  нейрохирургі Юха Хернесние­ми өз елінің журналистеріне шындықты айтты», – дейді Кислов.

 

Юха Хернесниеми артерия қан тамырларының аневризмі бойынша әлемдік деңгейдегі мықты маман екен. Ол өзінің жерлестеріне берген сұхбатында былай депті:

 

«Ота жасаудың түк те мәні қалмаған еді. Мен енді емді жалғастыру ақылға сыймайды деп есептедім. Пациент өлген еді, бұл – мидың өлуі болатын. Мамандар тобы өздерінің шешімін білдірді, осыдан кейін биліктің өз ішіндегі ойындар басталып кетті».

 

Халықтан жасырған көрінеді

 

«Жексенбі күні біз алғашқы болып Каримовтың инсульт алғанын жарияладық, – дейді Кислов өзінің аталған мақаласында. – Арада бірнеше минут өткенде Министрлер кабинетінің «Президенттің ауруханада жатқаны, оны емдеу біраз уақытқа созылатыны» туралы бірінші хабарламасы шықты. Сол күні кешке республикалық телеарнада да осылай айтылды.

 

Осы күні оппозициялық «Өзбекстан халық қозғалысы» да оқиғаға қатысты өз тұжырымын жария етті. «Узхалкхаракати.ком» Каримов 26-тамыз күні Рио-де-Жанейродағы Олимпиададан жеңімпаз болып оралған спортшыларды қабылдау кезінде ішімдік ішіп, содан инфарктке ұшырады деген тұрғыда жазды.

 

Дегенмен бұл шындыққа жанаспайтын сияқты. «Ферғананың» анықтауынша, Каримов спортшылармен қысқа уақытқа ғана кездескен, кешкі асты әйелімен және Президенттің іс басқарушысы Зилемхан Хайдаровпен бірге ішкен. Ол көп уақыттан бері ішімдікке жоламаған, өйткені денсаулығы оған  мүмкіндік бермеген. Ал оның миына қан құйылуы келесі күні ертемен орын алған, оның өліміне инфаркт емес, осы себеп болған. Біз оның инсультке ұшырағанын дүйсенбі күні хабарладық».

 

Кейін әкесінің ауыр халі жөнінде Каримовтың кіші қызы Лола Каримова-Тилляева өзінің «Инстаграмдағы» парақшасында жариялап, жұрт­шылықтан алыпқашпа сөздер таратпауды, әкесі үшін дұғада болуды өтінгені белгілі. Осыдан кейін әлеуметтік желіде Каримов пен оның туыстарына қолдау білдірушілер қатары арт­қан еді. Сондай-ақ түрлі сарапшылардың Каримов дүниеден өтсе Өзбекстанда қандай саяси оқиғалар орын алуы мүмкін екені жөнінде сараптама-болжамдары да қаптап кеткен болатын.

 

«Біздің білуімізше, Каримовты жасанды қолдау құрал-жабдықтарынан 29-тамыз күні Ташкент уақыты бойынша 15.30-да ажыратқан. Біз оның қайтыс болғанын жаздық, оны бірінші болып Ресейдің «РБК» порталы көшіріп басты. Кейін ол «Уатсап» арқылы таралды. Ал  бұл уақытта Өзбекстан үкіметі Каримов стационар­ға жатқызылды деп хабарлады.

 

Бұл – Өзбекстан тәуелсіздігі мерекесінің қарсаңы еді. Көптеген елдердің басшылары мен үкіметі үйреншікті жаймен Каримовты келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап жатты. Жұртшылық та мерекені тойлауға дайындалып жатты.

 

Ал 31-тамыз күні Тәуелсіздік монументіне  Президент Каримов емес, Премьер-министр Мирзиёев гүл шоқтарын қойды. Осының өзі-ақ Каримовтың қандай да бір жайсыздыққа ұшырағанын сездіріп тұрды. Бірақ билік Президент тірі, ауруханада жатыр дегеннен танбады. Милицияға Каримов туралы сөз таратушыларды ұстауға тапсырма берілді. Билік біреулердің көмегі арқылы Каримовтың аурухана кереуетінде жатқан суретін жариялады. Кешкі жаңалықтарда диктор Каримовтың «халыққа ауруханада жатып жолдаған құттықтауын» оқыды.

 

Ал бұл кезде Самарқанда Каримовты жерлеуге қатысты дайындықтар жүріп жатты. Оны осында жерлеу жөнінде тамыздың соңғы күндерінде-ақ шешіліп қойылған болуы мүмкін. Біздің фотографтар 1-қыркүйек күні түсірген суреттерден әйгілі «Шахи Зинда» ескерткішіне жақын жерден алда салынуы мүмкін мавзолей үшін алаң дайындау кезінде көптеген зираттар бұзылып-сүрілгенін көруге болады», – дейді Кислов.

 

Қысқасы, бұл азамат Ислам Каримовтың 2016-жылғы 27-тамыз күні қайтыс болғанына сенімді екенін айтады. «Дәл сол күні  біз оның өлімі туралы егжей-тегжейлі білдік, бірақ ол туралы жазуға батпадық. Өйткені редакцияға жеткен хабарлардың нақтылығын дәлелдейтін жайлар қолымызда болмады. Өкініштісі, мен қазір де сол кезде бізге дерек беріп отырғандардың кейбірін ашық айта алмаймын, себебі нақты дерек көздеріне зиянымды тигізгім келмейді», – дейді ол.

 

Дайындаған – Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ