Қытай мен Тайваньды таңқалдырған қазақ

13.08.2018
Қаралды: 925

Сиқыр (көз бояушылық, фокус) – ептілікті талап ете­тін өнер түрі. Белгілі бір алго­ритмдерді орындасаңыз болғаны, туыстарыңыз бен дос-жарандарыңызды таңқалдырып, ерекше кө­ңіл-күй сыйлай аласыз. Бұл арқылы табыс табуға да болады.

 

Шымкент қаласында иллюзия жанры­ның шебері ретінде көпке танылып келе жатқан жігіт бар. Аты-жөні – Асқар Айболов. Ол көрсеткен өнер шын мәнінде нағыз сиқырға толы. Соны түсінген тойшыл қауым Асқарды өз қуаныштарына шақырып, өнерін тамашалағанды ұнатады екен. Тіпті жас жігіт қытайлықтардың өзін таңдай қақтырып, оларға сабақ беріпті.

 

Сонымен көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүрген сиқыршы Асқар Айболов бұл өнерге қалай келді? Ұстазы бар ма? Қытай елін несімен таңқалдырды? Қалай сиқыр өнерін меңгеруге болады? Ол үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек? Біз Асқарға осындай сұрақтар қойдық.

 

«Біздің елде иллюзия жанры енді көтеріліп келеді.  Бұл салада сахнаға шыққаннан кейін халықтың не көргісі келіп отырғанын дөп табуың керек. Көрерменге сенен керегі – таңқалу ғана. Сол себепті кейбір кезде кетіп жатқан қателіктерді білдіртпеуге тырысу қажет», – дейді Асқар.

 

Сиқырдың түрі көп екен. Иллюзиялық, микромагия, сахналық нөмірлер, көмекшімен жұмыс істеу деген сияқты түрлері бар.

 

«Мұны үйренуде адамға алдымен керегі – өзіне деген сенімділік, сиқырға деген қызығушылығы артып тұрса, алынбайтын қамал болмайды, – дейді сиқыршы. – Бала күнімде басталған қызығушылығым ертеңгі күні менің кәсібім болады деп ойламаппын. Өзіміз сүйіп көретін «Спокойной ночи, малыши!» бағдарламасындағы Амаяк Акопянның сиқырларына тәнті болып, үйренгім келіп отыратынмын. Есімде, 8-9 жаста болсам керек, үйдегілерді отырғызып қойып, сиқыр көрсеткенмін. Көңіліме қарады ма, шын мәнісінде «трюк» жасадым ба, әйтеуір қол шапалақтап, мақтап, мәз қылып қойған. Содан есейіп кеткенше картамен, шырматылған жіптермен, тиын­дармен сиқыр жасап жүрдім.

 

Ержеткен соң оқиын, мамандық алайын деп Йассауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университетіне оқуға түстім. Оны «Саясаттану» мамандығы бойынша өте жақсы деген бағада бітіріп шықтым.

 

Кейін өзімді түрлі салаларда сынап көрдім. Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінде, бірқатар басылымдарда, «Ернұр-пресс» корпорациясында жұмыс істедім. Бірақ бұлардың ешқайсысы менің ішкі әлеміммен үндеспеді. Мүмкін қызықпаған да шығармын. Десе де өзімді күштеп, әйтеуір жұмыс бар ғой деп жүре алмадым. Ілініп-салынып, айлықтан-айлыққа деп еңбек ету мен үшін емес екен.

 

Иллюзия, фокус санамның бір бөлігінде тұрып қалғандай, есімнен еш шықпады. Сөйтіп баяғы хоббиімді қайта қолға ала бастадым. Кітаптар ақтарыстырып, біраз ізденіп, өнеріме көңілім тола бастағанда достарыма көрсетпек болдым. Жиырма минутқа созылған сиқырларым оларға ұнады. Тіпті біреуі танысының туған күн кешіне шақырып, өнер көрсетуімді сұранды.

 

Көпшіліктің алдына алғаш рет шығуым болған соң қобалжыдым. Бірақ жан қалауым осы кәсіп болғандықтан өзімді қолға алып, бар өнерімді ортаға салдым. Жұрт риза, қол шапалақтап мерейімді тасытты.

 

Әртіс атанамын деп Шымкенттегі орыс драма театрына жұмысқа кірдім. Бірнеше нөмірімді тамашалаған олар клоундық жұмыс ұсынды. Кешке дейін жұмыста боламын. Одан кейін тойларға шығып, балабақша, мектептердегі кештерде өнер көрсетіп жүрдім.

 

Жұртшылық бір нәрсені көре берсе жалығады ғой. Үш-төрт нөмірімді жетілдіріп, тағы да ерекше сиқырлар ойлап тап­қым келді. Ол үшін бұл саланы оқу керек. Осылай білімімді жетілдіруге 2016-жылдың күзінде Қытай еліне аттандым.

 

Қытайдың Синь қаласында «Евро-Азия культура» деп аталатын циркте білім алдым. Білім алдым дегеннен гөрі ондағы өнерпаздарды өзім оқыттым деген дұрысырақ шығар. Себебі жер бетіндегі Африка құрлығынан, Бразилия, Өзбекстан, тағы басқа мемлекеттерден келген өнерпаздарға оқу үйрететін қытайлықтардан гөрі менің білетінім көп екен. Бірқатар тәсілдердің құпиясын ашқаныммен кейбірін жариялағым келмеді. Осылайша әрі сабақ өтіп, әрі ел көріп, бір жыл өте шықты. Өзге әріптестеріммен көптеген байқау­ларға қатыстық, концерт қойдық. Өнерімнің арқасында І-орындардың, басқа да жүлделердің иегері атандым. Мен Қазақстаннан келгенімді айтып, елімді танытуға барымды салдым.

 

Оқу бітіп, елге қайтуға бір ай қалғанда Тайвань мемлекетіне өнер көрсетуге шақырту алдым. Сөйтсем, Қытайдағы қазақ диаспорасы, осында оқитын қазақ студенттер және Қазақстан елшілігі де мені танып үлгеріп, Тайвань елінде сиқыр көрсетуіме ықпал етіпті. Тайчжун деген қалада ірі құрылыс компаниясы ашылып, ауқымды шара өтіп жатыр екен. Мен де мұндағы халыққа 15 минут уақыт өнер көрсеттім.

 

Қазақстанға жол жүруге дайындық кезінде Қытайдағы Қазақстан елшілігінен адамдар келіп, марапаттар мен сый-құрмет көрсетті. Бұл ілтипатқа алғысым шексіз еді», – дейді Асқар.

 

Асқардың ендігі мақсаты – иллю­зионистік жанрда Швейцария, Грекия, Италия, Польша және өзге де дамыған елдерде өнерін тамашалату, Қазақстанды таныту.

 

Шығармашылығыңыз арта берсін, ерекше өнеріңіздің жемісін көріңіз дейміз шымкенттік сиқыршы жігітке.

 

Д. МЕДЕУОВА.

Асқар Айболовтың байланыс

телефоны: 8-747-882-72-57.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ