1000 теңгеңізді қисаңыз, сауапты істің ортасынан табыласыз

10.08.2018
Қаралды: 112

«1000 теңгеге – баспана!» Бұл сөз бүгінде ақпарат құралдарынан жиі құлағымызға шалынып жүр. Осындай сауапты істі жаны сүйетін бір топ азамат қаламызда қайырымды істермен айналысып келеді.  Құрбан айт мерекесі қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасына баспана берілді.

 

Қайырымдылық қор мүшелерінің белсенділігімен жүзеге асқан жұмыс­та баспананы сатып алуға қажетті ақша жиналған. Жаны жомарт, кең жүректі азаматтардың арқасында қанша жыл пәтерден-пәтерге сабылып жүрген бүтін бір отбасы баспаналы болып, қуаныштары қасиетті мейрамда еселене түсті. Түркістандық Темеревтердің шаңырағына баспана кілтін арнайы табыстамаққа Алматыдан ат арылтып қор жетекшісі Алғадай Әбілғазы Алланың ақ үйіне келген еді.

 

Сонымен қатар «Харекет» қорының Түркістан қаласындағы ерік­тілері – Жомарт Төреханұлы, Нұрғали Зейнуллаұлы, Шынар Бүр­кітқызы, Серғали Әбутәліпұлы бас­таған азаматтарға және «Түркістан қамқор жандар қайырымдылық қорының» мүшелеріне алғысымыз көп.

 

Жалпы, Қазақстанның төрт бұ­рышында қордың өкілдері белсенді жұмыс жасайды. Демек, қор мүшелері жер-жерлерде, аудан-ауылдарда бас ауыртар баспана мәселесінің шешілуіне барынша ықпал етеді.

 

Ашылғанына небәрі 10 айға жуықтаған қор көмегімен 25-ші баспана сүйіншілетіп, иесіне табысталып отыр. Бүгінде талайға арман болған баспана және жер жайымен Түркістанның өзінде бірнеше еріктілер өз еркімен ерінбей еңбек етуде. Олар көмекке зәру жетім-жесірлер мен мұқтаж азаматтарды анықтаған соң расында жағдайы сын көтермейтіндігіне көздерін жеткізіп барып, қаржы жинауға жұмыла кіріседі. Бұл ретте қоғамдық орындардың біразына қойылған «Харекет» жәшігі мен терминалдар арқылы қор шотына түсетін ақшаның жиналуы өзіндік үлес қоспақ.

 

Сауапты іске қалталы азаматтар мен атқамінерлер де атсалысса құба-құп. Сіз де бұл бастамадан шеткері қалмаңыз! Сіздің бір күндік түскі асқа жұмсайтын 1000 теңгеңізге мұқтаж бір отбасы баспаналы болып жатса, ғанибет емес пе? Ал ол үшін сізге Алланың шапағаты жауары шүбәсіз.

 

Ақмарал ҒАНИҚЫЗЫ.

Түркістан қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ