Бос уақытта спортты серік ет, жас дос!

10.08.2018
Қаралды: 82

Жаңа оқу жылының алғашқы аптасы да артта қалды. Енді оқушылар жаз­ғы каникулға шыққанша мектепте болады, сабақ оқиды. Сондықтан денсау­лыққа көңіл бөлу де – маңызды шаруалардың бірі. Себебі адамның ең қымбат байлығы – денсаулық, ал қозғалыс – өмір негізі.

 

Шынымен де қозғалыс – ағзаның биологиялық қажеттілігі. Дене шынықтыру адам денсаулығын нығайтуға және физикалық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Біріншіден, физикалық жаттығулардың көмегімен ағзаның инфекциялар мен қоршаған ортаның қолайсыз факторларына қарсы тұру қабілеті артады. Басқаша айтқанда, физикалық мықты және шыныққан адам сирек ауырады. Екіншіден, өсу мен даму үдерістері ынталанып, ағзаның суық тию ауруларына қарсы тұруы арта түседі. Үшіншіден, ақыл-ой мен физикалық еңбекке қабілеттілікті арттыратын төзімділік, күш, жылдамдық, шапшаңдық сынды қасиеттер дамиды.

 

Кез келген оқушы, тіпті спортқа ең икемсізі де дене шынықтырумен немесе спортпен айналысуы тиіс. Мектептегі дене шынықтыру сабақтары қажетті физикалық жүктемемен қамтамасыз ете алмайтыны белгілі. Сондықтан оқушы бос уақытында спорттық секцияларға барып, таза ауада қозғалысты қажет ететін ойындарға қатысқаны дұрыс.

 

Таңертең міндетті түрде 10-15 минут жаттығу жасау қажет. Гимнастикалық жаттығуларды желде­тілген бөлмеде, жылдың жылы маусымында терезені ашып немесе таза ауада жасаған дұрыс. Гимнастикалық жаттығулар жүрек пен өкпенің жұмысын нығайтады, зат алмасуын жақсартады, жүйке жүйесіне де жағымды әсер етеді.

 

Шылым шегу, ішімдік, нашақорлықтың кез келген түрі саламатты өмір салтымен үйлеспейді. Ол оқушының өсуі мен дамуының тежелуіне, түрлі аурулардың пайда болуына, тіпті өлімге душар етуі де мүмкін.

 

Саламатты өмір салтының ең басты ережесі – нәпсіге ермей, ішкі құлшынысты ояту. Себебі бұл істе өзіңе ғана сенім арта аласың. Саламатты өмір салтын санаға бала кезден сіңіру керек, өйткені нақ осы жас шамасында болашақ өмірдің іргетасы қаланады.

 

А. ҮРКІМБАЕВА,

Шымкенттегі Еңбекші ауданы қоғамдық денсаулық сақтау

басқармасының бас маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ