Қайтпастағы мектеп жарты ғасырлық жолды жүріп өтті

10.08.2018
Қаралды: 235

Біз тұратын аумақ бүгінде Шымкенттің Қаратау ауданына қарайды. Бұрын Қайтпас деп аталатын. Осындағы №58 жалпы орта мектептің салынғанына биыл тура 50 жыл толып отыр. Өзім осы мектепте ұзақ жылдар жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан жанмын. Сондықтан онда бұрын-соңды еңбек еткен адамдар туралы жазуды өзімнің парызым деп санаймын.

 

Өзім Қайтпаста туып-өскенмін. Шымкент педагогика институтын бітіргеннен кейін қазіргі Отырар ауданындағы Ақтөбе ауылында ұстаздық еттім. Ауылға сол 1968-жылы оралдым.

 

Ауылда Айша Жұмабекова, Өмірзақ Әбдіраев, Болдыгүл Таштаева, Құрбанәлі Құрбанов, Аллах­берді Периев қызмет істейтін 4 жылдық бастауыш мектеп болатын. Осы жылы ол сегіз жылдық мектеп болып ашылды. Алғашқы сынып жетекшісі, аға пионер жетекшісі ретінде жұмысымды бастадым. Сынып жетекшілері 13 адам едік, мектепте барлығы 126 оқушы болды. Ұстаздар жетіс­пейтіндіктен кейбірі екі-үш пәннен қатарынан дәріс берді. Ұстаздардың бәрінде қосымша мамандық болды, сонымен қатар табиғи таланттары да бар еді. Ауылдағы алғашқы ұстаз Айша Жұмабекова апай қазақ тілі және әдебиеті пәндерімен қатар ән-күйден сабақ берді. (Шымкентте қазір ол кісінің атында көше бар).  Болдыгүл Таштаева балаларды тарих пен заң негіздері бойынша, Айваз Абдуллаев химия мен биологиядан оқытты. Айваз сонымен қатар ауылдағы өндірістік бригаданы басқарды.

 

Мектеп мұғалімдері талай дарынды шәкірттерді тәрбиелеп өсірді. Мысалы, математика пәнінің оқытушысы Мүрсәлі Абдуллаевтың шә­кірті Тұрман Түктібаев Алматыдағы дарынды математиктер мек­тебін үздік бітіріп, Новоси­бирскідегі оқу орнына жолдама алды.

 

Ұлы Жеңістің 25 жылдығы қарсаңында  мектебімізге жерлесіміз – Кеңес Одағының Батыры Ережепбай Молдабаевтың есімі берілді. Мектептің алғашқы директоры Құрбан Сүлейменовтен кейін білім ошағын Қошқар Мырзагелдиев бас­қарды. Бастауыш сынып мұға­лімдері – Қатима Мықтыбаева, Рахима Тұрғымбаева, Гүлфарида Айтбаева, Гүлбар Әлібаева, Ме­йіргүл Манкентбаева, орыс тілі пәнінің оқытушылары – Гүлшара, Ботагөз Әуелбекова, математиктер – Гүлзада Бөлекбаева, Әсия Әлиева сияқты  ұстаздар мекте­біміздің атын шығарды, кейін директор болған Аллахберді Периев жетекшілік ететін қазақ тілі және әдебиеті бірлестігінің жетіс­тіктері бүкіл республикаға мәлім болды.

 

Ауданда бірінші болып мек­тебімізде география алаңы ашылды. Баян Тоқтарова, Бағила Дүйсенбаева, Қалжан Сиқымбаева шәкірт­терімен жұмыс істеуден жалықпайтын. Кейін мектепте өлкетану мұражайы ашылды. Зуһра Үсенова, Хасен Рақымбеков, Қалжан Сиқымбаева, Манат Әбдіқұлова, Гүлжан Айтбаева аға ұстаздар ретінде мектебіміздің мақтанышына айналды. Таңсық Мәмбетова, Күләш Мүтәлиева мектебіміздің маңдайалды ұстаздары ретінде қызмет жолымен өсті. Сол жылдары мектепті басқарған Алтынбек Көбеев оқу-ағарту ісінің үздігі атағына ие болды.

 

Біздің мектептен мыңдаған шәкірттер түлеп ұшты. Асанхан, Атахан Гасановтар, Михаэл Айвазов, Нұржан Мейірбековтер кейін өз мектебімізде еңбек етті. Севил Периева бүгінде Стамбулда университетте сабақ береді. Омар Әлібеков, Б.Нұрбаев бүгінде жоғары оқу орындарының ғалымдары. Алтай Қарсақбаев – Астанадағы республикалық денсаулық сақтау мекемесінде бас маман, Ботагөз Сапарова – дәрігер, Гүлзия, Гүлмира Жәнібековалар – жоғары санатты медбикелер. Ораз Сүгіров, Заттыбек Мейірбеков, Болысбек Саяқов – жоғары шенді офицерлер. Болат Тоқтаров – инженер. П.Алиев – батуттан Еуразия, Әлем чемпионы. Мектеп түлегі Марат Есенбаевтың шәкірттері – спорт чемпиондары. Дариға Әлімбекова, Жанар Көбеева, Берік Михеев, Аман Ахметаев – облысқа мәлім мектеп директорлары.

 

Мектебіміз мектеп директорлары Алтынбек Көбеевтің, Гүлзада Бөлекбаеваның, Аллахберді Периевтің, Бейсен Алтаевтың басшылығық жасаған кездерінде жаңа ғимараттарға көшті.

 

Б.Алтаев бізге келгенде балаң жігіт еді. Өзінің еңбекқорлығымен, біліктілігімен абыройға бөленді. Дайындаған шәкірттері аудандағы жарыстарда көзге түсіп, мектебіміз ауданға, қалаға, облысқа белгілі болды. Бишілер, домбырашылар жұртты өнерімен тәнті етсе, Гүлзипа Дәржанова ұйымдастырған «Үкілім-ай» домбырашылар тобы «Ақ көгершін» республикалық өнер сайысында жүлделі орынды ие­ленді, топ мүшесі Диана Мейір­бекова Германияда өткен халық­аралық өнер сайысында лауреат атанды. Оның ұстаздары Райхан Бұралқиева, Әсем Құдайбергеноваға алғысы шексіз.

 

Қысқаша айтқанда, бү­гінде ашыл­ғанына жарты ғасыр толып отырған біздің мектептің өсу, өркендеу жолы осындай.

 

Өлмесхан ЖӘНІБЕКОВ,

оқу-ағарту ісінің үздігі.

«Қайтпас» шағын ауданы.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ