«Ескі қала» тұрғындары арасында уайымнан өліп кетіп жатқандар бар

12.08.2018
Қаралды: 744

Шымкенттегі Қонаев даңғылының «Түркістан» көшесімен тұйықталған тұсынан әрі қарай жалғастырылып салынатыны туралы біз «Замананың» биылғы 4-маусымда шыққан нөмірінде жазғанбыз. Жоба бойынша екі жолақты жол түсетіндіктен осы аумақта тұрған «Түркістан» моншасының тып-типыл етіп қиратылғаны жөнінде айтқан едік.

 

«Сенікі», «менікі» деген бөліс жүріп жатыр

 

Содан бері үш айдың жүзі өтті. Күз келді. Бірақ әне-міне басталады деген жол төсеу жұмыстары әлі де басталған жоқ. Оған, әрине, облысымызда орын алған ауқымды оқиғалар басты себеп болса керек. Яғни дәл осы кездері Шымкентке республикалық маңыздағы қала дәрежесін беру және облыс орталығын Түркістанға көшіру жөнінде тарихи шешім шығарылғаны мәлім. Бүгінде облыс әкімдігі мен оған қарасты құрылымдардың көбі Түр­кістанға қоныс аударып кетті. Шымкент пен Түркістан арасында «менікі», «сенікі» деген бөлісу әлі де жалғасып жатыр. Ал мұның қыруар қаржыны шығындайтын жұмыстарға ұласатыны белгілі. Қонаев даңғылын әрі қарай жалғастырып салу да аз қаржыны қажет етпейді.

 

Тұрғындардың өтемақыға көңілі толмайды

 

Кешегі аптада біз «Ескі қалада» болып, ондағы үйлері сүрілуге жататын бірер адамдармен тілдескен едік. Олар жылдар бойы үрім-бұтағымен тұрып келе жатқан жайлы жерді қимайтындарын айтты. Өйткені бұл аумақта «Түркістан» моншасын айтпағанның өзінде бірнеше балабақша мен мектеп, емхана, перзент­хана, аурухана, саябақ, Шәмші аллеясы, басқа да түрлі нысандар мен мәдени орындар, Қырғы базар бар. Осының бәріне жаяу қатынауға болады.

 

Міне, осындай жерді тастап шығу өз алдына, үйі сүрілуге жататын тұрғындарды ол үшін берілетін өтемақы да қанағаттандырмайды, оның үстіне жұмыстар алаңсыз тоқтап қалғандықтан жұрт енді не болар екен деп алаңдап жүр. Біз мұны осы аумақта тұратын Гүлнәр, Клара, Валида есімді әйелдерден, Арапат деген ападан естідік.

 

Жалпы, «Ескі қаладағы» көше­лердің көбінің ретсіз түскені белгілі. Сондықтан сүрілетін үйлерді жобаға енгізу де оңай болмаған сияқты. Қонаев даңғылының жалғасы «Түркістан» моншасының орнынан басталып, оның қапталындағы көшемен сәл жүргесін солға қарай, Тұрысов (бұрынғы «Мельничная») көшесіне бұрылып,  біраздан соң оңға бұрылыс жасап барып, Қошқарата өзенінің жағалауына ұласады екен. «Ескі қала» ішімен ирелеңдеп өтеді. Ені 60 метр болады деседі, сондықтан осы радиусқа кіретін 70-тен аса үй сү­ріліп тасталуы тиіс. Біз әр тұстан бұ­зылып-сүрілген төрт-бес үйдің тегіс­телген орындарын көрдік. Ал бұрын монша болған жердің артқы жағындағы бірер үй мен ғимараттар сол қалпында тұр.

 

Бізге Тұрысов көшесіндегі сүрілген үйлерден кейінгі үйдің әйелі Гүлнәр өзінің ауласын көрсетті. Айтуынша, жерінің көлемі 8 соттықты құрайды екен.

 

«Мынау – ата-әжемізден қалған үй, 1968-жылы жаңартылып салынған, – дейді ол. – Мына баспананы 1998-жылы салғанбыз. Асхана мен «навесті» көтергенімізге де 15 жылдай болды. Басқа да сарай-қораларымыз бар. Мына жерге осыдан бірер жыл бұрын 14х8 етіп жаңа үйдің іргетасын құйған едік. Кейін бұл жер «сносқа» кетеді дегесін жұмысты тоқтаттық. Осының бәрін есептеп, бізге 13 миллион теңге беретін болған. Әрине, біз оған келіспейміз. Өйткені оған мұндай үйдің жартысын да сала алмаймыз ғой. Оның үстіне компенсацияны ғана аласың, үйді бұзып, құрылыс материалдарын алуға рұқсат жоқ. Бәрінің есебі жаңағы 13 миллионның ішіне кіреді екен.

 

Мына тұстағы үйлер ескі, шағын еді, жері де аз болатын, адамдары да бір-екеуден көп емес, сондықтан иелері 9,5 миллион теңгені місе тұтты. Әрекеттеніп, «Ескі қаланың» басқа тұсынан шағын үй сатып алыпты. Ал бізге шет жақтардан болмаса, қаланың ішінен өзімізге лайықты үй табылмасы белгілі. «Учаске» сатып алғанның өзінде оған мұндай үй тұрғыза алмаймыз, қыруар материалдар керек. Өйткені қазір бәрі қымбаттап барады ғой».

 

Үш ұлымен, келіндерімен тұратын үйінен айырылмақ

 

Бұл кісі телефонмен хабарлас­қасын үйіне осы төңіректегі екі-үш әйел де келіп жетті.

 

«Бізге үйіміздің «сносқа» кететіні туралы «уведомлениені» 2016-жылы тамыз айында берген болатын, – деді солардың бірі Клара есімді әйел. – Жеріміздің аумағы – 9 соттық.  Кезінде салынғанына бір ғасырдай болған ескі үйді бұзып, орнына жаңадан 10 бөлмелі үй тұрғызған едік. Кейін заман талабына сай есік-тереземізді жаңарттық, жаңа нәрселер орнаттық. Ауламызда өнім беріп тұрған 10 түп жеміс ағаштары бар. Үйде 3 ұлыммен, 3 келін, 9 немереммен – 16 жан тұрып жатырмыз. Осы үйге деп есептеп шығарып бергендері – 17 миллион теңге. Ол ақшаға мұндай үй салып алу қайда...

 

Балаларым шаштараз, сатушы, шофер болып, 50-60 мың теңге жалақысы бар жұмыста істейді.  Өмірінде ауырдым демеген күйеуім Тұрсынбай әр нәрсені уайымдап, екі рет инфаркт алды да, бас-аяғы 20 күнде бақилық болып кетті. Өзімнің де жүрегім ауыратын болды. Күндіз-түнгі уайымымыз осы. Ойымыздан шығатындай компенсация берсе, мемлекет керек деген жерден көшпейміз деп отырғанымыз жоқ. Дұрыс бағасын шығарып берсе екен дейміз. Осынша адамға лайықтап үй салуымыз керек қой».

 

Әкімнің өзі келгенін күтіп жүр

 

Бұл кісілерден естігеніміз – үйі сүрілуге жататындығы ескертілгенімен көше қоймағандықтан аудан әкімдігі үстілерінен шағым түсіріп, біраз адамдар соттасып та жатыр екен. Тұрғындар көшенің бас жағындағы үйі 13 миллион теңгеге бағаланған бір азаматтың соттасып жүріп компенсация мөлшерін 25 миллион теңгеге жеткізіп алғанын айтады.

 

Ал Дариға есімді әйел қаланың шет жағынан үй алатын болып, кепілге ақша өткізіп қойған екен. Сүруге жатқызылған үйіне тиесілі компенсацияны соған бермек болыпты. Бірақ  үйі бағаланып, ақшасы «қағазға» түскенімен қолына нақты тимей тұр. Осы себепті ол бір жағы кепілге берген ақшасын қайтара алмай, екіншіден тиесілі компенсацияны күтіп қиналып жүр екен.

 

Осы төңіректе тұратын Ирисай Юлдашева деген ападан үйіргелік жерінің біраз бөлігі мемлекет қажеттілігі үшін «қырқылып» алын­ғандықтан оған тиесілі деп бөлінген 1 миллион теңгені әлі де ала алмай жүргенін білдік.

 

Әрине, «жолы болып» (егер солай деуге болса) кеткендер де жоқ емес сияқты. Тұрғындар бір көрші­лерінің 3,5 соттық жері үшін 10 миллион теңге компенсация ием­денгенін, сол ақшаға банк несиеге берген 5 миллион теңгені қосып, қаланың шетінен үй сатып алғанын айтады.

 

Жалпы, сүрілуге жатқызылған үй иелерінің тең жартысындайы осы уақытқа дейін қоныс аударып кеткенге ұқсайды. Қалғандарының жағдайы әрқалай болып тұр.

 

Қалай болғанда да үйі сүрілуге жататын тұрғындарды толғандырып жүрген мәселе аз емес екен. Кей мәселелерге байланысты күдік-кү­мәндері барын да білдірді. Сондықтан қала әкімімен көзбе-көз кездесуді қалайтындарын жеткізді.

 

«Кездесуге қала әкімінің өзі келсе екен. Өзіміз барсақ, ол жұмыспен басқа жақта жүр дейді немесе алдына кіре алмаймыз. Ал тұрғындармен кездесуге үнемі басқа бі­реулер келеді. Олардың берген жауабы бізді қанағаттандырмайды. Сондықтан әкімнің өзі бір жиналыс жасап, қазіргі қалыптасқан жағдайды айтса, көкейдегі сұрақтарымызды қойып, тұщымды жауап алсақ, алда не боларын білсек, сөйтіп көңілді бір демдесек екен», – дейді Гүлнәр.

 

Ендеше қала әкімі бұл мәселені де назарына алғаны дұрыс-ау.

 

...Ал Шымкенттің мың құбылған Бас жоспары жан-жақты ойласып, тыңғылықты жасалғаны жөн ғой. Әйтпесе қаланың басқа аумақтарында да «әне-міне сүрілуге жатады екен» деп айтылып жүрген аумақтар аз емес. Мысалы, «Бозарық» шағын ауданында сондай жер бар, тұрғындарының жаңадан салын­ған үйлерін «сносқа» кетеді, орнына көпқабатты үйлер түседі екен деп жүргенін естігенбіз. Соған қарағанда, қала әкімдігінің мұндай мәселелерде бас қатыратын шаруалары аз болмайын деп тұр-ау.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ