Пара мөлшері – 100 мың доллар...

07.08.2018
Қаралды: 283

Павлодар облысында мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Онымен бірге екі жауапты қызметкер күдікке ілігіп отыр.

 

Жарияланған мәліметте облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ернұр Байқұрмановтың 100 мың доллар пара алу үстінде қолға түскені, оның бүгінде облыстық ішкі істер департаментінің уақытша оқшау­лау қамағында отырғаны туралы айтылады. Осы күдік бойынша оны және Бейсенбаев, Мағзұмов деген азаматтарды тұтқындағаны туралы сөз болады. Олар Екібастұз қаласында тұратын бір кәсіпкерден пара талап еткен көрінеді. Ал әлгі кәсіпкер бұл туралы Астанадағы қаржы полициясына шағымданыпты. Оларды Елордадан келген орталық аппараттың қызметкерлері қылмыс үстінде қолға түсіріпті.

 

Кешегі аптада әлеуметтік желіде бұл оқиғадан түсірілген бейнежазба да жарияланды. Онда тиісті мекеме қызметкерлерінің бір пакеттен дестеленген ақшаларды алып, санап, арнайы құрылғымен суретке түсіріп жатқаны көрінеді. Күдіктілердің кәсіпкерден параны қазынаға қыруар салық төлемегені себепті қозғалатын қылмыстық істен арашалап қалу үшін алғаны жөнінде айтылады. Кінәсі дәлелденсе, олар 70-тен 80 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл төлеу, болмаса 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін екен.

 

П.ДАРХАНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ