Түлкібаста тұратын Овлягулы

07.08.2018
Қаралды: 200

Түлкібас ауданында Овлягулы Аманұлы Рахманов деген азамат тұрады. Ол кісі – түркіменнің йомут руынан, бүгінгі қазақ жұртының тілеуін тілеп отырған азаматтың бірі. Ақыл айтар ақсақалдар қатарына қосылған, сабырлы, мінезі салмақты кісілердің бірі.

 

Овлягулының дүниеге келуі  қызықтау болған екен. Анасы Гүрбанкүл босанайын деп жүргенде әкесі оны зиярат жасауға өздері тұратын Шахта ауданының Горолы атырабындағы (ауылындағы) «Исмамыт ата әулиеге»  есекке мінгізіп жібереді. «Жолда босанып қалатындай болсаң, бөпеңнің кіндігін кесерсің», – деп қолына бәкі ұстатады. Әйел баласының жаны сірі ғой. Ол ауылдан 20 шақырым қашықтықтағы әулие кесенесіне тәу етіп, Жаратқанға жалбарынып, үйіне аман-есен оралады. Сол зияраттан соң Гүрбангүл кешікпей ұл табады. Жас нәрестеге әулиенің баласы болсын деген ниетпен  Овлягулы деген ат қояды. (Яғни Әулиеғұл деген есім ғой). Бар тапқан дәм-тұзын дастарханға төгіп, көптің батасын алады. Аманның Көлбай, Тіркеш деген ұлдарының соңынан Овлягулы да ереді.

 

Овлягулы мектептен соң аудан орталығындағы  кәсіптік-техникалық училищені бітіріп алады. Сосын Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу­ге, әскерге аттанады. Борышын Ресей­дің Свердловск қаласында өтейді.

 

Овлягулы әскерден қайтарға екі-үш ай қалғанда Надежда деген орыс қызымен танысыпты. Араларында достық сезім, махаббат туындап, екеуі үйленеді. 1967-жылдың қазан айында некелерін қидырады. Шаңырақ құрып, ата-аналары­мен бірге тұрады. Келін  Надежда Николаевнаның ата-анасы сол жы­лы қысқа қарай Түлкібас ауданы­на кө­­шіп келіпті. Сосын күйеу баласы мен қызына: «Біз мекен-жайды өзгерт­тік, мүмкін болса, сендер де келің­дер», – деген телеграмма жібе­реді. Содан Овлягулы Надеждасын ертіп, қайын жұртының қасына келеді.

 

Жас отбасы қазақ жеріне келген соң жұмыс іздеп әуреге түскен жоқ. Овлягулы трактор мініп, шаруа­шылық жұмысына араласты да кетті, ерте жатты, кеш тұрды. Келін­ше­гі Надежда Рахманова қазіргі Көк­­са­ғыз ауылындағы балабақшаға тәрбие­ші болып орналасты.

 

Бұлардың отбасында Алексей деген ұл өмірге келді. Түлкібастан тү­леп ұшқан сол Алексей Рахманов қазір Ресейдің Иваново облысында тұрады, әскери қызметкер, ше­ні – полковник, бала-шағалы.

 

Алексейдің қарындасы – Гюльнара Кестоглы бүгінде Мичурин ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепте мұғалім, күйеуі Сайрам ауданында қызмет істейді. Жақында бұлар қызы Натальяны алматылық Ярослав деген жігітке күйеуге берді, украйн жігіті тойларын Шымкентте өткізді. Нағашысы Алексейдің жолын қуған Александр Кестоглы әскери оқу орнын бітіріп, бүгінде Аягөзде қызмет етуде.

 

«Туған елге жыл сайын баруға мүмкіндік бола бермейді. Әр барған сайын бірге өскен ауылдас достарымды, ескілікті кісілерді көргім келеді. Бір туған ағаларымның үйлерінде болып, өсіп-өніп жатқанын көріп қуанамын. Замандастарым ортаға алып, жағдайымды сұрайды, бәрін білгісі келеді. Суы бал, ауасы шипа Түлкібастың елі мен жерін, қазақтың меймандос екенін, табиғатының тіл жеткісіз екенін айтсам, олар бас шайқап, таңдай қағады. Әсі­­ресе есігімнің алдындағы құдықтан ішетін суды зәм-зәмге теңегенімде таң­қалысады. Менің сүйегім – түр­кімен, етім – қазақ, тілім – тағы да қазақ. Құдай несібемізді үйіп-тө­гіп берген елміз. Бәріне шүкіршілік», – дейді Овлягулы Рахманов ақсақал.

 

Әлден соң ол асықпай орнынан тұрып, қауашағынан алынбаған бір көсек мақтаны маған көрсетіп, ақырын жымиды да: «Өзімнің үйіргелік учаскемде өсірген түркіменімнің мақтасы ғой», – деді күліп. Сағыныш-ай...

 

Овлягулыға осыдан тұп-тура 50 жыл бұрын Ашхабадта әскерде қызмет етке­німді айтып едім, жүзі нұрланып сала берді. Ештеңе сезбегендей отырдым да, қазақ ақыны Ғалым Жайлыбайдың Ташауыз аруы Гүлрайханға арнаған:

 

«Ізгіліктің ізіндейсің, Гүлрайхан,

Үзілесің... үзілмейсің, Гүлрайхан.

Сені көрген бағым ерен, Гүлрайхан,

 

Ташауызға тағы келем, Гүлрайхан», – деп аяқталатын өлеңінің төрт жолын Мақтымқұлы Фрагидің мақа­мымен оқығанымда: «Сен – мала­дес­сің!» – деп алақанын соқты. Ел­ге деген сағынышы сезілді. Әрі қарай:

 

«Айна. Айна – түркіменнің гөзелі,

Түркімен елі – бауыр басқан өз елім.

Саған деген сағынышымды әрқашан,

Қолға қалам ұстағаннан сеземін», – деп өз өлеңімнің төрт қатарын оқып тоқтағанымда: «Сен де сағындың ба?» – деп бетіме ұзақ қарады.

 

Овлягулы ақсақалмен қоштасар сәт те келді. Ол әйелі Надежданың сол күні үйінде болмағанына біраз қынжылды. Композитор Б.Тәжібаевтың «Гүлсім-ау, Гүлсім-ау» әнін айтып жүруден жалықпайтын ол түркімен­шелеп: «Гүнешли Қазақстан билен гүнешли Туркменистан яшасин!» – деп қолын созды. Содан соң маған «Бейтарап Түркіменстан» газетінің 2017-жылы шықққан бір нөмірін берді. «Жақсы күндерде жолығайық!» – деді ол қоштасарда. Сосын қимас көңіл­мен шығарып салды. Ұзап кеткенімше артымнан қарап тұрды.

 

Мен жолда кетіп бара жатып, оның алғашқы жүздесуде: «Өзіне дәйім магниттей тартып тұратын, бабамның ізі, анамның иісі сіңген жер мен үшін – қасиетті атамекен. Орта Азия мен Қазақстанда әулиелі, киелі жерлер көп. Өз заманында ілім мен білімнің ошағы болған Мары – ұлы әулиелердің, шайырлардың кіндік қаны тамған жер. Шілденің шіліңгір ыстығында құмға көмген жұмыртқаны он минутта пісіретін Қарақұм қандай ыстық болса, түркімендердің де жүрегі сондай ыстық», – деген сөздері жадыма қайта-қайта орала берді.

 

Әзізхан АРТЫҚОВ,

ардагер журналист.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ