Қалта телефонын сатып аларда нені есте сақтаған дұрыс?

06.08.2018
Қаралды: 206

Бүгінгі күні ұялы телефон ең қажетті құралдардың біріне айналды. Оның адамдар үшін атқаратын функциясы өте көп. Байқасаңыз, телефон сатушылардың саудасы ешқашан тоқтаған емес, себебі адамдар тарапынан оған деген сұраныс өте көп. Әрине, күн сайын жаңа бір түрімен толығып жатқанда, сұраныс қайдан жоғалсын?

 

Бірде ағамызға сый болсын деп, оған арнап смартфон сатып алдық. Небәрі бір аптадан соң әлгі жап-жаңа телефонымыз өз-өзінен дыбыссыз қалып, пайдалану мүмкін болмай қалды. Басқа жағы тәп-тәуір жұмыс істеп тұрғанымен қоңырау шалғанда, ән тыңдағанда, тағы да басқа әрекеттерді іске асырғанда телефон «мылқау» болып қалды. Қолданыста болып қатырмаған әлгі смартфонды дереу-ақ өздері айтқан сервис-орталыққа апардық. (Себебі сатып алған кезде бір жылға кепілдік беретіні белгілі. Егер телефонның бұзылуы сатып алған адамның кінәсінен болса, яғни құлатып, суға түсіріп немесе байқаусызда сындырып алсаңыз, телефонды жөндеу ақысы өз қалтаңыздан шығады. Ал егер де ұялы құрылғының зауыттан келген кінәраты болса, сатушы тараптың есебінен жөнделуге немесе дәл сол түрдегі басқа телефонға ауыстырылып берілуі тиіс).

 

Ары-бері әуреден соң: «Телефон ақауы өз тараптарыңыздан болған, ішіндегі тетігін күйдіріп жібергенсіздер», – деп шығарып салды. Ол телефонның бір апта ішінде пайдаланылып та үлгермегенін, ағамыз әлгіге үйрене алмай, оның қолданыстан гөрі қорапта тұрған уақытының көбірек болғанын түсіндіру мен дәлелдеу мүмкін болмады.

 

Оның үстіне «балалар бір жерін басып, байқаусызда бүлдіріп қойды ма екен» деген екіұшты дүдәмал ойдың жетегінде тұрғандықтан, оның ақауының нақты кімнің тарапынан болғанына сенімсіздеу едік. Содан да болар, ақылы түрде жөндетуге келісім бердік. Сөйтсек, қызмет ақысы бақандай 15 мың теңгені құрайды екен. Дәл қазір қалтамызда ондай ақша жоқ екенін, кейінірек келетіндігімізді айтып, кері қайттық.

 

«Басқа жөндеу орталықтарына бармаңыздар, тек өзімізге ғана келіңіздер. Барам десеңіздер де өз еріктеріңіз, маған еш айырмасы жоқ. Бірақ басқалары сіздерге 2-3 мыңға жөндеп беруі мүмкін, себебі олар бөлшектің қытайлық арзан түрін салып береді, ол 2-3 айдан соң қайта істен шығады. Ал біз «оригиналын» ғана салатындықтан бағасы да сондай, сондықтан қалайда осы жерден жөндет­кендеріңіз дұрыс», – деп нықтап қойды. «Шынында да солай екен-ау, әрине», – деп біз де кете бардық.

 

Содан арада бірнеше күн өткен соң Алматыға кетіп бара жатқан үлкен әпкеміз: «Апарып көрсете салайын, мүмкін арзандау жөндеп берер», – деп  «үндемейтін» телефонды өзімен бірге ала кетті. Бір қызығы, Алматыдағы жөндеу орнындағылар: «Ешқандай ешнәрсесі күймеген, проблемасы жоқ», – деп бір-екі жерін түртіпті де, дереу-ақ даусын қалпына келтіріп беріпті және сол қызметі үшін бір тиын да алмапты. Ақы алмағанына қарап-ақ, смартфонның бұзылмағанын түсіндік.

 

«Шымкенттіктер» десе, өзімізге тиеді, бірақ сондай стереотип қалыптастырған да өзіміз. Осы жағдайдан кейін-ақ телефон жөндеу орталықтарының құлқынның қамы үшін қашан да шындықты айта бермейтінін түсінгендей болдым. Техникадан хабары жоқ адамға бар кінәні өзіне жауып қойып, қалтасын томпайтып алатындарға қалай күйінбейсің?! Қаншама текке кеткен уақыт, жұқарған жүйке, шығындалған сөз, таусылуға шақ қалған төзім десеңізші?!

 

Мұндағы басты қателігіміз сол – телефонды сатып аларда дұрыстап тексеріп алмағандығымыз, үйге әкелгенде де оның дыбысының бар-жоғына баса назар аудармағандығымыз. Бәлкім сатып алғанда сондай «дыбыссыз» болған шығар, оны да білмейміз. Себебі біз көп жағдайда, таңдағанда сөредегі қосулы тұрған телефондарға қараймыз да, сатушы  бізге сол сөредегі телефонды көрсетіп, түсіндіріп береді. Ал сатып аларда қоймадан басқасын алып келеді. Қолыңызға ұстатар-ұстатпас, өз келісіміңізбен ақылы түрде жасалатын баптауларын орнатамыз деп тағы біраз уақыт алады. Сөйтеді де, қорапқа қанттай қылып салып, алдыңыз­ға қоя салады. Қораптағы дүниені ашар-ашпастан, үйге заулаймыз. Соңыра нәтижесінің әлгіндей болуы да ғажап емес.

 

Ендеше, телефон сатып аларда нені есте ұстаған дұрыс?

 

Біріншіден, қандай да бір телефон алмас бұрын ғаламтордан аталған байланыс құралының түрлері, оның бір-бірінен артықшылығы, кемшілігі туралы салыстырмалы түрде біраз мағлұмат біліп алғаныңыз жөн болады. Көп жағдайда біз сатушының кеңесіне жүгінуді жөн көреміз. Шындығында оның қандай телефонды сатып жіберуді дұрыс көріп тұрғанын ешбіріміз аңғара бермейміз. Сондай-ақ қымбат маркалы телефондардың өз бағасынан тым арзан сатылуы да күмән тудыруы керек. 

 

Екіншіден, қораптағы жиынтыққа назар аударыңыз. Құлаққап, телефон нұсқаулығы, кепілдік талоны, қуаттаушы құрал – барлығы да түгел болуы тиіс. Кепілдік талоны сатушының қолымен түсінікті, айқын әрі толық толтырылуы керек.

 

Үшіншіден, *#06# нөмірін теру арқылы телефонның ІMEІ нөмірін қораптағы нөмірімен салыстырып көрген жөн. Сим-картаны салып, қоңырау шалып көру арқылы телефонның қалай жұмыс істеп тұрғанына да толық көз жеткізіп алу керек. Сатып алған соң берілген түбіртекті қоқысқа лақтыра салуға еш асықпаңыз. Себебі қандай бір жағдайлар туындай қалса, телефонды дәл сол дүкеннен сатып алғаныңызды түбіртек арқылы дәлелдеу мүмкін болады.

 

Егер де телефоныңызды сатып алғаннан кейін белгілі бір ақаулар шыққан болса, жөндеу орталығына барып телефонды ауыстыруды немесе ақысыз жөндеп беруді талап етуге толықтай құқыңыз бар. Әдетте ол жердегілер де мәселені бірден шешпей, ары-бері әурелегенді дұрыс көреді. Содан соң өзіңізден көріп, мейлінше ақы алуға тырысатынын да байқадық.

 

Телефон жөндеу орталықтарының телефон сатушы дүкендермен сыбайлас болуы да ғажап емес. Егер қолыңызда түбіртегіңіз болып, телефон ақауының сіздің тарапыңыздан емес екендігіне сенімді болсаңыз, заң бойынша сіз жеңіске жете аласыз. Себебі елімізде «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» арнайы Заң бар. Ондағы 4-ші тарау­дың 30-бабында:  «Тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда сатушы оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға тауардың сапасын қосымша тексеру қажет болған кезде тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті. Тиісті емес сападағы тауар соған ұқсас жаңа тауарға, яғни бұрын пайдаланылмаған тауар­ға ауыстырылуы тиіс» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған.

 

Егер сатушы бас тартқан болса, сотқа шағымдануға да мүмкіндігіңіз бар.

 

Десек те «әй, қойшы, жүрем бе сол» дейтін әдетіміздің де жоқ еместігі белгілі. Сөйтеміз де, «түк шықпайдымен» істі соңына дейін апаруды қажетсінбейміз. Оның ақыры алданып, қалтамыздың бос қалуына әкеліп жатады. Сондықтан уақыт тапшы заманда «алар затымыз адалынан болсын» деп тілегеннен басқа амалымыз жоқ.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ