Алтын-күміс бұйымды бірге тағуға болмайды дейді

06.08.2018
Қаралды: 621

Бүгінде той-томалақтың маусымы. Осыған орай әшекей бұйымдардың да саудасы қызып тұр. Қазір қай базарға кірсеңіз де сонадайдан көздің жауын алып тұрған әшекейлерді көресіз. «Хюррем сырға», «Версачи» жүзік», «Своровский алқасы» деген секілді әшекейлерді қыз-келіншектер аса қызығушылықпен алып жатады. Әшекей саудасы ешбір саудагерді тақырға отырғызбасы анық. Себебі бұлардың мерзімі өтпейді және алушы қай кезде де табылады.

 

Жақында «Авто-Нұр» базарында қаз-қатар әшекей сатып тұрған саудагерлердің жанынан өтіп бара жатқанымызда саудагер жігіттің бір келіншекке: «Құлағыңыз ауыр сырға таға бергеннен созылып кетіпті ғой. Жеңілін тақсаңызшы. Күмістен басқа да сырғалар бар. Ал олар құлағымды жара қылады десеңіз, түссіз лак жағып қойыңыз», – дегенін естіп, жанына бардық. Сампылдаған жігіттің қыз-келіншектер біле бермейтін басқа да кеңестері бар шығар деп әңгімесіне құлақ түрдік.  

 

Сатушы өзі байқаған «ақау­ды» жауып тұратын сырғаны таңдауға кірісіп, әшекей бағаларын айта бастады. Ең арзаны 700 теңгеден болса, қымбаты 7 мың теңгеге дейінгі әшекейлер «менмұндалап» тұр. Жүзімізге жарасатын бірнеше түрлі сырғаларды тағып көрдік. «Бұдан гөрі әдемірек, алтын жалатылған күмістер бар шы­ғар?» – деп сұрадық сатушыдан. «Осы қыздарды түсін­беймін. Әсем дүниеге құмарт­қандарыңыз табиғаттарыңыздан шығар. Бірақ алтын мен күміс аралас­қан әшекей бір­қатар қиындықтарға соқтыратынын неге қаперге алмайсыздар?» – деп ойлантып қойды. Мына сөзді естіген басқа әйелдер қолындағысын қоя салып, саудагерге бет бұрды.

 

«Алтынды күміспен бірге тағудың қауіпті екенін қысқаша айтып берейін. Сіздердің де, менің де артық уақытымыз жоқ. Әйтсе де нәзік­жандыларға деген құрметім әрі жанашырлығым үшін айтамын.

 

Алтын мен күміс арасындағы кереғарлық сіздің ағзаңыз бен жүйкеңізге қалай тисе, айналаңыздағы адамдарға да солай әсер етеді. Жақындарыңыз, достарыңыз, әріп­тес­теріңіз сіздің қасыңызда өзде­рін жайсыз сезінеді. Сол үшін әшекей бұйымдарын әрдайым бөліп тағыңыз. Әйтпесе бо­йыңыздағы кемшіліктер жүйке­ңіздің сыр беруі арқылы көпшілікке білініп қалады. Қарап тұрсаңыз, шындыққа жанаспайтын көрінеді. Тіпті біреуіңіз бойдағы кемшілік немесе ауру жетіспеушіліктен, жұмысбастылықтан деп ойлап тұрған да боларсыз. Бірақ бұл екі әшекейді бірдей таққан уақытта қызғаншақ, рен­жігіш, екіжүзді болып көрінуіңіз мүмкін. Бұл әсіресе сізді бұрыннан танитын адамдарға қатты сезіледі.

 

Кейде жаңа адамдармен танысу қиынға соғатын кездер болады ғой барлығымызда. Оның себебі дәл осы жағдайдан. Сондықтан екі металды бірдей тағудың көп қиындықтарға жол ашатынын ұмытпаңыздар.

 

Ішіңізден мына сатушы ақылынан айныған ба, «кли­ентін» үркітіп тұрғаны несі десеңіз, ол ойыңызды барлық саудагер бірдей емес, жанашырлары да бар екен ғой дейтін пікірмен алмастыра салыңыз», – деп күлді де: «Бәрібір қалағандарыңызды жасайсыздар ғой. Кәне, қайсысын сатып алғыңыз келеді?» – деп өз шаруасына кірісті. 

 

Сатушы жігіттің айтқандары ойда қалып қойды. Үйге келген соң оның айтқан ескертпесі шындыққа жанаса ма деген оймен ғаламторға үңілдік. Түсінгеніміз – сатушыдан естігендеріміз ақылға қонарлық екен. Алтын мен күмісті бірге тағу аурудың тууына әсер етуі мүмкін дегенді оқыдық.

 

«Күміс пен алтынның қосындысы сіздің иммунитетіңізді түсіреді.  Егер алтын және күміс әшекейлерді бірге тақсаңыз, ауру қаупі жоғарылай түседі. Күміс иммунитетті көтереді, алайда алтын оны кері жұмыс істеуге итер­мелейді. Алтын мен күмісті бірге көктем мен күз айларында, яғни вирусты аурулардың таралымы кезінде тақпауға тырысыңыз. Екі металды бірге тағатын көптеген адамдар әлсіздік пен дімкәстікке шалдығады. Екі қарама-қарсы энергетикалық күштің қосындысы адам бойындағы физикалық және эмоционалды шыдамдылықтың жоғалуына алып келеді. Әр адамда көзге көрінбейтін энергетикалық қабат  бар, ол әлсіреуі немесе күштірек болуы мүмкін. Алтын мен күмістің бірге жүруі дәл осы қорғаныстың өз жұ­мысын тоқтатуына әсер етеді. Сондықтан екі металдың бай­ланысы өте қауіпті» деген сипаттама беріліпті.

 

Ендеше  «Сұлулық құрбандықты талап етеді» деп емес, «Жаны саудың – тәні сау» деген ұранмен өмір сүргеніміз әлдеқайда артық сияқты. Яғни әйелдерге айтарымыз: біздің ауыруға, ажарсыз болуға хақымыз жоқ, ұл-қызымызды жеткізіп, отбасымыздың түтінін  түзу ұшыруымыз керек, сондықтан денсаулыққа зияны тиетін жайлардан аулақ жүрейік!

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ