Осы жұрт Төпекеңді біле ме екен?

06.08.2018
Қаралды: 224

Белгілі сатирик-журналист, Отырар аудандық «Отырар алқабы» газетінің бас  редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Садықбек Адамбеков атындағы сатириктер конкурсының жеңімпазы, Оспанхан Әубәкіров атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Төпен Әмірбекұлының есімі көпке танымал. Мен оны бала кезден білемін. Ағасы Көпен сыныптас досым болғандықтан оның үйінде жиі болатынбыз. Әмірбек көкеміздің әдемі әңгімесін талай тыңдап, Жұлқын апамыздың қолынан талай дәм татқанбыз. Сол кездерде бала Төпеннің сөз өнеріне бейім екендігін байқайтынбыз.

 

Ол өзінің еңбек жолын 1969-жылы аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында шаштараз болып бастаған. 2000-жылдан журналистика саласына біржола бет бұрды. Кейінірек Жамбыл облысындағы «Тараз» тәуелсіз газетінде тілші, жауапты хатшы қыз­меттерін абыроймен атқарды. Редактор Оралхан Дәуітпен бірге қызмет етті. 2010-жылы газет жабылғаннан кейін ауылға келіп, аудандық газетке жайғасты.

 

Төпен аудандық газетке жаңа леп ала келді. Оның сықақ өлеңдері мен әңгімелері оқырмандар санасына сілкініс әкелгендей болды. Газеттің мазмұны байып, шырайлана түсті. Басылымның байырғы тілшісі ретінде мен де оған қатты қуанып, реті келгенде Төпенге  ризалығымды білдіріп жүрдім.

 

Бас редактор Зайыр Сабыр оған  көп ұзамай газеттің жауапты хатшысы қызметінің тізгінін ұстатты. Төпен 2014-жылы  аудандық «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Осы орайда ол атқар­ған іс қыруар. Бәрін емес, кейбірін санамалап айтар болсақ, аудандық прокуратура мен ішкі істер бөлімінің жанынан құрылған қоғамдық кеңестің мүшесі болды және аудандық соттың аға медиаторы сияқты салмағы зіл батпан қоғамдық жұмыстардың жауап­кершілігін сезіне білді. Ақ сөйлеп, әділін айта алды. Ауданның мәдени-рухани әлеміне де өзінің өшпес ізін қалдырды. «Отырардың ардақты аналары мен арулары», «Аңыз адам», «Армандастар, құрдастар» атты үш кітабы бірінен соң бірі жарық көрді. «Төпеннің төпелемелері» деген сатиралық кітабы дайын, өзінің қаржылай демеушісін іздеуде.

 

Тағы бір айтатын мәселе – Шәмші ағамыздың «Бір әнім» атты әнін тірілткен де – біздің Төпен. Ол әнді белгілі отырарлық сазгер Бауыржан Тұрғараевтың анасы Қалима апамыз 56 жыл сақтап келіпті. Соны іздеп барып, тауып, жарыққа шығарды. Апамызды  Шымкент телеарнасына ертіп барып, өлеңнің тарихын айтқызып, таспаға жаздырды. Сол ән қазір облыс, республика  көлемінде айтылып жүр.

 

Негізінде Төпеннің өмір жолы  тәлім-тәрбиеге толы. Оның мына бір азаматтық ісін  де тәлімі мол дүние деп білемін.

 

Ана бір жылы осы ауданда Сымбат Рахманбердиева деген аса талантты әнші, өнерлі қыз болды. «Ақ көгершін» гран-приін жеңіп алғаннан кейін Сымбатқа Чехияда өтетін «Прагадағы жұлдызды жаңбыр» атты өнер  байқауына шақыру келеді. Оған баруға не мектептен, не білім бөлімінен, не аудан әкімдігінен ешқандай ақша бөлінбейді. Көмек болмайды. Өнерлі жастың жағдайына жүрегі ауырған Төпен дереу еңбек демалысын алып, Алматы, Киев, Праға бағыты бойынша сапарға дайындалады. Соған 350 мың теңгедей қаражат керек екен. Соны жинау үшін баспаған тауы, бармаған жері қалмайды. Кәсіпкерлерге,  мекемелерге, қарапайым зейнеткелерге де барды, өнер құдіретін, сөз қадірін білетіндерге – бәріне рахмет, қажетті қаражатты жинап берді. Соның арқасында Сымбатты жолға шығарып  салды. Ал әнші қыз 86 мемлекеттен келген өнерпаздар арасында өз өне­рімен топ жарып, бас жүлдені, гран-приді жеңіп алды. Сол Сымбат кейін Астанадағы Өнер академиясын үздік бітірді, қазір тұрмыста. Бір баласы бар.

 

Төпен ініміз қашан да адамдар­ға қол ұшын беруге, көмектесуге бейім тұрады. Әсіресе Сейділдахан Елбасы, Оразбай Мұратұлы, Файзулла Рахматуллаұлы, Зайыр Сабырұлы сынды ардагер журналист ағаларына құрметі ерекше. Әрдайым хабарласып, мере­келерімен құттықтап тұрады. Аудандық «Отырар алқабы» газетін тегін жіберіп отырады. Жиын, тойлар­ға  көлігімен апарып, әкеліп тұрады. Тіпті телефондарына ақша салуды да ұмытпайды. Басқа кісілерге де, газет оқырмандарына да қамқорлықпен қарайды.

 

Төпен өзіміздің жерлесіміз, көксарайлық Амангелді Сәдібеков деген  екі бүйрегі істемейтін жігіттің өртенген көлік ішіндегі балаларды құтқарып қалғаны туралы қайта-қайта мақала жазып жүріп, оның лайықты марапатталуына қол жеткізді. Ол туралы аудандық, облыстық, республикалық газеттерге жариялады. Ақыры сол кездегі сенатор Қуаныш Айтахановқа ұсыныс хатпен шықты. Кейін Амангелдіге «Өрт сөндірудегі ерен ерлігі үшін» медалі тапсырылды.

 

Төпеннің еңбектері ес­керілмей қалған жоқ. Басқасын айтпағанда, биылғы журналистер күніне орай Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың өз қолынан Алғыс хат алып бір марқайса, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевтен Құрмет грамотасын алып екі марқайып қалды.

 

Төпеннің әкесі Әмірбектен 7 ұл, 3 қыз дүниеге келген. Солардың ішінен сатира сардары Көпен және Базарбек, Ерсұлтан және інісінің баласы Нұрсұлтан бар, барлығы 5 журналист жұмыс істеп жатыр. Қазір Нұрсұлтан «Ара» журналында жауапты хатшы болып істейді.

 

Ал Төпенді жүрген ортасы жеке өз әлемін түзген талантты сатирик-журналист ретінде құрмет тұтады.

 

Міне, сол Төпен  63 жасқа толып, зейнеткерлікке шығып отыр. Құтты болсын айтамыз. Мерейтой иесіне асқаралы алпыс үштен ор текедей орғып өт, жетпістен желпініп өт, сексеннен секіріп өт, тоқсанға тоқтама, ал жүзде ... ақылдасамыз, оған дейін қаламың қолдан түспесін дейміз.

 

Файзулла РАХМАТУЛЛАҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Төпен Әмірбекұлының байланыс

телефоны: 8-702-600-85-60.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ