Мылтықбай Ерімбетов қайда жүр, не істеп жүр?

06.08.2018
Қаралды: 191

Жерлесіміз, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Мылтықбай Ерімбетовтің есімі көпшілікке жақсы таныс. Дегенмен жазу-сызудың төңірегіндегілер болмаса, басқа жұртшылық қазір ол кісінің қайда, немен айналысып жүргенін анық біле бермесе керек. Ал Мәкең бүгінде Алматыда тұрады, осы уақытқа дейін біраз шаруаны еңсеріп тастапты. Біз оны қаламгердің өзімен сұхбаттас болғанда білдік.

 

Асыл тұқымды ағылшын сәйгүлігі керек пе?

 

Біздің сұхбатымызға Мылтықбай Ерімбетовтің әлеуметтік желіде жария­лаған жарнамасы себеп болды. Ол кісі өзінің таза қанды ағылшын дөненін қымбат бағалы автокөлікке немесе үйге айырбастамақ ниеті барын жариялапты. Жарнама соңына өзінің байланыс телефонын көрсетіпті. Содан Мәкеңе телефон шалдық. «Уатсаппен» сұрақтарыңды жібер, жауабын бір-екі күнде жолдаймын», – деді ақын. Көп ұзамай почтамызға ол кісінің біздің қойған сұрақтар төңірегінде өрбіткен әңгімесі де  келіп түсті.

 

Білгеніміз – Мылтықбай Ерімбетовке Бадақшан есімді таза қанды ағылшын жылқысын бір азамат сыйға тарту етіпті.

 

«Қиын кезеңдерде жұртшылық Ташкентке ауған зар-заманның бір перзенті туралы іздеу мақала жазып, «Мырзашөл» деген журналыма жария­лап едім, ол адам кезінде «Филипп Моррис» Қазақстан – АҚШ біріккен темекі корпорациясының президенті болып зейнетке шыққан Тайыр  Медеушеевтің атасы екен. Шардара жақта атасының еккен алма бауы әлі тұр. Жергілікті халық арасында ағаштарын қыста отынға пайдаланып жүргендер бар. Соған күйінген бе, әлде көңілі көтерілгеннен бе, әлде менің нағашыларым Құлшығаш руынан болғаннан ба екен, Тайыр көкем  жиенім деп маған тұлпар сыйлады. Бұл жақсылыққа мен қатты толқыдым. Сасқанымнан: «Менің анам Сапаргүл Сүттібайқызы сіздің әпкеңіз ғой, сол кісінің әруағы үшін ризалықпен алайын», – дедім.

 

Қаскелеңде Тайыр тағамның үлкен фазендасы бар. Ол жерде дүние жүзіне белгілі тұлпарлардың неше түрлері – айғыр, биесі, құлыны бөлек жағдайда күтіліп-бағылуда. Соның ішінде менің Бадақшаным да жүр. Бағатын жерім жоқ болған соң әзірше сонда.

 

Бағымына шыдасам, сатпаймын. Бірақ қиындау соғып жатыр. Таза қанды ағылшын дөнені (суретте) «Тойота Ланд Крузер – 200»  көлігіне айырбасталады. Болмаса, Шымкент, Жетісайдағы үйге немесе әжептәуір жер теліміне ауыстырмақ та ойым бар.

 

Бадақшанның жасы қазір дөнен. Қаскелеңде, қорада. Жетістігі аз, әлі бәйгеге қосылмаған. Таза қанды ағылшын жылқысы тұқымынан. Шешесі – Алмаз, Еуропада өткен Берби жарысында жүлде ұтқан. Әкесі – Хайт, атасы – Раут, бабасы – Офисбуд, АҚШ-та жүлде ұтқан.

 

Егер шыдап бағып, айғыр болғанша өсіріп, асылтұқымды биеге қоятын болса, еркек құлынының қазіргі бағасы 10 мың доллар тұрады», – дейді бұл туралы Мылтықбай Ерімбетов.

 

Алматыда «Ақсайда» тұрып жатыр

 

Ақын Мылтықбай Ерімбетов бүгінде Алматының «Ақсай» шағын ауданында тұрып жатыр екен.

 

«Мен ешқайда көшкен жоқпын, Алматыда, 1989-жылы алған пәтерімде, «Ақсайда» тұрып жатырмын, – дейді ол кісі. – Ұл-қыздарым Астанада, немерелер өсуде.  Балаларымның бәрі жоғары білімді,  қызыл дипломды, қызметтерін сатып алған жоқпыз, біліммен өсіп келе жатыр. Мейірімді, қазақшасы өте жақсы. Астанада, еншілерін бергенмін, үйлі-баранды. Немерелер де түрлі өнер шығарып, өсіп келеді».

 

Атқарылған шаруа аз емес, арман да көп

 

Мәкең сәтін салып тұрған соң оқырман қауыммен сыр бөлісуге де біраз уақытын бөліпті. Ол кісі былай дейді:

 

«16 жасымда ҚазМУ-дің журналис­тика факультетіне түскенмін. Бірінші курсқа түскен бір жарым айдан соң күнделік жазуды бастадым. Қазір сол дәптерлерімнен Бауыржан атамды, Нұрғиса көкемді, Шәмші көкемді, Қасым Қайсеновті, Қуандық Шаңғытбаевты, қатарластарымның балаң күндері мен алғашқы туындылары туралы пікір­лерімді оқысам, адал жүректеріміздің қаяусыз лүпілдеріне өзім таңқаламын. Ысырайыл көкем, Нармахан көкем, Дүйсенхан Нақып, Танабай Нарманов, Әмзенің Сарыағаштағы кезі, Әбілда Аймақтың құрылыстағы кезі, Тұрсынай Оразбаеваның әндетіп жүрген кезі, басқа да көптеген адамдардың алуан түрлі өмірдің бастауындағы саф таза кездері сол күйі мөлдіреп тұр. Демеуші табылып, жарыққа шықса, жиырма том болар еді.

 

Мен «Никарагуа найзағайы», «Хаттар, хаттар», «КазГУ қалашығы», «Есіме неге түстің?» сияқты өлеңдеріммен ел есінде қалып, Қуандық Шаңғытбаев, Шона Смаханұлы, Зейнолла Қабдолов, Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Асқар Егеубаев және басқалардан мақтау сөз естіп жүргенде азаматтықтың ақындықтан жоғары тұратынын бір түнде түсініп, өзгердім.  Нәтижеде Өзбекстанға кеткен 5 миллион 200 мың гектар жер мен зар илеген 1 миллион 200 мың халық оралман болып, өз жылы орындарынан амалсыз көшкенде «Осы жұрт Мырзашөлді біле ме екен?» деп қазақтың зарына бір ұлы болып үн қостым. Өлеңдерім де ұлтжанды бола бастады. Оңтүстік өңіріндегі архивтерді ақтардым. Қариялардың ауызекі әңгімесін теріп, жинадым. Молда Мұса Жұманазарұлының, Қайыпназар Әйтпе­новтің, Кенжеқожа ақынның, Құтбай Дүрқожаұлының, Шәді төре Жәңгіровтің арабша қолжазбаларын тауып, Мекемтас Мырзахметов көкем бас болып шығарған «Оңтүстік қазыналары» көптомдығының бірнешеуіне қамтылдым. «Мырзашөл» бір томдық өлеңдер жинағын 3000 тиражбен, «Қоңырат шежіресі және оған қатыс­ты әңгімелер» атты кітабымды 50 мың тиражбен, «Көкпаршылар» атты кітабымды 10 мың тиражбен, «Аманат» атты этнографиялық кітабымды 30 мың тиражбен шығарып, көңілді бір демдеп  жүргенімде Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атандым. Жасым 60-қа толғанда Мақта­арал ауданының  Құрметті азаматы атандым. Ал биыл «Қазақстанның Құрметті журна­лисі» атағына ие болдым.

 

Бүгінде компьютер әжетіме жарап тұр. Түрлі авторлардың 460-тан астам кітаптарын басып шығардым. Өзімнің үш томдығымды шығарамын деген мақсат бар. Бірінші том «Таңдамалы өлеңдер», екінші томым «Балаларға арналған өлеңдер», үшінші том «Этнографиялық әңгімелер және естеліктер» болатын сыңайлы. Алла жәрдем берсе, әкім достарым ауысып кетпесе, келесі жылы 63 жасымның тойына орай түрлі кітаптарымды көріп қаласыздар-ау.

 

Бағана сөздің басында азаматтық туралы айтып едім ғой. Кеткен жер туралы ойларым терме, ән болып шықты. Олар аудиодискі болып Шымкентте басылып таратылуда.  Ән­де­рімді қытай, қырғыз, қазақ  ұрлап, өз аттарынан шығарып та жүр, өзім жауда қалып кеткен баламды көргендей әр жерден естіп қалып қуанамын.

 

Меніңше, қаламгердің өмірі дегеніміз – бітпеген кітаптың жыртық парақтары сияқты ғана. «Жақсы кітабым – әлі жазбаған кітабым» деп үміт құшағында жүреміз. Жерде қалмас, жас журналистерге, ізденгіш жастарға түрткі болар ой ұшқындарым қажетке жарар деп үміттенемін. Бір сырымды айтайын.

 

1864-жылдан бастап орыс әскері Әулиеата, Шымкент, Ташкентті басып алғаны, ары қарай Қоқанға жорық жасағаны тарихтан белгілі. Сонда Ресей патшалығы Ташкент губернаторлығына Кауфманды бекітті. Ғылым­ға икемді кісі екен. Сырдария, Ташкент губерниялары қазақтарының тұрмыс-тіршілігі туралы этнографиялық мәлі­меттер жинатқан. Сол тігін­ділер мен 15 томға жетерлік «Аристократическая каста рода Конырат» деген папкалар Кауфман қайтыс болған соң Ташкенттегі архивте қала берген. Қазір өзбектер көрсет­пейді, не ақшаға сатып аласың. Қазақстан әзірге керек етпей тұр. Ташкент кітапханасына керек емес архивті өзбектер шығарып, өртеп тастамақ. Мен соның көшір­мелерін сатып алып жатырмын.

 

Бір қызығы, онда Ризенкамфтың Мырзашөл даласын суландыру және Шардара ойпатына су әкелу туралы жазбалары бар. Ол қазір Петербург­те, Ризенкамфтың отбасылық архи­вінде. Хат жазып едім, жауап келмей жатыр.

 

Мен Мырзашөл аудандық «Достық» газетінде істеп жүргенде Өзбекстандағы түбі қазақ көп молдалардан, жай мұсылмандардан арабша қолжазбалар жинадым. Кейбірінен Майлықожа, Шәді төре өлеңдерін тауып алдым. Әркімнен алған соның біразы қазір менің үйімде. Араб әрпінен тасбақа аяңмен оқып, көшіріп жатырмын.

 

Құрметті дос! Осы сырларды ұсынушының туындыларын Шымкенттегі «Отырар» кітапханасынан тауып, оқып шығарсыз, бәлкім бірер пікір айтарсыз деп үміттенемін. Сізге осы сырларымның бір үзігін «Замана» газеті арқылы ұсынған болдым».

 

...Ақын өзінің қазіргі тыныс-тіршілігі төңірегінде қойған сұрақтарымызға жауап бере отырып, сөзін оқырмандармен сырласуға ұластырыпты. Мә­кеңнің айтқандарын біршама ықшамдауымызға тура келді. Дегенмен бұдан әңгіменің мазмұны жойылған жоқ. Ең бастысы – жұртшылыққа жерлесіміз, ақын Мылтықбай Ерімбетовтің қазіргі тыныс-тіршілігінен аз да болса мағлұмат бере алдық деп ойлаймыз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

Мылтықбай Ерімбетовтің байланыс

телефоны: 8-701-306-33-01.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ