Шибөрінің көзін құртуға бола ма, болмай ма?

04.08.2018
Қаралды: 191

Кешегі сейсенбіде редакциямызға Сейіт есімді оқырман хабарласты. Ол өзін толғандырған бір мәселені тиісті орындардың құлағына жеткізуді өтінді. Яғни бұл жөнінде газетімізде жазылса, олар естіп-біліп, бір амалын қарастырар деген ниетте екен.

 

«Мен Төлеби ауданындағы «Жаңа ұйым» деп аталатын ауылда туып-өскенмін. Қазір қалалық болғаныммен ауылға жиі барып тұрамын. Өткен аптада да ауылға барған едім, бір жағдай маған терең ой салды.

 

Кейінгі бірер жылда біздің ауыл төңірегінде шибөрілер пайда болған екен. Кейде біреудің тауығын, қозыларын жеп кетіп жататыны бар. Мұндай жайлар туралы ауылға барған сайын естимін.

 

Өздерінің «хабарласатын» уақыты ма, білмедім, шибөрілердің кешке қарай жабыла, бірінің үніне бірі ұласа ұлитын әдеттері бар екен. Ал оған ауыл адамдарының құлағы үйреніп кеткен сияқты, селт етпейді, «Шибөрі ғой», – деп қойып алаңсыз отыра береді. Ал сырттан барған адамға шибөрі даусының аса жайсыз естілері анық, өз басым мұндайда арқам шымырлап, денем мұздап кетеді.

 

Мені таңдандыратыны – ауыл адамдарының бұған еті үйреніп кеткені, құлағын шулатпақ түгілі шаруашылығына зиян келтіріп жатса да «бастан құлақ садаға» деген сияқты әрекетсіздігі. «Оларды неге жоймайсыздар?» – десем, «анау жоқ», «мынау жоқ» деген сылтаулар естимін. Ең басты сылтау – шибөріні ататын мылтық жоқ. Қару ұстау үшін арнайы рұқсатың болуы керек. Жалпы, мылтығы бар адамның өзі де шибөрі аулауға қызыға қоймайтын шығар. Уақыты кетеді, шығынданады, шибөріні құртқаны үшін оған алғыс айтылар, бірақ ақша төленбейді. Ал құр алғысқа қазір кім жұмыс істейді?

 

Біздің ауылда осындай жағдай орын алуда. Бірақ «ойбайлап» дабыл көтеріп жатқан ешкімді көрмедім. Шибөрілер қарап жата ма, оларға да ішіп-жем керек, ұрпақ жалғастыру керек. Олар қазір осындай әрекеттерін еркін жүргізіп жатыр. Адамдардың ісі болса анау.

 

Бетін аулақ қылсын дейік, егер де осы шибөрілердің арасында жаман бір жұқпалы ауру таралса, бірлі-жарымы құтырса не болады?

 

Шымкентке, үйге келгесін де мені осындай ойлар мазалаумен болды. Сосын сіздерге хабарласуды шештім. Газеттеріңізге жазыңыздаршы, тиісті мекеме адамдары оқып, ойланар ма екен, қажетті шара қарастырар ма екен? Әлде шибөріден келер қауіп жоқ деп санала ма? Менің осыны білгім келеді».

 

Оқырманымыз осылай дейді. Біз оны толғандырған жай тиісті мекеме басшыларын да ойландырар деген үміттеміз.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ