Ысырапқа тыйым салынуы керек

04.08.2018
Қаралды: 107

Редакциямызға Әсем есімді оқырман хабарлас­ты. Ол кісіге газетіміздің өткен нөміріндегі «Аста-төк той жасауға тыйым салмақ» деген тақырыппен жарияланған мақала ой салыпты.

 

«Мен «Замананың» бірнеше жылдардан бергі тұрақты оқырманымын, – дейді ол кісі. – Газеттеріңіздің бірінші бетінен соңғы бетіне дейін бір деммен оқып шығамын. Осындай газет шығарып отырған сіздерге деген алғысым көп.

 

Мына нөмірлеріңіздің бірінші бетіндегі мақала маған көп ой салды. Жалпы, бұл жөнінде бұрыннан да ойлап жүрген едім. Ақыры тыйым салатын болыпты ғой деп іштей қуанып қалғанмын. Сөйтсем, сіздер Тәжікстан мен Өзбекстандағы жағдайды жазыпсыздар. Ал шындығында бізде де бұл мәселе жоқ емес қой.  Аста-төк той жасайтындар, астамшылықпен ысырапқа баратындар көп. Бір-бірімен жарысып, ойына келгенді істеп жүргендер бар. Солардың көбі ақшаны өз маңдай терімен таппағандар-ау деп ойлаймын кейде.

 

Бүгінде біреулер барын көрсету үшін тыраштанса, енді біреулер одан қалмас үшін тыраштанып әлек. Қазір екінің бірінен сұрасаң, банкке қарызы барын айтады. Сол қарыздың көбін жұрт осындай той жасау үшін алады-ау негізі. Кімнің де болса баласын қатардан қалдырғысы келмейді ғой.

 

Бізде де тым шектен шық­қан тойларға тыйым салу керек. Өз басым тойдың қарапайым халықтың жағда­йын қиындататындай мақтан үшін жарысқа айналып кет­пеуін қалаймын».

 

...Редакциямызға хабарлас­қан оқырман осылай дейді. Яғни ол кісі бізде де жөнсіз ысырапқа себеп болатын тойлар жасауға тыйым салу керек деген пікірде. Ел ішінде мұны қостайтындар да, сондай-ақ оған қарама-қарсы пікір білді­ретіндер де болуы мүмкін. Сондықтан бұл тұрғыда қандай да бір ой айтамын деушілер шығып жатса, біз оған да газет бетінен орын беруге дайынбыз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ