Бізде ұрлық мемлекеттік деңгейде өршіп барады

04.08.2018
Қаралды: 93

Анадолы түріктері туризм бизнесінде көп алға шығып кеткен. Ал бізде бұл сала ақсап тұр. Оған себеп болатын көптеген факторлар бар шығар. Бірақ бар гәп біздің қазақтың қызметті адал ниетпен, шын беріліп атқармайтын нем­құрайдылығынан ба деген ой келеді.

 

Қызмет көрсету саласына келгенде біздің қазақтар да қазір біршама төселген. Дегенмен жетпейтіні – адалдық. Неге? 

 

Айталық, түріктер өздеріне келген туристер үшін жан аямай құлшына адал еңбек етеді. Ештеңеге қабақ шытпайды.  Демалыс орындарында тұтынушыларға арналған ас-суын емін-еркін алып пайдалануларына жағдай жасап қойған. Шектеу жоқ. Орыстар үшін спирттік ішімдік те ит басына төгіліп жатыр. Тамақтың неше атасын көз алдыңда дайындап, ыстық күйінде ұсына қояды. Ас үстелі мен айналасын лезде тазартып, жайнатып тастайды. Барлық істі ерекше ықыласпен, шынайы махаббатпен жасайтындай көрінеді. Осылайша қарапайым тұрмыстық мәдениетті жетік меңгергендігімен олар мол пайдаға кенеліп жатыр. 

 

Ал бізде ше? 

 

Бүгінгі күні біздегі қызмет көрсету бизнесінің басты көзі – той-томалақ, ас беру кезінде мейрамхана, дәмханаларда қызады. Әрине, қала үлкен, тұтынушы көп. Бұл да тиімді әрі пайдалы бизнес. Бірақ сол мейрамханадағылар ақысын төлеп тұрған клиентіне адал қызмет көрсетпейді ғой. Көзін ала бере әкелген етін, тағам бұйымдарын ұрлайды, жымқырады, кемітіп, өзіне тығып алып қалады. Әрбір даяшының соңына бір-бір қарауылдан қоя алмайсың ғой. Осындай ке­леңсіздік барлық салада кең етек жайған. Ас-су бау­кеспелігінен басталған мұндай тонаушылық қыруар қаржы ұрлығына дейін ұласып, мем­лекеттік деңгейде өршіп бара жатыр. 

 

«Ұрлық түбі – қорлық» деп қазақ бекер айтпаған. Қызметке деген адалдық болмаған жерде жеке адам да, ел де байымайды, жарымайды. Бизнестің қай түрі болсын, адалдықты пір тұтқан жанға ғана жұғымды болады.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ