Жақсы бала өсіргендері үшін ризамын

03.08.2018
Қаралды: 180

Пайғамбар жасына келгенде  басымнан бір жағдай өткен еді. Сол кезде көмегі тиген бір азаматтарға газет бетінде алғыс айтқым келді.

 

...Сол күні көлігімізбен Шымкент бағытындағы күре жолда келе жатқанбыз. Жанымда әйелім бар. Сыр өзенінен өтетін, жұрт «Жаңа көпір» деп атайтын көпірден өткен соң аса биік емес төбеде, жолдың оң жағында «Алтын балық» деген және басқа да шөл басатын орындар бар. Осы төңіректегі табиғат көрінісіне сүйсіне көз тастап келе жаттық.

 

Жолға жақын «Оразгелді ата мазары» деген қорым бар, сол тұсқа жақындай бергенде алдымыздан кесе-көлденең бір тай шыға келді. Оқиға кенеттен болғандықтан сасып қалдым, тежегішті баса-маса рульді сол жаққа бұрып үлгердім. Көлігім жолдың сол жағына шығып, Жетісай бағытына қарай бұрылып, көтеріліп барып қайта тіктелді де, дөңгелегі жерге тиді. Көлігімнің жолаушы отыратын жағындағы алдыңғы және артқы дөңгелектері  жарамсыз болып қалды.

 

Ауылдан ерте шыққанбыз, біз бұл тұсқа жеткенде күн көтеріліп қалып еді, бірақ ары-бері өткінші жолаушылар жоқ екен. Артымыздан келе жатқан «джиптен» түсе сала үш-төрт жігіт жүгіріп жетіп, хал-жайымызды сұрады. Аман-есен екенімізді көргесін Шымкентке асығып бара жатқандарын айтып, көмекке адам шақыруға кеңес беріп, кетіп қалды. Біреуінің інілерімнің бірінің атын атап: «Сол кісінің ағасы емес пе?» – дегенін құлағым шалып қалды.

 

Содан ойда-жоқта болған жайдан қорқып қалғаным бар, кімге хабарласарымды білмей, дел-сал болып біраз отырдым. Бір кезде мырс етіп күлдім. Әйелім бұған түсінбей, маған шошына қарады. «Жаңағы «джип» мінген балалар біздің әулетті таниды екен. Кімге айтамын?» – деп ызалана күлдім. Балаларым Алматыда жұмыста еді. Сол аяғымның сал болып қалғанына бір жылдан асты. «Сол кезде хабар алмаған інілерден не үміт, не қайыр?» – деп айтып болғанымша жанымыз­ға бір жеңіл көлік келіп тоқтады.

 

Бұл келгендер өзімізбен көрші тұратын Нұрмахан Бәкірұлы мен оның келіншегі Әлия болып шықты. «Ата, амансыздар ма?» – деп жағдай сұрап жатыр. Нұрмаханның келіншегін Шымкентке оқуға апара жатқан беті екен. Өтіп бара жатып көріп қалып, бізге бұрылып келіпті. Амандық-саулық сұрасып болған соң Нұрмахан менің көлігімді айналып көрді. Сосын жарамай қалған екі дөңгелекті Қызыләскер ауылына апарып жөндетіп әкелді.

 

Мұндай сауапты іс көргенді, иманды жанның ғана қолынан келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, жақсы көршінің балаларының жақсылығын айту – менің адамдық парызым. Бұл – Бәкір Тәліпұлы мен оның жары Ақмарал екеуінің ұлдарына берген тәрбиесінің жемісі. Тәрбие бесік жырымен, ана сүтімен дариды.

 

Исламда сыртқы тазалыққа ғана емес, ішкі рухани тазалыққа да үлкен мән беріледі. Өйткені сыртқы тазалық пен ішкі тазалық үйлескенде ғана адам жақсылыққа, сауап істерге бейім, ниеті түзу, әдепті, адамгершілігі мол болады. Құдай қосқан көршім Бәкір Тәліпұлы  балаларына осындай тәрбие беріпті. Соған разы болдым. Оларды мен ұл-қыз өсіріп, берген тәрбиесінің жемісін көріп отырған бақытты отбасы дер едім.

 

«Балаң жетесіз болса ата-ананы жерге қаратады, балаң жетелі болса елге қаратады» деген, ұлының жақсылығының арқасында  жүзі жарқын болып, мерейі өскен Бәкір көршіме мың алғыс айтар едім.

 

Бәкір мен Ақмаралдың еңбектері зая кетпепті, балалары көргенді, тәрбиелі болып өсіпті. Сол үшін оларға көп-көп рахмет!

 

Анарбай қажы ШҮКІРБАЙҰЛЫ.

Мақтаарал ауданы.

Анарбай қажы Шүкірбайұлының байланыс

телефоны: 8-778-996-84-20.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ