Ескі вагоннан жылжымалы үй құрастырды

05.08.2018
Қаралды: 1204

Бәйдібек ауданындағы Шаян ауылының тұрғындары Құрманғазы Жұматаев пен Қуаныш Сиязбек жылжымалы үй құрастырып шығарды. Ескі вагонды заманауи үйге айналдыру туралы идея аудандағы белгілі кәсіпкер Пәзен Шардарбековке келіп, ол өз ойын жүзеге асыру үшін шеберлер іздеген екен. Оның таңдауы он саусағынан өнері тамған Құрманғазы шеберге түсіпті.

 

«Егістік басындағы жұмысшыларға жағдай жасау мақсатында ескі вагонды жылжымалы үйге айналдыру туралы тапсырыс түскенде аздап сасқалақтап едім. Өйткені қыш құйып, қабырға көтеріп, үй соғып үйренген біздерге темір қабырғалы вагоннан баспана құрастыру тосындау көрінді. Сонда да бұл іске белсене кірістім. Алдымен қасыма қолының ебі бар көмекші іздедім. Жас болса да ауылда еурожөндеу жасап жүрген Сиязбекті шақырып алдым. Екеулеп бөлме­лердің сызбасын келтіріп, қажетті құрал-жабдықтардың тізімін жасадық. Сөйтіп идея авторы Пәзенге тізімді ұстаттық.

 

Бір ай уақыттың ішінде жылжымалы үй дайын болды. Ұзындығы  – 10 метр, ені – 3 метр.  Кіре берісі – 1 метрді, ас бөлменің аумағы 2 метрді құрайды. Ал жатын бөлмесі айтарлықтай кең. Оның аумағы 5 метрден асады», – дейді шебер.

 

Жалпы, бұл үйде тұратын адам қыстың қамын уайымдамаса да болғандай екен. Өйткені үйдің барлық бөлмесіндегі еден арнайы «каменный пешпен» жылытылады. Газ баллонына жалғанса болды, от жағып керегі жоқ. Баспана қабырғалары «пенопластпен» қапталып, жарық жүргізіліпті.

 

Кәсіпкер П.Шардарбековтың айтуынша, алдағы күндері электр қуатын күн сәулесінен тартатын құрылғы, кондиционер қойылатын көрінеді. Сонымен жап-жаңа үй егістік басындағы шаруаларға жол тартады екен.

 

Жылжымалы үйге кеткен шығын көлемі 1 миллион теңгеден асады. Ал шеберлерге риза болған кәсіпкер оларға 300 мың теңге төлепті.

 

Ауылдағы ағайын егін шаруашылығымен көп айналысады. Ал жер жыртып, егін егетін жұмысшылардың еңбегі қиын-ақ. Бұрын ашық далада күнге қақталып, көлеңке жағалап жүретін шаруалар енді осындай үйде тұратын болса, тамаша емес пе?

 

 Д. МЕДЕУОВА.

Құрманғазы Жұматаевтың байланыс

телефоны: 8-771-876-13-62.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ