Үш қабатты жаңа мектеп салынды

31.07.2018
Қаралды: 293

Шымкенттің «Бозарық» шағын ауданында осыдан үш-төрт жыл бұрын пайдалануға берілген типтік үлгідегі жаңа мектепке бала сыймаған соң тағы бір мектеп үйін жалға алып, 900-ден аса баланы бөліп оқытып еді. Екі мектептің арасы төрт-бес шақырымдай болатын. Мұғалімдер мен оқушылардың мектеп аралығында қатынап жүруі аса қиындық туғызатын. Енді үлкен трассаның бойынан 900 балаға лайықталған үш қабатты жаңа мектеп салынып бітті. Бізге осы мектептің директоры Жанна Құлбекова ханымға жолығудың сәті түсті.

 

«Біз қала және Қаратау ауданы әкімдіктеріне және қалалық білім бас­қармасына дән ризамыз, – дейді ол. – Олар қыруар істің бітуіне ұйыт­қы болды. Ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Мектептің айналасын көгалдандыру-безен­діру жұмыстары да көңіл қуантады. Спорт алаңын салып беретін инвестор да табылып тұр екен.

 

Құрылысты бастан-аяқ жүргізген «Тур-Ахмет» компаниясы (директоры Дәуренбек Ахметов), учаске басшысы – Ерғали Құлжанов. Бұл кісілер енді тек нысанды қабылдау комиссиясын күтіп отыр.

 

Мектепте сынып бөлмелері жеткілікті, қажеттіліктер толық жасақталған. 4 компьютер сыныбы, психолог, медициналық, лингафонды және мұғалімдер бөлмелері, 2 интерактивті тақта, шеберхана, спорт залы, кітапхана, асхана және тағы басқалары оқу жылына дайын. Барлық бөлмелерге жылу жүйесі жүргізілген, табиғи газбен жылытылатын болады.

 

Айналасына асфальт төселді. 16 көлікке арналған автотұрақ жасалынып, шамдар да қойылды. Тағы бір қуантарлығы, мектептің екінші және үшінші қабатына шығу үшін «лифт» қойылуда. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалған жағдай».

 

Жанна ханым осылай дейді. Айтуынша, жаңа мектепке жаңа басшы тағайындалады екен. 1-қыркүйекте мектептің ашылу салтанаты өтеді. Содан кейін ғана конкурс арқылы мектеп директоры анықталмақ.

 

Б. ӘБДУӘЛІҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ