Ресейге тағы да санкция салынды

01.08.2018
Қаралды: 294

АҚШ Ресейге қарсы кезекті санк­ция салды. Бұл бойынша Ресейге шұғыл гуманитарлық көмектен бас­қа азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу және кез-келген несие мен несиеге ке­пілдік беруді тоқтату шешілді. Сондай-ақ Ресейге қару-жарақ пен қор­ғаныс мақсатындағы өзге де та­уарларды жеткізу тоқтатылатын болды.

 

Жалпы, АҚШ-тың мақсаты Ресейді біржола тізе бүктіру сияқты. Оған қарсы санкциялар 2014-жылғы Украинада болған оқиғалардан бері жалғасуда. Батыс елдері Қырым түбегінің Ресейге қосылуын мойындамайды, Ресейді агрессор деп таниды. Сондай-ақ оны Украинаның шығысындағы сепаратистерге көмек беріп отыр деп  те кінәлайды. Осыған байланысты Ресейге бұған дейін де бірнеше мәрте санкциялар салынған болатын.

 

Ал бұл жолғы санкцияға АҚШ биылғы көктемде Ұлыбританияда болған оқиғаны алға тартып отыр. Яғни бұрын Ресейдің Бас барлау басқармасында істеп, кейін Ұлыбританияға қызмет етіп кеткен барлаушы – Сергей Скрипальге қастандық жасалған болатын, соған Ресейді кінәлайды. (Ол кеңестік кезеңде шығарылған «Новичок» деп аталатын химиялық газдан уланған еді. Ресейдің бұған қатысымыз жоқ деп мәлімдеп, АҚШ пен Ұлыбританияның өзіне күдік келтіргені белгілі).

 

АҚШ-тың қалауынша, егер Ресей алдағы уақытта химиялық және биологиялық қаруды қолданбауға кепілдік бермесе (кепілдік береміз десе, Ресей ондай қаруды қолданғанын мойындаған болып шығады), онда қараша айына қарай санкциялардың екінші бөлігі іске қосылмақ. Ол бойынша Ресейдің «Аэрофлот» компаниясы ұшақтарының АҚШ-қа ұшуына тыйым салынады, екіжақты сауда көлемі азайтыла түседі, заңды тұлғаларға несие бөлу тоқтатылады, экспортқа, импорт­қа және Ресейдің халықаралық сауда-экономикалық байланыстар бойынша есептесу бағытындағы істеріне шектеу­лер жасалады.

 

Бүгінде Ресейге бұл санкциялардың алғашқы әсері сезіліп те жатыр. Дегенмен ол да өз кезегінде санкцияға қарсы «мықты қару» қолданатынын айтып, доқ көрсетуде. Дегенмен бүгінде Ресей тарапынан АҚШ тым қатты кете қоймас, сабырға келер, келісерміз дегендей емеурін басымырақ білініп тұр.

 

Ал санкция салынған күннен бастап рубльдің құны тағы да құлдырай түсті. Мұның Ресеймен  сауда-экономикалық қатынастағы үшінші елдерге де өзіндік салқыны тиері айдан анық.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ