8 депутаттың сайлаушылары қайда, өздері қайда?

05.08.2018
Қаралды: 206

Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс 29-сессиясы болып өтті. Онда бірқатар мәселелер қаралды. Соның бірі – 6-шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына Шымкент қаласынан сайланған 6 депутаттың өкілеттілігін тоқтату мәселесі. Сессияда бұған қатысты арнайы шешім қабылданды.

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына Шымкент қаласынан сайланған депутаттардың жалпы саны – 14 адам. Биыл Шымкентке республикалық маңыздағы қала дәрежесі беріліп, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгені мәлім. Осыған орай енді облыстық мәслихатқа Шымкенттен сайланған депутаттардың жайы не болады екен деген сұрақ туындаған еді. Ал бұл мәселе бойынша шешім жасауды облыстық сайлау комиссиясы мен мәслихат депутаттардың өз еркіне қалдырыпты. Себебі еліміздің заңдарында мұндай жағдайда, яғни облыс орталығы дәрежесіндегі қала республикалық маңызға ие болып, әкімшілік орталық басқа қалаға көшірілгенде облыстық мәслихат депутаттарына қатысты қандай өзгеріс орын алуы тиістігі көрсетілмеген екен.

 

Таяуда кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына Шымкент қаласынан сайланған 6 депутат облыстық сайлау комиссиясына өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде өтініш түсіріпті. Кешегі сессия­да осы өтініштер қанағаттандырылды, бұған қатысты арнайы шешім шығарылды.

 

Өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде өтініш білдірген депутаттар мына азаматтар: Жұмағали Білісбеков (№4 сайлау округінен), Қайрат Молдасейітов (№5), Қилыбек Тұрлыбек (№6),  Арман Берденов (№7), Бахарам Абдукаримов (№8), Рәшкүл Оспанәлиева (№9 сайлау округінен).

 

Ал кезінде облыстық мәслихатқа Шымкент қаласынан сайланған 14 депутаттың қалған 8-і өздерінің жұмысын ары қарай жалғастыра беруді ұйғарыпты. Ал сонда олардың сайлаушылары кім? Ол депутаттар қай сайлаушының мүддесін қорғайды?

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ