Ақтастың суы талайдың дертіне дауа болуда

31.07.2018
Қаралды: 307

Бірақ оған билік тарапынан мүлде көңіл бөлінбей отыр

 

 

Осыдан тура 30 жыл бұрын, сонау 1988-жылы денемде сыздауық қаптап мазалай берген соң өзіміздің Бәйдібек ауданы мен Созақ ауданының шекарасындағы «Ақтас әулие» бұлағы басына 4-5 күн түнеп, суын қабылдап едім. Сәтін салып,  сыздауықтан құлан-таза құтылғанмын.

 

Таяуда Ақтасқа тағы да жолым түсті. Орынбасар Қаматаев деген досыммен «Ақтас әулие» бұлағына бардық. Бір апта әулие суына шомылып, ем қабылдадық.

 

Өткен жылы менің екі көзіме ота жасалған болатын. Соның нәтижесінде машина руліне қайта отырдым. Кітап та оқи алатын болдым. Бірақ көзім жасаурай беретін. Ал жолдасымның дерті – қол-аяғының әр жерінде ақтаңдақтар болатын.

 

Ақтас қатты өзгеріпті. Алғаш көр­генімдей емес, мұнда ығы-жығы адам көп. Мектеп оқушыларының қарасы тіптен көп. Қаз-қатар салынған шағын коттедждер, асхана мен «беседкалар», әкімшілік ғимараты, автотұрақ, бұта арасына жайғасқан жеке отбасылардың тіккен шатырлары тұтас бір қалашық дерсің. Мұнда дәл қазір 200-ге тарта емделуші бар-ау дедік.

 

Біз алдымен осы жердің иесі Омархан Сералиев ақсақалға жолықтық. Ол бізді мұндағы жағдаймен таныстырды.

 

«Мен бұлақ аймағына 2004-жылдан бері иелік етемін. Меншігімдегі жердің көлемі 1000 гектардан асады. Келешегін ойлап, жалға емес, барлық жерді өз ақшама сатып алдым. Көпшіліктің жағдайын жасау үшін қыруар еңбек етіп жатырмын, жыл өткен сайын  емделушілердің саны да көбейіп келеді. Халықтың талап-тілегін орындау үшін әлі де біраз жұмыстар істеу керек.

 

Жалпы, не істеу керегін мен білемін. Әрине, оны орындау үшін қаржы керек. Ал мен мемлекет есебінен күні бүгінге дейін ешқандай қаржы алып көрмеппін. Билік өқілдері бұл судың емдік қасиеті жөнінде хабардар. Бірақ күні бүгінге дейін үнсіз отыр. Трассадан 18 шақырым жердегі «Ақтас әулие»  бұлағына емделушілер  қиналып жетеді. Өйткені жол нашар. Егер осы аралыққа үкімет тарапынан  жол салып берсе өте сауапты іс болар еді.

 

Қазір мені алаңдататыны – әулие бұлақ аймағының тазалығы. Көпшілік болған соң айналаға, суға қоқыс тастайды. Мен өз көлігіммен күн сайын қоқысты жинатып, арнайы орынға тастатамын. Әйтсе де тазалық ретке келді деп айта алмаймын.

 

Ертеңгі күні дәл осы жерден қауіпті жұқпалы ауру шықпасына кім кепіл? Онымен қоса медпункт жоқ. Мұнда  жасы келген қарт кісілер де, жас балалар да бар. Табан астында дәрігердің көмегін қажет ететін жағдайлар болады. Міне, осының бәрін көріп-білсе де жергілікті билік өкілдері көз жұмып қарап отыра бермек пе? Осындай халық игілігіне жасалынып жатқан пайдалы істерге қолдау жасаса болмас па еді? Көпшілікті күнделікті ас-ауқатпен қамтамасыз ету үшін жеке шаруа қожалығын жүргізіп, қажетті ет-сүт, нан, жеміс-жидек, өнімдерін өзіміз дайындаймыз. Осының бәрін іске асыру үшін науқан кезінде отызға тарта жұмысшы ұстаймын», – деп Омархан ақсақал біраз жағдайлардан хабардар етті.

 

Шындығында келем деушілерге жатар орын жетерлік екен. Үш мезгіл ыстық тамақ дайындап береді. Балалар ойнайтын алаң да бар. Жеке кәсіпкер Омархан ақсақалдың осыншама істі жүргізіп жатқанына  дән риза бодық.

 

Сосын біз бұлақ басына бардық. «Ата бұлақ», «Ана бұлақ» суына ерлер мен әйелдер кезектесіп түседі екен.  «Ата бұлақ» 600 метр жердегі тау беткейінде болса, «Ана бұлақ» төменде, орталыққа жақын. Емде­лушілердің басым бөлігі – тері ауруларымен ауырғандар.

 

Кешегі кеңестік дәуірде «Ақтас әулие» бұлағының суын үкімет біраз зерттеп көрген екен. Бұлақ суын Пятигорск ғылыми-зерттеу институтына жіберіп, нәтижесін біліпті. Бұлақ суында 30-дан астам химиялық элементтер бар көрінеді. Судың асқазан, ішек, бауыр, өт жолдарына, экзема, псориаз сияқты тері ауруларына емдік қасиеті жоғары деп бағалапты. Бірақ Одақтың тарап кетуіне байланысты бұл іс аяқсыз қалған көрінеді.

 

Ал халық өз беттерінше емделуді жалғастыра беріпті. Тек 2004-жылы осы елдің азаматы Омархан Сералиев қария бұлақ аймағындағы жерді сатып алып, халыққа қажетті жағдайларды өз қаржысымен жасапты.

 

Мұнда ем алу мерзімі мамыр – қазан айлары аралығында өтеді екен. Ал қалған уақытта емделушілер өз бетінше келіп ем қабылдай беретін көрінеді.

 

Біз бір апта бойы көппен бірге ем қабылдадық. Жиналған көптің айтар әңгімесі өз денсаулықтары жайлы болды. Біраз сырқаттарды сөзге тарттық. 

 

«Мен Келес ауданынан келдім, – дейді 64 жастағы Бағзат Жұмаділов. – Осыдан 30 жыл бұрын осы «Ақтас әулиенің» суын қабылдап, дертімнен айығып кетіп едім. Ауруым аллергияға ұқсайтын еді. Әуелі арқамнан басталған қышыма бөртпе жаралар келе-келе бүкіл денемді жайлады. Бір ерекшелігі – жарамның ауысып, әр жерден шығатыны болды. Апыр-ай, дуылдатып кеп қышығанда жанымды қоярға жер таппайтынмын. Дәрігерлер түрлі дәрілерді тағайындағанымен септігі тимеді. Бақытыма орай, сол жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне бір азамат «Ақтастағы қандай су?» тақырыбымен мақала жариялапты. Осы мақала маған жарнамадай көрініп, осы Ақтастың суына келіп, емделуіме себепкер болды. Мен бұлақ суына төрт жыл қатарынан келіп жүрдім. Ақыры Алла шипасын беріп, құлан-таза жазылып кетіп едім. Міне, 30 жылдан кейін ескі дертімнің белгілері аздап байқала бастаған соң осында келіп отырмын. Қазір өзімді жақсы сезінемін».

 

Ал 24 жастағы Жұмабек Ергенгелді деген азамат (байланыс телефоны: 8-771-670-62-32) Арыс қаласынан келіпті.

 

«Мен 14 жасымнан бері «витилиго» сырқатымен ауырдым. Алдымен белімнен басталған ақтаңдақ көп ұзамай бүкіл денемді жайлады. Жастықпен оншалық мән бермеппін. Бертін келе өз қатарларымның арасында өте ыңғайсызданып жүрдім. Содан бері тері аурулары емханасында ұзақ уақыт ем қабылдап жүрмін. Бірақ нәтиже берер емес. Дәрігерлер тек есепке алғаны болмаса, бұл дертке ешнәрсе істей алмады. Ақыры «Ақтас әулие» бұлағына екі жылдай келіп, ем қабылдадым. Ақыры сәтін салып, терім тазарды. Әйтсе де бұл ауру қайталануы мүмкін деген соң жыл сайын осында келіп ем қабылдаймын», – дейді ол.

 

Сарыағаштан келген Райгүл Жұмат (телефон нөмірі: 8-778-668-94-83) былай дейді:

 

«Менің 10 жастағы қызым Қарақат Сүннат үш-төрт жасынан склеродермиямен ауырды. Нақтырақ айтсақ, денесінің 50 пайызы семіп қалған. Терісі тура күйіп қалған сияқты. 7 ай химия қабылдады. Дәрігерлер оны мүгедектер тобына жатқызды. Енді 5 жылдай ғана өмірі қалды дегенді де айтып қалды.

 

Содан 2013 – 2014-жылдары «Ақтас әулие» бұлағына екі жылдай келіп емделді. Осыдан кейін дәрігерге көрінген кезде аурудың барысы тоқтағанын айтты.

 

Қысқасы, қызым бұл аурудан жазылды. Алайда дәрігерлер бұл қайталануы мүмкін деген соң жылына бір рет келіп жүрміз.

 

Тағы бір таңқаларлық жағдай бар. Екінші қызым Жанерке мен де барайын деп қоймаған соң оны да осында алып келіп едік. Оның сүйегі өте нәзік болатын. Дене мүшелері тез сынып, немесе шығып қала беретін. Дәрігерлер нақты диагноз қоймап еді. Осында келіп бұлақ суын қабылдағалы бері қызымның сүйегі нығайды, қатайды. Қазір өзін өте жақсы сезінеді. Қуанышымызда шек жоқ. Аллаға шүкір дейміз».

 

Отырар ауданындағы Шәмші ауылынан келген Роза Жүнісованың (телефоны: 8-705-173-39-87) жасы 67-де екен.

 

«Көп жылдан бері қан қысымынан зардап шегіп келемін, – дейді ол.  – Оның 210 – 220-ға көтерілуі қалыпты жағдай болды. Үнемі дәрі ішіп, уақытша төмендететінмін. Бұрын биікке шыға алмайтынмын, жүруім де қиындап кетіп еді. Осы жерге келіп, бұлақ суын қабылдадым. Бүгін, міне, бесінші күн болды,  қан қысымы қалыпқа келді. «Ата бұлақ» басына қиналмай шығатын болдым. Алла сәтін салса, әлі  бес-алты күндей қабылдасам, жақсы боп  кететін шығармын», – дейді ол кісі.

 

Біз жасы 35-тегі Гүлжанат Жүзжасаровамен де  (телефоны: 8-771-892-82-00) сөйлестік. Ол Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауылынан келіпті.

 

«Қызым Асылай Жүнісбайдың жасы – 11-де. Бұдан 3 жыл бұрын шашының арасына жара шығып, қозданып,  күн өткен сайын ұлғайып кетті. Дәрігерлер бар амалды жасап көрді. Бірақ еш нәтиже болмады. «Псориаз» деген ауру осы болса керек. Бұл оңайлықпен жазылатын ауру емес. Дәрігерлердің айтуынша, бұл ауру терінің уақтылы түлемеуінен болатын көрінеді. Ескірген тері айналасын бүлдіріп, ол жерлерге қышыма жара шығады. Қысқасы, зат алмасуының бұзылатынынан болады екен.

 

Ақыры осы жылы Ақтастың суына осымен екінші рет келіп отырмыз. Әулие бұлақтың суы шынында шипасын берді. Бүгінде қызымның жаралары төгіліп, терісі тазаланып келеді. Енді күн суытқанша тағы бір келсек, толық жазылып кетер деп отырмыз. Алла шипасын берсін», – деп қуанып отыр жас ана.

 

Мұндағы емделушілердің басым бөлігі псориазбен, витилигомен ауыратындығын байқадық.

 

Сонау Маңғыстаудан келген Нұршат Камалова да (телефоны: 8-747-457-69-91) 10 жасар қызы Айжамалдың 3 жылдай псориаздан зардап шегіп, осы Ақтастың суынан жарасы жазылып келе жатқанын айтты.

 

...Ал мен өзім сондағы «Көз бұлақтың» суымен бір апта көзімді жудым. Аллаға шү­кір, көз ал­дым ісініп тұрушы еді, ол қайтты. Жасаурағаны да саябырсыды. Суын үйге ала келіп, күнде кө­зімді ша­йып жүрмін.

 

Бегәлі ӘБДУӘЛІҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

Бегәлі Әбдуәліұлының байланыс

телефоны: 8-701-348-35-32.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ