Ширатбек атаның бажасы 80-ге толды

29.07.2018
Қаралды: 117

Газетіміздің 20 жылдан аса уақыттан бергі тұрақты оқырманы, жанашыры әрі тұрақты авторы, шымкенттік Ширатбек Оралбеков қарияны «Замананың» оқырмандары жақсы таниды деген ойдамыз. Бүгінде 83 жастағы Ширатбек ата әлі де ширақ. Газетімізде бұрын да талай мақалалары жарық көрген, қазір де жазып тұрады. Кешегі аптада ол кісі редакциямызға арнайы келді. Сайрам ауданының орталығы – Ақсукентте тұратын бажасы 80 жасқа толғалы отыр екен, соны ол кісінің өзі де сүйіп оқитын «Замана» газеті арқылы құттықтауға ниеттеніпті.

 

Өмірден көрген-түйгені көп азамат екен

 

Ақсукенттік Жолдасбек Ералиев Ширатбек атаның жан дегенде жалғыз бажасы екен. Яғни бұл кісілер бір үйдің Қарашаш және Зебер атты қыздарына үй­ленген. (Фамилиялары – Бекте­мірова. Қария балдызын Зеберше деп атайды екен). Ол кісілердің де жастары бүгінде 80-ді шамалап отыр.

 

«Әйелдеріміздің туып-өскен жері – қазіргі Бәйдібек ауданындағы Боралдай ауылы, – дейді Ширатбек қария. – Олар отбасында екі қыз өскен. Қайын атамызды көрмедік, ол кісіні жұрт он саусағынан өнері тамған қолөнер шебері, өте жақсы адам болған деп мақтайды. Балаларының жас кезінде Ақсукентке қоныс аударған екен, көп ұзамай қайтыс болыпты. Қыздарды анасы жетіл­дірген.

 

Менің Қызылордадағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін бітіріп келген кезім еді. Әкем бірде Қарашаштардың үйінде қонақта болыпты, сонда өте реңді, ұяң, ибалы қызды көріп, ұнатыпты. Қарашаш жас кезінде ажарлы қыз болатын, ол маған да бір көргеннен ұнады. Содан көп ұзамай үлкендер оған құда түсіп, мені үйлендірді. Қарашаш екеуміз содан бері өмірдің талай ыстық-суығынан бірге өттік, дүниеге 5 қыз, 2 ұл әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Құдайға шүкір, бүгінде олардан өрбіген немере-шөберелерге ата-әже болып жүрміз.

 

Ал Жолдасбек пен Зеберше 3 ұл, 2 қыз өсірген. Олардан немерелері бар. Бір баласы аудан әкімдігінде қызмет істейтін еді, соның төрт қыздан кейін туған ұлдары биыл мектепке барғалы жатыр. Ол әкесінің 80 жылдығы мен ұлының сүндет тойын бірге өткізбек. Соған бажама бір «сюрприз» жасайын дегенім ғой.

 

Бажам Жолдасбекпен қырық жылдай уақыттан бері жақын сыйласып, араласып келеміз. Ол – өмірден көрген-түйгені көп азамат. Сабырлы, өз ісіне адалдығымен абырой-беделге ие болған жан, көпшіл, ағайын-туыс, құда-жекжаттармен, көрші-қолаңмен жақсы араласады. Өзі жастайынан дін жолын ұстанған жан, бас қосқан жерде шариғатқа қатыс­ты ғибратты әңгімелерді көп айтады».

 

Балдызы кезінде кран жүргізіпті

 

Ширатбек қарияның бажасы ата-анадан ерте айырылып, қиындықты көп көріп өсіпті. Еңбекке жас­тай араласып, мал баққан, 20 жылдай тракторшы болған, «Ком­мунистік еңбектің екпіндісі» атанып, «Құрмет белгісі» орденін иеленіпті. Кейін «Манкентживмаш» зауытында жұмыс істеп, онда да абыройлы болған.

 

«Жолдасбек сөйтіп жүріп осындағы «Құрмет тақтасында» суреті тұрған, зауытта мұнаралы кран жүргізушісі болып істейтін балдызым Зебершеге көңілі ауып, таныс­қан. Балдызым да «Коммунистік еңбектің екпіндісі» атанған еді. Өзі реңді, мінезі көркем, пейілі кең Зебершені Жолдасбек те бір көргеннен ұнатқан екен. Көп ұзамай дәм-тұздары жарасып, екеуі шаңырақ көтерді.

 

Олар – «Замананың» бірнеше жылдардан бергі тұрақты оқырмандары. Сондықтан да оларды мерекелерімен осы газет бетінде құттықтауды жөн көрдім.

 

Жолдасбек бажамды 80 жасқа толған мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, Зеберше екеуіне барлық жақсылықтарды тілеймін. Бажамның жасы 100-ге жете берсін!» – дейді Ширатбек қария.

 

...Осы орайда Ширатбек қария­ның өмір жолы туралы қысқаша айта кетуді де жөн көріп отырмыз. Ол кісі де – жастық кезеңін босқа өткізбеген, еліміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан азаматтардың бірі. Еңбек жолын мектепте қатардағы мұғалімнен бастап, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болған, кейін басшылардың ұйғаруымен партиялық қызметке ауысып, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, партия кабинетінің меңгерушісі, шаруашылықта партия комитетінің хатшысы қызметтерін абыроймен атқар­ған. Кейін өз мамандығы бойынша жұмысқа ауысып, зейнеткерлікке мектеп директоры болып жүргенде шыққан.

 

Жалғыз бажасын аса құрметтеп, елге таныстырып жүрген Ширатбек ата, міне, осындай жан.

 

Р. ҚЫДЫР.

Ширатбек қарияның байланыс

телефоны: 8-707-217-61-11.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ