Біздің басшылар елдің ертеңін ойлай ма екен?

29.07.2018
Қаралды: 232

Шымкенттегі шаштараздардың біріне кірген едім. Құрбан айт қарсаңында шашымды жұқартқызбақпын. Шаш алғызуға келгендер баршылық екен, кезек күтіп біраз оты­руыма тура келді.

 

Шаштараз жігіт өзінің әріптесімен бірге қолы-қолына жұқпай жұмыс істеуде. Өздері өзбек ұлтынан, әңгімелері Өзбекстан туралы болып жатыр. «Экономикасы дамып келеді, көп нәрсені өзінен шығарады. Әу баста Каримов-әканың жоспары сондай болған екен, сыртқа сыр шашпай, елдің ертеңі үшін кәсіп­орындарды сақтап, жаңартайық, келешекте бәрі өзімізден шығатын болсын деген екен. Халық кезінде онша түсінбепті. Қазір жұрт түсініп жатыр. Келешекте Өзбекстан мықты мемлекет болады, алдыңғы қатарлы елдердің қатарына кіреді», – дейді біреуі.

 

Ойланып қалдым. Сөзінде жан бар сияқты. Бұл ел қанша қысылып-қымтырылса да сырын алдырмайтыны рас-ау. Біз «өйтіп жатырмыз», «бүйтіп жатырмыз» деп бөсіп жүргенде олар үндемей-ақ біраз жерге барып қалған сияқты ғой деп ойладым.

 

Содан автобуста келе жатқанда бір әңгіме естіп, көңілім одан бетер төмен тартып қалды. Бір әйел туы­сының біреуді көлікпен қағып кетіп, басы дауға қалғанын айтып келеді. «Қымбат көлікті баласына несиеге әперген еді, әлі өтемін төлеп те болған жоқ. Енді келіп зардап шеккен адамның ем-домына, полицияға «шашылып», әбігерге түсіп жүр», – дейді ол.

 

Ал біздің елде несиеге үй, көлік алып, той жасап, қаншама жандар шығынға шаш-етектен батып жатыр десеңізші! Сонда да қайтпайды, несиені еселеп ала береді. Өйткені «қатардан қалмау» керек. Банктер де «жақсы», несиеге қарық қылып жатыр.

 

Осы жайлар мені қатты ойландырды. Сол әсерден жұмысқа барғасын да арыла алмадым. Мемлекетті түзейтін мен емес қой, дегенмен осы біздің ел көп нәрсені дұрыс істемей жатқан сияқты көрініп, көңілім құлазып кетті. Осы ойыммен бөліс­кенде бір әріптесім: «Ой, сен енді «оянған» екенсің ғой! Біздің елде көп нәрсе бұрыннан дұрыс жасалмайды. Жеріміздің асты-үсті толған байлық, әлдеқашан бай мемлекет болуымыз керек еді. Бірақ бізде бәрі де керісінше істеледі. Айтатынымыздың бәрі шылғи өтірік болды. Осыдан мен де қатты қорқамын, ертеңгі күнді, болашағымызды қатты уайымдаймын. Балаларыма қолдарыңнан келсе, Австралияға көшіп кете салыңдар деп отырмын», – деп салды. Іші толып-ақ қалыпты.

 

Жағымсыз нәрселерді айта берсең таусылмайды екен. «Біздің елде бәрі де жаман емес қой», – деп әңгімені жағымды жаққа қарай бұруға тырыстым. Дегенмен көңілімді түсірген жайсыз ойлар сейілер емес.

 

Расында да біздің асты-үсті байлыққа толы ұлан-байтақ жеріміз бар. Бірақ халық саны аз, өсім де баяу. Кей-кейде кемдік көріп, тарығып жүргендерді көзің шалып, көңілің пәс тартады. Ал жаңағы айтқан Өзбекстанның өзінде тәуелсіздік жылдарында халық саны еселеп өсті. Жері шағын, пайдалы қазбалары аз болса да өнім өндіріп, сыртқа шығарып та жатыр.

 

Ал бізде жаппай тек тұтынушы көзқарас қалыптасып кеткен сияқты. Жұрттың көбі лажы болса тер төкпей байығысы-ақ келеді. Екі күннің бірінде парамен ұсталғандар туралы естиміз. «Тендерге кіріп, қарық болдым», – деп жүрген біреу. «Бірнеше банктен несием бар», – деп жайбарақат жүргендерді де жиі көретін болдық. Бас қосқан жерде жұрттың айтатын әңгімесі ақша, дүние-байлық болды. Бәрінің көздегені – қолынан келіп тұрғанда, сәті түсіп тұрғанда қарпып қалу. «Арты» жылтырап жүрсе де кейбіреулер қарны ашып, үйінде жейтін ештеңе қалмағанын білдірмеуге тырысады. Өйтпесе де болмайды ғой, өзгелер менсінбей, басынып кетеді.

 

Біз осы қандай ұлтқа айналып барамыз деп ойлаймын осындайды көргенде. Жік-жік болып, сан тарауға бөлініп бара жатқан сияқтымыз. Жылтыр, әдемі сөздерді айтуға әбден машықтанып алдық, ал ісіміз қайда әкетіп барады? Біз қашан шынында да рухани жаңғырамыз? Жалпы, біздің басшылар елдің ертеңін ойлай ма екен? Ойласа, бір терең әлеуметтік сараптама жүргізіп көруі керек-ау. Жұрттың әлеуметтік ахуалына зерттеу жүргізу керек.

 

Айналаңызға қараңызшы, адамдар қатты өзгеріп барады ғой. Әлде бұл маған ғана солай көрінеді ме екен?

 

Ө. ТОЙҒАНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ